"Жайықта - мен қазақпын!"

"Жайықта - мен қазақпын!"
жеке
блог

Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын нығайтуда үлес қосқан жазушыларымыз аз емес. Олардың бірі әрі бірегейі – орыс әдебиетін дамытуда ерекше үлес қосқан, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері атанған Михаил Александрович Шолохов.

Шолохов 40 жылдан аса уақыт Қазақстанмен, қазақ жазушыларымен достық қарым-қатынаста болды. Ол шығыстың шұғыласы М.Әуезовтың шығармаларын өте жоғары бағалады, С.Мұқановпен жақын дос болды. 1954 жылы Қазақстан жазушыларының III съезіне қатысып, қазақ халқына және қазақ әдебиетіне өзінің бауырмалдық көңілін білдірді.

М.Шолохов қазақ және орыс ұлттары достығының мәңгі символына айналды. Ұлы жазушының тұрған жерінде дүниеге келгендіктен жазушының өмірі мен шығармашылығын, оның мұрасын терең зерттеп, өзгелермен таныстыру – біз үшін парыз.

Орыстың ұлы жазушысы Михали Александрович Шолохов Қазақстанды «екінші Отаным» деп атаған. Балық аулап, аңға шығып, таза ауада серуендеуді жаны сүйетін қаламгер Орал өңірін, Жайық жағалауын отыз жыл бойы жазғы демалыс мекеніне айналдырған. Әсем табиғат аясында, жағажайдың саясында жазушы әлем жұртшылығына кеңінен танымал шығармаларын бастап, кейбіріне осы өлкеде нүкте қойған. Оған дәлел жазушының мына сөздері: «Менің мұнда жиі сапарымды тек қана дем алу, аң аулауға немесе балық аулау мақсатымен шектеуге болмайды, мұның бәрі де әрине қызық, өте қызықтырады. Бірақ, менің бұл жаққа құштарлығымның басты себебі әлдеқайда тереңірек. Мен сіздің таңғажайып өлкеңізді бұрыннан жақсы көрдім. Қазақтардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін қатты қызықтаймын. Қазақстан – менің екінші Отаным. Келешекте мен Қазақстанда одан да жиі болғым келеді – тек дем алу ғана емес, жұмыс істеу үшін».

Батыс өлкесіне келген сайын Михаил Александрович тек аңшылықпен айналысып, демалып қана қоймай, біздің облыс төңірегіндегі колхоздар мен совхоздардың шаруашылық өміріне терең үңілді. Оны жануарлардың дүниесі, мал шаруашылығын дамыту әдістері қызықтырды. Ол Мүсір Айтасов, Қалдыбек Сәбденов, Талғат Ишмақов сияқты белгілі шаруашылық басшыларымен әңгімелесіп, кейіннен олар Михаилға құрылыс материалдарын алуға көмектесті.

1970 жылы А.М.Шолохов біздің өлкемізден бірнеше жыл бұрын әкеткен 50 бас еділбай қойларының саны екі мың бес жүзге жуықтап қалғанын хабарлаған болатын. Михаилдың мал шаруашылығына асқан ықыласпен қарайтынын осыдан-ақ аңғарсақ болады.

Бұдан бөлек, маңызды оқиғаларға Михаилдың халықаралық Нобель сыйлығын алуын жатқызуға болады. Өзінің 60 жылдығын Мәскеуде атап өтіп, 1965 жылдың 13 қазан күні екінші Отаны – Қазақстанға бір топ адаммен, соның ішінде құдасы Антон Юговпен бірге оралды. Екі күннен соң Мүсір Айтасов Шолоховқа оған Мәскеуде іздеу салып жатқанын хабарлайды. Мәскеу радиосы біраз уақыттан кейін көп ұзамай Стокгольмда жазушы Михаил Шолоховқа Нобель сыйлығы берілетіні туралы хабарлады. Жиылғандардың барлығы Михаил үшін қуанышты еді: «Біздің бүкіл қазақ халқы сіз үшін қуанады», - деп жазушының ежелгі қазақ жерінде дәл осындай сыйлыққа ие болғанын айтып, өз ілтипаттарын білдірді. Ал, Михаил болса көзіне жас алып: «Мен Нобель сыйлығына ие болған алғашқы қазақпын», - деді.

Иә, ол қазақ халқын шын жүрегімен жақсы көрген таңғажайып адам еді. Мерекелік бас қосуларда жазушы қарапайымдылықты, өткір сөзді, әзілді жақсы көрді. Жолдастарының сөзін мұқият тыңдап, жанындағы адамдардың барлығына бірдей көңіл бөлуге тырысатын. Ол әдемі әңгімеші, көпшіл, көңілді жан еді.

