Ерте тұрудың пайдасы мен құпиясы

Ерте тұрудың пайдасы мен құпиясы
жеке
блог

Жетістікке жеткен адамдардың құпиясы бір. Ол – таңмен таласа ерте тұрып, таң шапағатына бөлену. Қазақ «ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп жер бетіне ризық-несібенің таңсәріде түсетінін біліп, бекер айтпаған.

Таң – маңыздылығы жоғары уақыт. Жоспарлаған істеріңізді асықпай жасау арқылы мақсаттарыңызға бір табан жақындап, тәңірге құлшылық жасап, дұға-тілектеріңізді оқу үшін және өмірге тағы бір мәрте ғашық болып, әр күніңізді шабытта сүру үшін ерте тұру маңызды. 

Ерте тұру адам баласына не үшін керек? Оның денсаулыққа тигізер пайдасы қандай? Расымен де, ерте тұрсақ барлық шаруаға үлгереміз бе? Толғандырған сан сауалға жауап іздеу мақсатында күн сайын 5:00-де тұрып, бір ай көлемінде эксперимент жасауды жөн санадым. Күтілген нәтиже ақталды.

Ең бірінші байқағаным, ми басқа уақыттарға қарағанда белсенді, тез әрі сергек жұмыс жасайды. Күрделі істерді тезірек шешіп, жаңа идеяларды іске асыруға асық болады екен. Осылаша, барлық шаруаны түске дейін бір жақты қылып, күннің жартысын толық өзіңе арнайтын уақыт пайда болады. Ерте тұру миыңа мүмкіндік сыйлап, оны жақсы формада ұстаумен пара-пар.

Екіншіден, күнделік жазып, кітап оқып, бір шынаяқ шай ішіп, болмаса табиғатпен сүйсініп, тыныштықтан ләззат алуға көбірек көңіл бөлуге уақыт туады. Күнделікті күйбең тірлік бізді айналадағы қарапайым керемет құбылыстарға сүйсінуден айырды. Сол себепті, ерте тұрған адам міндетті түрде метидация жасап немесе күнін ойша жоспарлап, өзіне 24 сағатының бірнеше минутын асықпай бөле алады. Өміріңді өзге емес, өзің басқарып жатқаныңды сезінуден асқан тамаша күй бар ма?

Үшінші байқағаным, көтеріңкі көңіл-күй, жеңілдік сезіне бастайсыз. Ғалымдардың дерегінше, кеш тұратын адамдар стресске бейім, негативті болып келеді екен. Ал ерте тұрғандардың ғұмыры ұзақ, көп жасауға мүмкіндігі жоғары болады. Жақсы көңілмен басталған күн де өнімді болып, оң нәтиже береді.

Ерте тұру үшін оны жай ғана жоспарлау жеткіліксіз. Міндетті түрде шаршағаныңызды басып, ұйқыға жатпас бұрын теледидар, ноутбук, ұялы телефон сынды гаджеттерді қарамағаныңыз абзал. Сондай-ақ, аш қарынға ұйықтауға тырысу қажет. Есесіне, таңертең ерте әрі сергек оянуға мүмкіндігіңіз жоғары болады. Ұйықтар алдында майлылығы жоғары, ащы тағамдардан бас тартып, алькоголь мен никотинды ауызыңызға алушы болмаңыз. Олардың орнына жемістер мен көкөністерді, бір стақан сүтті, көмірсулар мен триптофиндерге бай тағамдарды тұтыныңыз.

Ерте тұруды әдетке айналдыру оңай шаруа емес екені анық. Дисциплина, кішігірім тоқтаусыз қадамдар және тәжірибие сізді өзіңіз күткен нәтиже алып келеді. Күн сайын 10-15 минутқа ерте тұру арқылы бір аптаның ішінде жақсы көрсеткішке жетуге болады.  

«Таңсәріде оянған дұрыс, себебі бұл әдет мықты денсаулыққа, байлық пен даналыққа жетелейді» деген Аристотельдің нақыл сөзімен ойымды аяқтасам деймін. Өміріңіздің әр күні, минуты, секунды босқа өтпесін. Әрекет түбі – берекет.

Сурет: kartinkin.net