«Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат»

«Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат»
жеке
блог

Жылдар өте келе Абай өлеңдерін қайтара оқысаңыз, бұрын байқамай, өтіп кеткен тұстарына қайта мән бересіз. Немесе өзіңізше түсініп, ұғынып кеткен жайттарды өзгеше бағамдайсыз. Абай өлеңінің өзіндік өлшемі де, құдыреті де осы болар.

Мәселен, «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңін бәріміз білеміз. Еске түсу үшін тағы бір көз жүгіртелік.

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.

Осында алғашқы жолдағы «арзан», «қымбат» сөздерін сіз осы уақытқа дейін қалай ұғушы едіңіз? Әлбетте, біз де солай ойладық. Тікелей баға беру немесе құнын ажырату мағынасында түсіндік. Әсілі, біздіңше, бұл сөздердің астарында үлкен тұжырым жатыр.

Қазақ халқында күлкі үш арсыздың бірі саналады. Сонымен қатар тілімізде күлкіге қатысты мәтел, мақал да кем емес. «Малсызға малға балап ұйқы берер, арсызға арға балап күлкі берер», «Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас», «Санасы жоқ – ұйқышыл, ақылы жоқ – күлкішіл», «Ит мезі болса үреді, кісі мезі болса күледі», «Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиреніш қоздырады» және т.б.

Бұдан басқа да ізденіп қарайтын болсаңыз, күлкіге қатысты жағымды мақал-мәтелді, тұрақты тіркесті кездестіруіңіз аз. Күлкінің түрі көп екенін ескерсек, оның ішінде бір ғана жағымды мағынаны кездестіруге болады. Ол – орынды күлкі және ол күлкінің өзі кісіге ғибрат болар, ой тастар күлкі.

«Ойын арзан, күлкі қымбат» деген жолда біздіңше Абай осы орынды күлкіні меңзеп отыр. Ал күлкіні «қымбат» деуі – күлкінің салмағы үлкен, сен не нәрсеге күліп жатқаныңды білуің керек, өйткені «судың да сұрауы бар» дегенге саяды. Яғни, басқаша айтқанда «қымбат» сайып келгенде  бұл – жауапкершілік. Өз әрекетіңе, тіпті күлкіңе де жауапты –  жалғыз сен.

Ал осы жердегі «ойын» сөзі «біреуді біреудің мазаққа айналдырып, келемеждеп күлуін» меңзеп тұрса керек. Ал біреуді келемеждеу, кемшілігін күлкі ету «арзан» емей немене? Яғни осы жердегі «арзан» сөзінің қолданысы «жоламау, үйір болмау» деген ұғымдарға сай келеді.

«Жігіттер» деген қаратпаға да мән беріп көрдіңіз бе? Біздіңше, бұл тура мағынасында қолданылған және ерлерге қарата айтылған. «Күлкісі көбейгеннің – сұсы азаяды» демекші, көп күлкі мен орынсыз лебіз ердің қасиетін кетіреді. Демек, орынды күлу және әр қадамыңа жауапкершілік арқалау да – нағыз ердің сипаты.

«Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік» деген жолда адалдық, екіжүзді болмау сынды қасиеттер тұспалданған. Т. Құнанбаевтың әкесі туралы жазылған естелігін оқысаңыз, онда Абайдың қандай кісілермен мәжіліс құрғысы келгені де айтылады. Сонда Абайдың ұнататын бір мінезі де сол, –  кісіге шын пейілмен, «шын күлерлік» қарым-қатынас жасау.

Осы бірінші шумақтағы:

«Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат», –  деген жолдардағы сөздің астары өлеңнің келесі жолдарындағы мағынаға саяды:

Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.

Сонымен қатар мына шумақта «күлкі сату» деген тіркесті көресіз.

Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Еңбекпен терін сатып түзден жимас.
Меліш сауда сықылды күлкі сатып,
Алса қоймас, араны тағы тоймас.

Осы жолдардағы «күлкі сату» тіркесі дәл бүгінгі күйімізді нақ сипаттаса керек. Түрлі желі қолданушыларының мал табу үшін біреуді не өзін, не өз қылығын, өзгенің былығын түрлі форматта мазақ-күлкі етіп, көпшілікке ұсынып жүргенін көріп жүрміз. «Пайда деп, мал деп туар ендігі жас» деген жолдарды да дәл қазір ұққандайсың.

Жоғарыдағы айтқандарымыз тек біздің интерпретациямыз ғана. Автордың нені меңзегені өзіне ғана аян екені мәлім, әрине. Ал біздікі – Абай сөзін тағы да ұғу, ұға отырып түсіндіру, түсіндіре отырып насихаттау ғана.

Авторлар:
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2 курс докторанттары:
А. Ахмет, Ж. Әден, У. Джумагалиева, А. Бекзат, Г. Нұргүл, А. Молдабек, А. Искендир, А. Оспан.