Жапондар жылауық па?
жеке
блог

Жапондар жылауық па?

ЖАПОНДАРДЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ
2021 жылы жазда Токиоға жолым түскен. Бір ай Токиода тұрғанымда жапон халқының болмысын, мәдениетін тануға аз да болсын уақытым болған. Катарда өтіп жатқан әлем кубогында бұл халықтың болмысына тағы таңдай қақтым. Матчтан кейін стадионды тазалап кеткен сәтіне бәріміз таң қалдық. Ал бұл - жапондардың қанына сінген болмысы мен өмірі. Балабақшадан бастап тазалыққа баулиды. Жапонтанушылар бұл елде мектепте "уборщица" болмайтынын, бәрін оқушылар тазалайтынын айтады. Әлем кубогында Жапония 1/8 финалда Хорватиядан жеңіліп, фанаттары боза-боза болып жылап алып, стадионды жинап кеткені...

ЖАПОНДАРДЫҢ САБЫРЛЫҒЫ
Жапония - әлемде жер көп сілкінетін ел. Бұл халыққа жер бетінен ең тынышсыз жер бұйырыпты да. Жапония аралы цунами, тайфун, қатты жауын, жер сілкінісінің бәрін көреді. Жазы қапырық, ыстық. Осыншама табиғаттың сынағына қарамастан бұл халық болмысынан сабырлы. Токиода ағылшынша айтқанымды түсінбей жарты сағат тұрғанда тыпырлап кетіп едім, жапондар жайбарақат.

ЖАПОНДАРДЫҢ ІЛТИПАТЫ
Жапон халқы - иілуден әлем чемпионы. Катардағы әлем чемпионатында жапон бапкері Хаджиме Мориясу Хорватиямен ойыннан соң жанкүйерлеріне бас иіп, алғыс айтты. Бұл елге бара қалсаңыз отельде, мұражайда сізді иіліп қарсы алады, иіліп шығарып салады. Иілгенде қабақ шытқан жапонды көзім шалмады. Токиода дүкенге барғанымда сатушы чекті екі қолымен ұстап, иіліп бергенде ауызым ашылып қалған. Елестетіңізші, дүкеннен зат алып, төлем жасайсыз, кейін чекті қолыңызға басын иіп табыстайды. Алған затыңызды да екі қолымен береді.

ЖАПОНДАР ЖЫЛАУЫҚ?
Жапондар әлем кубогында жеңіліп қалған соң фанаттары да, футболшылары да өкініштен көз жасқа ерік берді. Бүкіл бір тұтас ұлт тарихи жеңісті жіберіп алғандарына өкінді. Желіде бір қазақтың "несіне жылайды, қарны тоқ, уайымы жоқ ұлт қой" деп жазыпты. Қарны тоқ, уайымы жоқ ұлт болған соң жылайды да. Табысы жақсы, бай халыққа энергия алатын, рухын қайрайтын осындай сәттер керек пе деймін.

Автор:Руслан Меделбек