Біз, дарияндықтар, орыстың ұлы жазушысы М.А.Шолоховтың 1942-1943 жылдар аралығында біздің өлкеде тұрғанын мақтан етеміз. Дарьинск ауылында Шолоховтардың үлкен жанұясы 1943 жылдың қараша айына дейін тұрды. Жазушының көзі тірісінде 1979 жылдың 24 қыркүйегі күні біздің жерлесіміз, жазушы, М.А.Шолоховтың досы Николай Корсуновтың бастамысмен ашылған мемориалдық мұражайы бүгінде ауыл төрінде мен мұндалап тұр. Мұражай 1986 жылы Батыс Қазақстан облыстық тарихи – өлкетану мұражайы жүйесіне енгізілді. 2007 жылы «М.А.Шолохов атындағы мемориалдық мұражай» болып құрылды. Мұражайдың бір ерекшелігі – жазушының көзі тірі кезіндегі ашылған ең бірінші мұражай болып табылады. Жазушының туылған жері Вешенск станциясында 1984 жылы жазушы дүниеден өткеннен кейін мұражай ашылды.

Бұл мұражайда ұлы жазушының өмірі және шығармашылығмен танысуға болады. Мұражайдың сурет галереясы және өлкетану залдарына саяхат шегіп, көрменің құнды материялдарымен танысып, өткен тарихты ой елегінен өткізіп, бүгінгі күнді саралап, болашаққа көз жіберіп болжауға болады.

Музей тіршілігімен тереңірек танысу мақсатында музей меңгерушісі Антонина Пудова Константиновнамен қысқаша сұхбат жүргізген болатынмын. Антонина ханым 2013 жылдан бері мұражайда қызмет етіп келеді. Алғашында уақытша гид болып жұмысқа орналасқан ол кейіннен ауылда қалуды мақұл санайды. 2019 жылы музейдің қайта құрылуына байланысты М.А.Шолохов мұражайы облыстық тарихи – өлкетану мұражайының бөлімі болып өзгерді. Ал, біздің кейіпкеріміз Шолохов мемориалдық мұражайының меңгерушісі болып тағайындалды.

-Бұл мұражай расымен де халықтың ыстық ұясына айналды. Адамдар мұражайды тамашалау үшін әртүрлі қалалардан, елдерден Дариянға ат басын тіреп келуді тоқтатпады. Шолохов шығармашылығын сүйіп оқитын оқырмандар үшін музейдің орыны ерекше болды. 2001 жылы мұражай М.Шолохов атындағы мұражай кешенінің ашылуына байланысты өзінің экспозициялық аумағын кеңейтті. Атап айтсақ, облыс әкімі К.Е.Кушербаевтың  ықпалымен көрші тұрған екіқабатты ғимарат қысқа уақыттың ішінде мұражай комплексіне айналды, - дейді Антонина ханым өз әңгімесінде. Оның айтуынша, 40 жылдан астам уақыттың ішінде музейді тамашалау үшін қарапайым ауыл тұрғындары, танымал саясаткерлер мен мәдениет қайраткерлері сияқты әртүрлі адамдар Дариян ауылына келуін тоқтатпайтын.

Меңгерушінің айтуынша, бүгінде мұражай қорында 8 мыңнан астам экспонат бар. Оларға жазушы Шолоховтың жеке заттары, өткен ғасырдың естелік мұралары, кітаптар, фотосуреттер және бірегей сурет галереясын құрайтын мұражай үшін арнайы салынған суреттерді жатқызуға болады.

-Мұражайда жыл сайын көптеген іс-шаралар өтеді. Әрине, ең алдымен жазушымен байланысты даталар ескеріледі. Бұдан бөлек, біз Оралда дүниеге келген немесе бір кездері біздің қаламызда болған жазушылардың мерейтойларын атап өтеміз. Сондай-ақ, мемлекеттік мерекелер, Қазақстанды мекендейтін халықтардың дәстүрі, салты, мәдениетімен байланысты даталар да назардан тыс қалмайды, - деп Антонина ханым музейдің қоғамдық өмірін, белсенділігін айта келе, мұражайда әртүрлі сайыстардан бөлек, көрмелердің де өтетінін тілге тиек етіп кетті. Көрмелер көбінесе жергілікті суретшілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылады. Мұражайда екі рет А.Мұқановтың жеке коллекциясынан алынған ежелгі самаурындардың көрмесі өтті. Сондай-ақ, біздің музей 20 жылға жуық уақыт бойы «Ескі Орал» халық мұражайымен істес боп келеді. Соңғы жылдары ол жерден көптеген қызықты экспонаттар әкелінеді. Атап айтсақ: сирек кездесетін фарфор, картиналар және әйгілі оралдықтардың жеке заттары және т.б.

