Жастарды жат діни ағымдардан сақтандырудың қоғамдағы маңызы

Жастарды жат діни ағымдардан сақтандырудың қоғамдағы маңызы
жеке
блог

Дін ұғымы әрбір адам баласының өмірінде ерекше орын алатын құбылыс. Кез келген мәдениет пен өркениеттің негізінде дін жатыр. Сол секілді қазақы таным мен мәдениетіміздің өзегінде ислам діні жатқандығы ақиқат. Өкінішке орай, осы көзқарасымызбен келіспейтіндердің де жоқ емес. Соңғы жылдары дәстүрлі қазақ мәдениетін терістеп, оны дінсіздік деп танитын топ жастар арасынан да көрініс таба бастады. Бұл айтылып жүрген пікірлердің ұшқары екенін және діни сауатсыздықтан пайда болғанын көзі ашық азаматтар бірден байқайды. Біздің ата-бабалармыздың ешқандай да діни фанатизмге жол бермегені және исламның ақ жолын ұстанғаны белгілі. Себебі, қазақ халқының ауыз әдебиетінде сал-серілердің өлең, жыр-дастандары, ортағасырлық ғұламалардың еңбектері осының айғағы.

Әрбір өзінің болашағын келешек ұрпақпен өлшейтіндігі ақиқат. Біз бақытын баладан күтетін халықпыз. Себебі, жастар – біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, ұлттық-рухани құндылықтармен тәрбиелеу – бүгінгі аға буын алдындағы мызғымас міндеттердің бірі болып отыр. Өйткені, кез-келген ұлттың болашағы өз халқын сүйген, оның ата дәстүрін қадірлеген, өткен тарихын мақтан ете отырып одан тәлім ала білген текті ұрпақтың қолында.

Қандай да бір сала туралы сөз қозғағанда бұл бағытта жастардың алар орнын айтпай кету мүмкін емес. Сол секілді дін саласында мәселе көтергенде де жастар тақырыбына қол ұрмау мүмкін емес. Себебі жастарымыздың дінге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Қандай діннің ғибадат үйіне бас сұқпаңыз ол жерден жастарды кездестіруіңіз ақиқат. Тіпті діни тақырыптардағы түрлі әлеуметтік желі парақшаларын үзбей бақылап, ондағы жылт еткен жаңалықты қалт жібермей қадағалап отырған да осы – жастар. Өкінішке орай осы бір әлеуметтік желілердегі жалған діни ақпараттардан опық жеп жатқанымыз да баршылық.

Дін жастарды несімен қызықтырады? Жастардың пікірі бойынша, дін — адамдарды сабырлыққа және адамдарға деген сүйіспеншілікке тәрбиелей отырып, олардың бойында болашаққа деген сенімділікті қалыптастырады. Көптеген жастар үшін Жаратушыға деген сенім өмірдегі мәнді құндылық ретінде жақсылыққа деген үміт болып табылады. Демек, дін – адамның рухани қалыптасуы мен дамуында шешуші ықпал ететін факторлардың қатарынан орын алады.

Заманына қарай адамы демекші бүгінгі қоғамның жастарын бұрынғы жастармен салыстырғанда өзгешелеу. Олардың ой-өрісі, талпынысы, сауық-сайран құруы, былай айтқанда, адами құндылықтары бөлектеу. Бірақ жастарымыз жалпыадамзаттық мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтардың да бар екенін естен шығармаулары қажет. Онсыз тұлға толыққанды қалыптаса алмайды. Абай һәкімнің тілімен айтқанда «кемел адам» бола алмайды.

Жас ұрпақты деструктивті діни ағымдардан сақтандырудың маңызы неде? Ең бірінші оларға қауіп-қатерлердің қайдан және неден келетінін түсіндіру қажет. Жастар деструктивті діни ағымның сана мен саулыққа кері әсер ететінін саналы түрде ұғынулары тиіс. Осындай дін атын жамылған ағымдарға қарсы жастар бойындағы иммунинет – ол діни, рухани-адамгершілік және моральдық ұғымдар. Халқының тарихы мен салт-дәстүрі, ғасырлардан жеткен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі жастардың адастырмас темірқазығы болмақ. Осындай құндылықтар ғана жастарды, жасөспірімдерді теріс діни идеологиялардың құрсауынан құтқарады.

Дін саласында арнайы діни білімнің болмауы, шала сауаттылық та деструктивті діни ағымның құрсауына, торына түсуге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Жат ағымдармен күресте тек күш қолдану тәсілі тиімді нәтиже бере бермейді, сондықтан бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргізу ләзім. Яғни, діни сауаттылық қажет-ақ. Идеологияға қарсы идеология қою арқылы ағартушылық жолмен күресу қажет. Жастарға шынайы діни білім беріп, олардың білім көкжиегін кеңейту керек. Адамгершілік тәрбиеде діни құндылықтарды пайдалану, сондай-ақ дін мен мектептерді шебер байланыстыру нүктелерін дұрыс таба білу — бүгінгі заманда оң нәтиже берері сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» — демекші, ауызбіршілік пен ынтымақта, қоғам мен дін қызметкерлері жастарды дұрыс тәрбиелеуде күш біріктіруі арқылы жастарды сақтай аламыз.  

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің негізгі мақсаты – дін саласындағы әртүрлі бағыттағы ақпарттық материалдар қорын жинақтау және дін мәселесі бойынша ізденіс жұмыстарын жүргізіп жатқан жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету. Ұлттық құндылықтарға негізделген танымдарын кеңейту үшін барынша жағдай жасау, деструктивті діни ағымдар мен дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалына түскен жастармен жекелей жұмыс істеп, оларға теологиялық, құқықтық және психологиялық көмек көрсету.

Елімізде дін мәселесі күрделіленіп тұрған уақытта мемлекетіміздің діни саясатын нығайтып, халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы қалыптасқан діні және басқа да әлемдік діндердің тарихы мен рухани құндылықтарынан жастарды хабардар етіп, олардың санасында басқа сенімдерге деген құрмет пен төзімділікті қалыптастыру да осы біздің басты міндеттеріміздің бірі.

 

Сапарниязов Қ,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дің магистранты,

ғылыми жетекшісі,

Альджанова Н.К

Дінтану және мәдениеттану

 кафедрасының кафедра

меңгерушісінің ғылыми-инновациялық

 жұмыс және халықаралық байланыстар

жөніндегі орынбасары, доцент м.а

https:/www/kaznu.kz/