Күнделігіме "құда" түсіп жүр...

Күнделігіме "құда" түсіп жүр...
жеке
блог

Күнделік...Күнделік - күнделікті өмірің дегенді оқыған едім, (авторын білмедім) соған толықтай да келісуге болады деп ойлаймын. Мен өзім қойын дәптерді әр бөлімге құрап қоятынмын. Мысалға, өзімнің өмірімді арнайы дәптерге арнап жазсам, ақындардың өлеңдерін, философиялық сөздіктерді, мақал-мәтел мен нақыл сөздерді басқа дәптерге жазып сақтайтынмын. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде жазған талай қойын дәптерім "отқа" кетті, біреулер оқып қояма деп тығып жасырып жазатын едім. Біреулер көрген бойда сол сәтте оны жыртып болмаса отқа тастайтынмын, жасыратындай да еш сыр жоқ соның ішінде..)) қазір сол күндерім естелікке айналды...

   Енді мына оқиғаны сіздерге баяндап берейін: Осы жылдың көктемінде Алматыдан қайтып келе жатқанымда купемізде екі жігітпен жолсерік болдық. Жанымда бөлем болды. Біздің бағыт- Қазалы қаласы болса, олар Ақтөбеге қарай бет алған екен. Содан жол бойы әңгіме-дүкен құрып, танысып-білісіп келе жатырмыз. Өзіммен бірге үнемі тастамай жүретін "асыл қазынамды" (ақындардың өлеңдері мен нақыл сөздіктеріме осылайша өзім ат құрап алғам) оқып отырғам, кенет әлгі ағамыз (небәрі төрт жас үлкен екен менен) сұрап алды. Қолыңа алып парақтап оқып отыр, арасында басын шайқап күліп қояды. Бәрін оқып бітіріп, маған қарады да: сен маған мынаны сатсаң қайтеді,- деді. Мен сасқанымнан не айтарымды білмей қалдым. Дәл қазір қанша сұрасаң да берейін, мынаны маған беріп кетші деп отырып алды. Ішімнен өзімше ойға қалдым, мына жігітке соншама не үшін қажет болды екен деп ойлап отырғанымда, ол өзінің осы Алматының бір театрында "режиссер" екенін айтып, және сол үшін қажет екенін айтты. Қойылымдарға, оқушыларға беруге жақсы дүниелер екен деген соң, беріп-ақ кеткім келді. Бірақ...

Қия алмадым. мен үшін бұлар жәй дүние емес, өміріме тікелей маңызы бар нәрсе еді. Содан біраз ақылдаса келе, мынандай шешімге тоқтадық: Олар екі күннен кейін осы пойызбенен Ақтөбеден Алматыға қайтатынын біліп алғанымнан кейін, мен оларға осы дәптердің "копиясын" жасап жолда беріп кетемін деп келістім. Ақшасын бермек болып отырғанда мен қарсы болдым. Сіздердің жұмыстарыңыздың қажетіне айналғанына шын жүректен қуанып қалдым, сол үшінде мен бұны ешқандайда ақшаға жасауға келіспейтінімді айттым. Олар әрине, маған сенбей ұзақ ойланды онысы да дұрыс қой енді, кім жолдағы жолшыбайға сенім артсын?!

Қойшы, әйтеуір әрең дегенде көндіріп телефон нөмерін беріп міндетті түрде хабарласатынын айтты. Пойызымыз, Қазалыға келіп  біз жолда түсіп қалдық. Үйге келіп ертеңгісіне өзіме артқан "аманатты" орындауға кірісіп кеттім. Уәделі күнде келіп, пойыз жолда келе жатқан режиссер ағайларға кездесіп аманатын  тапсырдым. Қуанғанынан алғысын жаудырып, Алматыға келіп жатсаң хабарлас деп қол алысып, қоштасып пойызыңа мініп кетті...

 

P.S: өмірімде бір адамға пайдамның тигені үшін, Аллама мың мадақ айтып өттім...