-Мен үшін мұражай тек жұмыс орны емес. Бұл –менің екінші үйім. Тіпті кешкісін үйде болсам да, демалыста жүрсем де мұражай туралы үнемі ойлаймын. Шешілмеген мәселелер, көптің назарын аударатын қызықты да тың шаралар сияқты музей өмірін әрлейтін, жергілікті тұрғындарға ұнайтын жаңа іс-шараларды ұйымдастыру жайында ойланып жүремін. Мұражай біздің магнитіміз сияқты. Дариян өлкесіне кім табан тіремесе де бірінші болып ең алдымен музейді тамашалуға келеді. Халықтың оған деген қызығушылығы сөнбей, кересінше тек өскенін қалаймын, - деген жылы лебізбен сөзін аяқтады Антонина Константиновна. Мұражай қызметкерлерінің өз жұмысын асқан жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен орындайтыны Антонина ханымның сөздерінен айқын білініп тұр.

Жазушының қанатты сөзі: «Менің екі Отаным бар: Тынық Дон және Ақ Жайық. Донда мен – казакпын, Жайықта мен – қазақпын! Екі халықтың аты бір. Түп-тамырға тереңірек қарау керек!» - деген жазушы сөздерінен қазақ халқына деген ыстық ықыласын біле беріңіз.

30 жыл бойы ұлы жазушы Орал өңірімен байланысты үзген жоқ. Мұнда ол жұмыс жасады, тынықты. Шолоховтардың қазақтармен алғашқы байланыстығы 1942 жылдың жаз айында неміс-фашист әскерлері Дон жағалуларына жақындаған кезден басталды. Бомбалау кезінде анасынан айырылған М.А.Шолохов отбасын Қазақстанға әкелді. 1942 жылы тамыз айында Шолоховтың жанұясы Вешенск станциясынан әуелі Камышинге, соңынан Батыс Қазақстанға қоныс аударды. Шолоховтар тұрақтауға Дарьинск селосын таңдады, өйткені мұнда туған өлкесіне ұқсастықтар көп еді. Вешенск қаласындағы өзен жағасын жағалай қоршаған жасыл желекті ағаштар, көз тоймас көркем табиғат Дарияннан да табылды. Олар балшықтан соғылған үйде тұрған.

Шолоховпен бірге 22 адам еріп келген. Әйелі Мария Петровна және Марияның анасы Мария Федеровна Громславская, балалары Светлана, Александр, Михаил, Мария, әйелінің апалары және жақын туысқандары. Жазушының Ресейге емес, Қазақстан, Батыс Қазақстан облысының Дариян ауылына ата-анасын, туыстарын әкелуі, біріншіден, жазушының қазақ даласына сүйіспеншілігі болса, екіншіден, халқымыздың даладай дархандығы мен кеңпейіл де, бауырмалдығының арқасы.

-Соғыс жылында олар отбасымен Дариянға қоныс аударды. Қызы Светлана осындағы мектепті үздік бітіріп, алтын медаль алды. Ол кезде халық үшін қиын жылдар еді. Тіпті жазатын қағаз тапшы болатын. Шолоховтың баласы менің әкеме қағаздарын беріп жүрді. Өте қарапайым, қонақжай, кеңпейілді адамдар еді. Менің әкем Шолоховтардың үйіне барған сайын «Здравтсвуй, хозяин земли», - деп қуана қарсы алатын. Дастархан басында отырып, орыстың тағамдары пельмен, борщтан дәм татты. Әкем Шолоховтың баласы Александрмен дос болған. Ал, әкемнің үйіне келгенде оған сары су, ірімшік, құрт сияқты ұлттық тағамдарымыз ұнаған болатын. Солай, олар бір-бірінің үйіне қонаққа барып, құрмет көрсеткен, - деп Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Жұмағазиева Жұбановна да әкесінің әңгімелерімен бөлісуді жөн санады. Ж.С.Жұбановна мектепке мұғалім боп орналасқаннан кейін Шолоховтың туған жереі Вешенскіге барып сайыстарға қатысып, ғылыми жобаларды қорғап жүргендерін айтты. Ол жердің халқы дарияндықтарды құшақ жая қарсы алды.

 «Тынық Дон», «Көтерілген тың», «Адам тағдыры», т.б. туындыларды дүниеге әкелген Шолоховқа мекен болып, бүгінде еліміздің көрші Ресей елімен қарым-қатынасының нығаюына бірден-бір септігін тигізіп отырған Дариян өлкесі – осындай құндылықтарға бай мекен. Музейдің арқасында ауылдың бейресми «Мәдениет орталығы» деген атауы бар. Күні бүгінге дейін мұражайда «Шолохов оқулары», «Курсонов оқулары», «Шолохов көктемі» сынды байқаулар жыл сайын өтіп отырады. Мұражай қазақ, орыс мектептерімен тығыз байланыста. Бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, қоян-қолтық араласып жатқан құт мекен Дариянды тұрғындары мақтан тұтады.