Қазіргі замандағы кітап оқу және оның өзектілігі

Қазіргі замандағы кітап оқу және оның өзектілігі
жеке
блог

21-ғасырдың өзекті мәселелерінің бірі жастардың кітап оқуы. Қазіргі таңда заманымыз телефонға тәуелді. Гаджет, смартфон, ұялы байланыс құралдарсыз өмірімізді елестету тіптен қиын. Жақсы жағынан ба, жаман жағынан ба оны да дәл айту оңай болмай тұр. Пайдасы мен зияны қатар жүретін бұл зат тіптен оқулықтарды да алмастыра білді. Неге десеңіз жастардың көбі ыңғайлы деп электронды кітап нұсқаларын оқуға көшкен. Әрине оқырман (меломан) қауымның кітап оқуы қуантады, дегенмен де телефонның зияны әсерін тигізбей қоймайды.

Кітап - білім нәрі, таусылмас қазына беретін рухани дүние. Кітаптың жақсысы не жаманы болмайды. «Мұқабасына қарап кітапты сынама» немесе «Сыртына қарап ішін сөкпе» деген сөздер оған дәлел. Қаншалықты мұқабасы нашарлау көрінгенімен, ішіндегі берер байлығы шексіз болуы мүмкін. Рухани қорек - адамзаттың дамуына әсер ететін үлесі зор аспектілердің бірі.

Кітап оқу арқылы йога, психология саласындағы нәрсемен айналысқандай немесе тіпті басқаша керемет күйде қалғандай сезімді бастан өткізуге болады. Логика мен сананың ішіндегі түпкі сананы дамытуға үлкен үлесін тигізеді. Кітап ішіндегі кез-келген жаңа мәлімет адамның ой-өрісі үшін пайдалы болады.  

Сонау заманнан бастап адам баласы жазуды үйренді. Алғаш адамзат тасқа қашап, оқиғаларды суреттеуді үйренген, кейіннен жазу белгі-таңбаларын ойлап таба бастаған. Ежелгі Египет, Рим сияқты елдерде алғаш қағаз түрі папирустан жасалған. Осылайша қағаздың түп тамыры пайда болды. Содан жазу үрдісі дасып, кейін қағаз бетіне жазбаларды түсіру арқылы кітап пайда болған.

2022-жылдың 4-қазан күні Телерадиожурналистика пәнінің тапсырмасы бойынша сауалнама жүргізген болатынмын. 22 адамнан сауалнама алынып, тұрғандар өз пікірлерін білдірді. Сауалнама Алматы қаласында болды. Электронды не баспа түріндегі кітап нұсқаларын таңдау жөнінде сұрақ қойылды.

Сауалнамаға қатысушылардың 27,2 %-ы, яғни 6 адам электронды кітап оқитындарын алға тартып, сауалнамаға жауап берді. Неліктен деген кезде көпшілігі біріншіден ыңғайлы, екіншіден уақыт үнемдейді, үшіншіден тасып әуре болмайсыз, төртіншіден кез-келген сәтте қолыңызда ұстап жүруге болады деп жауап қатты. Ал қалған 72,8%-ы, нақты айтқанда 16 адам баспа түріндегі кітап түрлерін оқығанды жөн санайтындарын айтып жеткізді. Негізінен денсаулық жағынан көзге зақым келтірмейді, әлдеқайда пайдылырақ және оқиға ішіне кіріп кеткендей шынайы әсерге ие болуға болады, - деп жауап берді сауалнама беруші тұрғындар. Сауалнама статистикасына қарап кітап оқушы қауымның әлі де бар екендігін және олардың аз еместігін аңғаруға болады. Қосымша онлайн опрос жүргізген сәтімдестуденттердің  80%-ы баспаша түрдегі, ал қалған 20 пайызға жуығы электронды кітап оқығанды тиімдірек санайтындықтарын жеткізген болатын.

Ғаламтордағы 2021-жылдың бас ширегіндегі статистика бойынша Қазақстандағы жастар мен жасөспірімдердің 36%-ы, яғни 2,8 миллионы кітап оқиды. Әсіресе көркем әдебиет жанрындағы кітап түрлерін оқитындары белгілі болған. Соның ішінде шетел проза, шығармаларын оқитындардың саны отандық туындыларды оқитындардан көп екендігі анықталды.

Әлеуметтік желінің толығымен кітапты біртіндеп алмастырып жатқандығы өкінішті. Өйткені жасөспірімнен бастап үлкенге дейін қазір барлық керекті ақпараттың барлығын түгелімен дерлік ғаламтордан алуды әдетке айналдырған. Бұрынғыдай кітапхана аралап қажетті дүниені іздеп табу жоқтың қасы. Тек ұстаз не оқытушы ақпарды кітаптан теріп жазыңыздар деген кезде ғана жас студенттер амалсыздан  кітапханаға барады. Жылдам әрі тез деген ұранды ұстанған көпшілік қауым өздеріне зиян келтіріп жатқандарынан тіптен хабары жоқ.

Қорыта келгенде “кітап - өмір шырағы”деген сөздер кітап қасиетінің құндылығын ашып тұрғандай. Кітап есте сақтау, интеллектуалды ойлау т.б. денсаулыққа оң әсерін тигізетіндіктен оның пайдасының мол екендігін ұғына аламыз.

Статистика және сауалнама нәтижелері бойынша қазір тек ойын-күлкі, сауық-сайран көтеретін жастардан бөлек кітап оқитын нағыз меломан ерекше жастардың бар болуын байқай аламыз. Ең бастысы рухани байлықтың әрі қарай  жалғасуына жастардың жол ашуы дәл қазіргі таңда өте өзекті болуында.