Донор болуға келісесіз бе?

Донор болуға келісесіз бе?
жеке
блог

Трансплантация дегеніміз – бір организмнен екінші организмге жасушаларды, тіндерді және мүшелерді алмастыру. Түрлі трансплантациялардың хирургиялық әдістері біздің дәуірде жетілдірілген. Ғалымдар мүшелер мен тіндерді бір индивидуумнан екінші индивидуумға алмастыру сұрақтарына хирургиялық технологиялар көмегімен жауап тапқан.

Бүгінде Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі трансплантациясы жүргізіледі. 2012-2021 жылдар аралығында Қазақстанда екі мыңнан астам орган трансплантациясы жасалған. Мұндай ақпаратты Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова мәлім етті. Оның айтуынша, 95% жағдайда қажетті ағза туыстық донордан, 5% орган донорларынан алынады.

«Трансплантацияны қажет ететін науқастардың көбеюі салдарынан трансплантациялау операцияларының саны азаюда. Егер 2016 жылы жылына 300-ге дейін операция жасалса, 2020-2021 жылдары 100-ге жуық операция жасалды, бұл өте жеткіліксіз көрсеткіш. Бүгінде республика бойынша 3365 адам трансплантациялау үшін бірыңғай кезекте тұр. Олардың көпшілігі жас және еңбекке жарамды жастағы адамдар. Оның ішінде 105 бала бар. Ал қажет болған органды күте алмай жыл сайын осы тізімдегі 270-ке жуық адам қайтыс болады. Оның басты себебі – донорлық органдардың тапшылығы», – деді депутат. Трансплантация орталықтарының мәліметтері бойынша осы жылдары ота жасалған азаматтардың 86, 2 пайызы Қазақстан Республикасында тұрады.

Елімізде органдарды трансплантациялау тек мемлекеттік емдеу мекемелерінде ғана жүргізіледі. Бізде ондай алты орталық бар: Нұр-Сұлтанда үшеу және  Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында бір-бірден. Бұл орталықтарда ағзаға мұқтаж науқастарға көмек көрсету шаралары іске асырылады. Атап айтқанда, басқа органдарға қарағанда қазақстандықтар жиірек, яғни 91,5% жағдайда бүйрек алмастыруға мұқтаж, одан кейін жүрек – 4,4%, бауыр – 4% және өкпе – 0,1% құрайды.  

Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Республикалық трансплантология және жоғары технологиялық қызметтерді үйлестіру орталығының басшысы Әділ Жұмағалиев трансплантация мен донорлықты дамыту қиындап кеткенін айтады. Жұмағалиевтің сөзінше, қазақстандықтар донорлыққа қарсы емес.  "Өзіңіз ойлап көріңіз: 2012 жылдан бері 1800-ден астам трансплантация операциясы жасалса, сонша донор қайдан келді? Әрине, бәрі бірдей келісе бермейді. Бұл адамдар өз мүшелерін туыстарына, жақын достарына берген. Ал біз тірі адамдардан оны тартып алмас үшін қайтыс болғаннан кейінгі донорлық ісін дамытуымыз керек", – дейді ол.

Қайтыс болғаннан кейін донор болуға мүмкіндік бар ма?

Трансплантологиядағы қайғылы статистика жыл сайын өсіп келеді. Оның себебі – донорлық органдардың жетіспеушілігі. Бірінғай кезекте тұрған адамдар саны артқанмен, кезектің жылжу жылдамдығы көңіл көншітпейді. Бірақ бұл Қазақстанда ғана болып жатқан жоқ. Бұл үрдісті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындады. Қайтыс болғаннан кейін донорлық қажет пе, жоқ па деген мәселені талқылап жатқанда, өлім-жітім көбейеді. Әлемде орган трансплантациясына мұқтаж миллионға жуық адам бар. Бірақ, өкінішке орай, кезекке тұрған әрбір оныншы науқас қана орган алатын көрінеді.

Қазақстандағы трансплантация және ағза донорлығы саласындағы қатынастарды реттейтін іргелі нормалар 2020 жылдың 7 шілдесінде Мемлекет басшысы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске қол қойған кезде қайта қаралды. Бұл заң бойынша кез келген азамат бойындағы тінді және ағза бөлігін қайтыс болғаннан кейін трансплантаттауға келісуге немесе одан бас тартуға құқылы.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің трансплантациялау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Серік Жариков баяндады: «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес тірі донордан жұп органның бірін ғана алуға болады, бұл бүйрек(біреу) немесе бауырдың бір бөлігі. Әдетте бұл туысқандық трансплантациялар, мұндайда анасы өз баласына, яғни баланың туа біткен патологиясы болған жағдайда бауырының бір бөлігін береді. Мұндай операциялар балаларға Ана мен бала ұлттық орталығында, ересек адамдарға басқа орталықтарда жүргізіледі. Ұйқы безінің бір бөлігін ауыстыру секілді бірлі-жарым операция болды. Операцияны Кореяның мамандары жасады. Біздің мамандар мұндай операция жасауға әрекеттенген болатын, бірақ онша сәтті болмады. Трансплантат қондырыла қоймаған соң оны алып тастауға тура келді. Бұл операциялар техникалық жағынан алғанда аса қиын, өйткені өте жақсы хирургиялық техника қажет, оның ішінде бездің өзін алу техникасы, бұл жағынан біздің тәжірибеміз әзірге аздау болып отыр".

