Өзіңді таңдау - өзімшілдік пе?

Өзіңді таңдау - өзімшілдік пе?
жеке
блог

Дүниеге келген сәттен бастап, адам баласына түрлі таңдау жасау қажет болады. Жұмысқа немесе оқу орнына киетін киім, кешкі асқа әзірлейтін тағам, шай немесе кофе сияқты күнде жасайтын қарапайым таңдаулардан – мамандық, жоғарғы оқу орны, дос, өмірлік махаббат іспеттес бар ғұмырыңа арқау болатын маңызды таңдауға дейін өзімізге байланысты. Алайда, адамға берілетін ең басты мүмкіндік – өзіңді таңдау.

Қоғамда өз жайын көбірек ойлайтын, өз әлеуетін жоғары санайтын, өзіне сенімді, жан тыныштығы үшін өмір сүретін адамдарды – өзімшіл деп қабылдайды. Себебі, көпшілік өз мүддесінен гөрі өзгенің қалауын көбірек ойлайды, тіпті айналасындағыларға қамқорлық жасауды міндетім деп санайтындар да бар. Мұндай адамдар жанындағыларға жағынуға тырысумен уақыт өткізіп, өзіне көңіл бөлуді мүлде ұмытып кететін тәрізді. Осылайша, тым мейірімді боламын деп, өзіне қалай өзімшілдікпен қарағанын байқамай жатады. Бұл өзіңді таңдамаудың бірінші белгісі болмақ.

Әр сәтте өзіне «Басқалар не ойлайды екен?» - деген сауалды қоятындар да, біреудің ойын өз принциптерінен жоғары санайды. Олар айналасындағылардың өзі жайлы пікіріне қатты мән береді, басқаша айтқанда тәуелді. Дегенмен, осындай жағдайларда адам өмірдің тек бір рет берілетінін ескеруі керек. Егер өмір бойы қоғамның сынынан жасқанып, өз қалауыңның көлеңкесінде қалар болсаң, онда өмірдің мәні не? Деректерге сүйенсек, әлемдегі адамдардың 71%-ы өзгелердің ойына тәуелді. Психологтардың мәлімдеуінше, өз қалауын жасайтын, қоғамның ойынан еш қорықпайтын адамдар өмірде бақыттырақ және жұмыста табыстырақ болып келеді екен. Сондықтан, табысқа жету үшін бірінші кезекте өзіңді таңдауды үйренген дұрыс.

Осы орайда, Джеймс Альтушердің «Өзіңді таңда» атты кітабын атап өтпеу мүмкін емес. Бұл кітапта -  біз әрқашан өмірді қалай сүруді өзіміз таңдай алатынымыз айтылады.  Біз таңдауды қолымыздан келетін істі тапқанда жасаймыз.

 Кітаптың адамдарға ұнайтын тұсы – автордың осы жағдайдың барлығын өз басынан өткергені анық байқалады. Ол өзін не күтіп тұрғанын білмей, табысқа жету жолын таңдады.  Ең бастысы, дәл қазір батылдық таныту екенін дәлелдеді.  Кітаптың басында былай жазылған: өзіңді таңда. Содан кейін, оны қалай жасау керектігін түсіндіреді: «Дәл қазір өзіңізді таңдаңыз. Егер сіз солай істесеңіз, әлемді қалай өзгертуге болатынын түсінбейсіз, тіпті сіз оны өзгертіп жатқаныңызды да байқамайсыз.  Бірақ бір нәрсені анық айтуға болады: егер сіз өзіңіз үшін батыл шешім қабылдамасаңыз, оны сіз үшін ешкім жасамайды.»

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – адамның табысты немесе қарапайым, бақытты немесе бақытсыздығы тек өзіне байланысты. Әрине, кейде шешім қабылдамас бұрын, өзгелермен санасқан дұрыс. Алайда, соңғы шешімді қабылдайтын өзіңіз. Сол сияқты, адамдарға қамқорлық жасағанда да өзіңіз опық жеп қалатындай шамадан тыс мейірімді болмауды бақылаған жөн. Ешқашан басқаларға сізді басынуға жол бермеңіз, әйтпесе қоғам алдында бағаңызды түсіріп алуыңыз ықтимал. Өз принциптеріңізді ұстанудан қорықпаңыз, әрдайым сенімді болыңыз. Себебі, өзіңді таңдау – өзімшілдік емес!