Астаналық зияткерлер белгілі журналист Чарльз Маклинмен кездесті

Астаналық зияткерлер белгілі журналист Чарльз Маклинмен кездесті
жеке
блог

NIS халықаралық бакалавриат мектебі базасында белгілі шетелдік журналист, Borderless Consulting Group компаниясының негізін қалаушы Чарльз Маклинмен ашық лекция өтті. Қонақ дәрісіне алпысқа жуық оқушысы қатысып, спикермен төртінші билік төңірегіндегі ойларымен бөлісті.

Чарльз Маклин әлем аренасына өзінің тың жаңалықтарды бірінші таратуымен мәлім. Журналист кәсіби мансабын NBC News арнасында тілші ретінде бастап, он бес жыл бойы 57 елден жаңалық таратқан.  Сонымен қатар Чарльз Маклин Фолкленд соғысы, бірінші Парсы шығанағы соғысы және басқа да көптеген тарихи оқиғалардың куәсі.

Ашық дәріс форматындағы кездесуде спикер әлеуметтік желілердің кең етек жаюы, журналистің қоғамдық пікірді қалыптастырудағы рөлі, заманауи журналистикаға деген көзқарасымен бөлісті. Сондай-ақ зияткерлерді спикердің антропология ғылымы жөніндегі терең білімі қызықтырды. Кездесуге қатысушылар осы мамандықты таңдауға қатысты көптеген сұрақтар қойды, өйткені Халықаралық Бакалавриат  оқушыларының көпшілігі әлеуметтік және мәдени антропологияны таңдау пәні ретінде оқиды.

Тарихи оқиғалар да кеңінен талданды. Чарльз Маклин NBC News телеарнасының журналисі ретінде алғаш рет Нельсон Манделадан сұхбат алғанын тілге тиек етті. Спикердің айтуынша, осындай атақты тұлғалармен кездесу оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.

Дәріс барысында спикер оқушыларға мотивациялық тілегін білдірді.

– Маған бұл кездесу өте ұнады. Мен балалардың сұрақтарына ризамын. Олардың ойлау қабілеті мен креативтілігі жоғары. Бұл дәріс қарым-қатынас пен тәжірибе алмасу үшін тамаша мүмкіндік, – дейді Чарльз Маклин.