«Екі қолға бір қағаз»

«Екі қолға бір қағаз»
жеке
блог

Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының математика пәні мұғалімі Алмагүл Бисембиева жұмыстан тыс уақытын шығармашылыққа арнайды. Елімізді жаулаған індет кезінде қарап жатпай, бала оқытумен қатар, «екі қолға бір қағаз» деп өзінің кішігірім кәсібіне ден қойған.

Нақтылап айтсақ, Алмагүл Болатқалиқызы өз кәсібін түрлі той-томалақта, отырыстарда, мерекелік шараларда дастарқанның сәнін кіргізетін қаптамалар, жазулар, бонбоньеркалар жасаудан бастаған. Кейін туған күндердің, мейрамдардың көркіне айналған «тәтті» қорап, жеміс-жидектен букет жасауды да қолға алған. Олардың түрі жыл өткен сайын жаңарып, тренд көшінен қалмауда.

Қолөнердің бұл түрін таңдауына керек-жарақтың жеткілікті болуы мен қолжетімділігі әрі мектептегі жұмысына кедергі келтірмейтіні, яғни ыңғайлылығы себеп болған. Оның айтуынша, бұл кәсіп бос уақытты тиімді өткізуге, жаңа идея ойлап табуға көмектеседі. Ауыр жұмыс күнінен кейін сүйікті ісіңмен айналысу, өз хоббиыңа уақыт бөлу миды демалдырып қана қоймай, шабытқа қанат бітіреді.

- Маған көмектесіп, әрдайым қолдау білдіретін ата-анам мен сіңліме алғысым шексіз. Кейде тапсырысты отбасымызбен бірге отырып орындаймыз, сөйтіп, уақытты көңілді өткіземіз. Сондай сәтте өзімді бақытты сезінемін.  Алдыңа айқын мақсат қойсаң, оған жетуің үшін уақытыңды да, көз майыңды да сарп етуге тура келеді, - дейді Алмагүл Болатқалиқызы.

Екі жыл ішінде 500-ден астам тапсырыс қабылдап, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласы мен сый-құрметіне бөленген еңбекқор ұстазға шығармашылық табыс тілейміз.