Тәуелсіз Қазақстанның мәдени саясатының даму барысы

Тәуелсіз Қазақстанның мәдени саясатының даму барысы
жеке
блог

Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Республикасы мемлекеттің сыртқы саяси бағдарын құру мәселесін алға қойды. Ол мына аспектілерді қамтыған болатын: әлемдік қауымдастықтың Қазақстан Республикасын халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде қабылдауы,мемлекеттің сыртқы саяси қызметінің негізгі принциптерін, оның сыртқы саяси құндылықтары мен басымдықтарын жобалау, халықаралық қатынас субъектілерімен халықаралық байланыстарды жолға қою және дамыту,халықаралық құқық принциптері мен нормаларын тану және игеру, халықаралық қатынастар мәдениеті: дипломатия мен дипломатиялық қызметті қалыптастыру. Жас тәуелсіз Қазақстан Республикасы үшін сыртқы саясаттағы негізгі мәселе мемлекеттер мен әлемдік қауымдастықтың оны дербес, тәуелсіз мемлекеттік құрылым ретінде тануын, оның территориялық тұтастығын, халықаралық істердегі құқықтық субъектілігін тануы болып табылды. Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің 10 жылы ішінде осы тұрғыда бірқатар табыстарға қол жеткізді.

1991-1992 жылдары Қазақстан Республикасының дипломатиясы өзінің қалыптасуының алғашқы кезеңін бастан өткізді. Елбасының тікелей араласуымен және қадағалауымен Сыртқы істер министрлігін қалыптастырудың құқықтық, әлеуметтік-саяси және ұйымдастыру кадр мәселелері оң шешімін тапты. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясына қатысып Азиядағы өзара ықпал және сенім шаралары жөніндегі Кеңес шақыру инициативасын ұсынып, ол БҰҰ-ның көптеген мүше мемлекеттері тарапынан қолдау тапты. Бұл ұйым кейін Қазақстанның бастамасымен Алматыда құрылды.Мемлекеттің мәдени саясат саласындағы басты міндеті мәдени өмірдің барлық субъектілерінің мүдделерін үйлестіру және жүзеге асыру болып табылады.                                                       

Бүгінгі таңда Қазақстан алыс-жақын шетелдермен мәдени байланыстарды орнату барысында,көптеген мәдени іс-шаралар мен мәдени саясат аясында құжаттарды дайындады. Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 4 қарашадағы “Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы” Жарлығы Қазақстанның мәдени саясатын дамытуға бағыттылған маңызды құжат. Бұл тұжырымдама аясында ұлттың мәдени кодын сақтау,халықаралық мәдени кеңістікке ықпалдасу, музейлер ғылым мен зерттеу қызметін дамытудың тірек орталықтары ретінде қалыптастыру, әдебиет, кітап шығару мен кітапхана ісі,бейнелеу өнері, дизайн және сәулет,театр, музыка, хореография, орындаушылық және цирк өнері,кино индустриясын қазіргі заманғы мәдени кеңістіктің аса маңызды кластері ретінде дамыту бекітілді.Мәдени саясат тұжырымдамасы экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің озық тәжірибесі ескеріле отырып әзірленді. Мәдениеттің рөлін ұғынуға деген заманауи көзқарас жаңа әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастыру қажеттілігін негіздейді, оның маңызды бағыттары бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы және мемлекеттің эволюциялық даму жолы болып табылады. Қазіргі жағдайларда мәдени саясаттың маңызды артықшылығы тұлғаның, бизнестің және тұтастай мемлекеттің маңызды жетістігінің аспектілері ретінде қоғамның шығармашылық белсенділікке және өз бәсекелестік артықшылығын арттыруға деген қарым-қатынасының өзгеруі болуға тиіс. Бұл, ең алдымен, Қазақстан Республикасының әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына жедел кіруіне ықпал ететін қазіргі заманғы, әлемдік стандарттарға негізделген мәдени инфрақұрылымды және саланы ұйымдастыру мен басқарудың тиімді моделін құруды талап етеді.

Қазақстан 2003 жылы Елбасының Қазақстан халқына жолдауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бұл бағдарлама экономикалық және әлеуметтік капитал, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғауды қамтыды.Бағдарлама аясында құнды тарихи жәдігерлеріміз мемлекет тарапынан қорғауға алынып,көптеген жаңа ашылымдар пайда болды. “Мәдени мұра” бағдарламасына сүйене алыс-жақын шетелдерге ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, Қазақстанның сәулеті, этнографиясы, тарихы бойынша шамамен бес мың жазба және баспалар алынды, 350-ден астам кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасын мемлекеттің мәдениетіне қолдау көрсететін стратегиялық ұлттық жоба деп атаған.           

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Бейіндік мектебінің 9 сынып оқушысы
Саякат Бақдәулет Мұратжанұлы
Ғылыми жетекшісі – Тасилова Айкена Айтбайқызы