Туысқандық қарым-қатынас

Туысқандық қарым-қатынас
жеке
блог

Қазіргі таңда қоғамымызда дұрыс тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалған кей адамдардың арасындағы туысқандық қарым-қатынас үзіліп, тіпті өзара дауласып жатқан, бауыр еті бір ағайын-туысқандарды кезіктіреміз.

Ендеше, бүгінгі мақаламызда туысқандық қатынастың қаншалықты маңыздылығы мен киелілігіне, сонымен қатар, шайтанның және нәпсіміздің кесірінен бұл киелі байланысты үзудің жазасы осы өмірде берілетін ауыр күнә екендігіне тоқталуды жөн санадық.

Біле білсек, жақын-жуық, ағайын-туысқандармен жақсы қарым-қатынас пен көркем мәміледе болып, өзара байланысты нығайту – бізді Жаратушы Раббымызға жақындататын ең ұлы ғибадаттың бірі. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде тума-туысқандарымен жақсы қарым-қатынаста болған мүміндерді мадақтап: «Олар Алланың уәдесін орындағандар, әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғасты-руды әмір еткенін (туысқандық байла-нысты) жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер», – деп дәріптеген («Рағыд» сүресі, 20-21-аяттар).

Майқы би бабамыз айтқандай: «Ауыр жүкті бөлісу – ақ атанның парызы», – демекші, аса қамқор ерекше мейірімді Раббымыз да ағайын-туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қалталары жұқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол үшін беруді Құран Кәрімде бұйырып: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», – деп ескерткен («Нахыл» сүресі, 90-аят).