Кім донор бола алады?

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі 210-бабына және 212-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес тірі адам (тірі кезінде донор) және қайтыс болған (қайтыс болғаннан кейін донор) донор бола алады.

Төмендегі талаптарға сәйкес тұлға тірі дене мен тіндердің тірі кезіндегі доноры бола алады:

18 және одан да үлкен жаста;
әрекетке қабілетті;
әлеуетті реципиентпен (орган трансплантациясын қажет ететін пациент) генетикалық байланыста болатын немесе онымен тіндік үйлесімділігі бар (басқа организмнің тіндеріне сіңісуіне ықпал ететін органикалық тіндердің иммунологиялық қасиеті);
жұп органның (бүйректің) біреуін немесе органның бір бөлігін (бауырды) алуға нотариалды куәландырылған жазбаша келісімін білдірген;
органды (органның бір бөлігін) алып қою оның денсаулығының біржола бұзылуына әкеп соқпайтынын растайтын жан-жақты медициналық тексеруден өткен.
Қазақстанда тірі кезіндегі донордан ағзаны (ағзаның бөлігін) ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды, ол теріс пайдалануды болдырмау және қауіпсіздікті арттыру мақсатында жоғарыда аталған барлық растайтын құжаттарды қарайды, әлеуетті реципиент пен тірі кезіндегі донор арасындағы генетикалық байланысты белгілейді.

Кімге донор болуға тыйым салынған?

Кодекстің 209-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес ағзалардың донорлары бола алмайды немесе тыйым салынады:

- адамнан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) мәжбүрлеп алуға;

- адамды өзінің ағзасын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) беруге мәжбүрлеуге;

- адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-сатуға;

- кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабiлетсiз адам болып табылатын тірі кезіндегі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерiн (тінінің бөлігін) алуға;

- қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға трансплантаттау үшін алуға;

- денсаулығының жай-күйі, жасы немесе өзге де себептер бойынша өзінің жеке басы туралы деректерді хабарлай алмаған және қайтыс болуын растау кезінде жеке басы анықталмаған адамдардан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) алуға тыйым салынады.

- инфекция жұқтырған тірі кезіндегі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) реципиентке трансплантаттау үшін алуға тыйым салынады , атап айтқанда:

жіті жұқпалы және контагиозды аурулары бар;
бақыланбайтын бактериялық сепсиске ие;
ЖҚТБ-мен ауыратындар және АҚТҚ-жұқпасын тасымалдаушылар;
В (HBsAg) немесе С (anti-HCV) гепатиті вирусының оң маркері бар);
ағзалар мен жүйелердің анықталған жіті және декомпенсацияланған созылмалы, ошақтық және/немесе диффуздық аурулары бар қатерлі ісіктері бар.

Донорлық база қалай қалыптасады?

Потенциалды донорлар HLA типтеуден өтеді (гистосәйкестікті анықтау үшін олар қан анализін алады), содан кейін олардың деректері арнайы дерекқорға енгізіледі. Бір ел ішінде лайықты донорды табу ықтималдығы төмен болғандықтан Дүниежүзілік кемігі донорларының қауымдастығы (WMDA ) құрылған. Ол 2020 жылы 50-ден астам елден 38 мыңға жуық донорды қамтитын сүйек кемігінің донорларының ең үлкен деректер базасын жасады. Осы базаның арқасында сүйек кемігін ауыстырып салуды қажет ететін адамдар өз елінен болмаса, ең болмағанда басқа аймақтан үйлесімді донор табуға мүмкіндік алады. Қазақстанда 2011 жылдың желтоқсанынан бері донорлар тізілімі жұмыс істейді. Қазір оның құрамында бар болғаны 7 мыңнан астам донор бар.

Донор болу үшін қайырымды жүрек мен өзгелерге деген риясыз жанашырлық қажет. Қан тапсырып, қайырымдылық жасайтын донорлардың ісін мадақтағанымыздай, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық ісін де кең ауқымда түсіндіріп, бұқараны ақпараттандыру да маңызды мәселе болып отыр. Бүгінгі таңда сәтті өткен трансплантациялық операцияларға куә болу арқылы өлімнен кейін де өмір болатынын көре аламыз. Демек трансплантология дертке дауа табуға септігін тигізетінін ұғындырып, қоғамдық ойға қозғау салу қажеттілігі туындап тұрғанда ешкімнің бей-жай қалмағаны жөн.

Артық Аружан