Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
жеке
блог

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Тіл – халықтың қарым-қатынас құралы. Қасиетті тілімізді жоғалтпау, мәртебесін көтеріп, деңгейін түсірмеу біздің қолымызда. Айта өтсек, мемлекеттік тіл дейміз, мемлекеттік тілге қазақ тілінің жататынын аңғаруымыз керек. Қазіргі жастардың Қазақстанда жүріп, ұлты қазақ бола тұра өз тілінде сөйлемегенін жиі кездестіретін болыппын. Бұл сонда қалыпты жағдайға айналып кетті ме?

Қазақстан көпұлтты мемлекет дейміз, ендігі кезекте, барлық мемлекет тұрғындарын қазақ тілде сөйлетуді мәжбүрлі жүзеге асыру қажет деген пікірлер айтылып жатыр, дегенмен бұл жайттың күмән күдігі басымырақ. Өйткені, өз кәсібін дөңгелетіп отырған қандай да бір ұлттар үшін, қазақ тілін меңгеру қаншалықты тиімді деген сұрақ туындайды. Қазақстандағы өзге ұлттар мен диаспораларға біздің қандай үлгі көрсеткеніміз болады.

Қазақстандықтар өз тілінде емес, өзге тілде сайрайды екен деген сөзге қалып жатқан жоқпыз ба? Осылай жүре берсек, біздің, күндердің бір күні тілімізден айырылу қауіпі бар. Тіл тағдыры ел тағдырымен бір болғандықтан, тілдің мәңгі жасауы халықтың ұлттық құндылықтарын біртұтас сақтай алуында. Қасиетті тіліміз бізге оңайлықпен жеткен жоқ, Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханұлы сынды ұлт зиялыларының ерен еңбегімен келген ұлттық мұрамыз.

Заманның қысымына қарамай ұлт болашағын бұлыңғыр қылмау мақсатында, зиялыларымыздың ұсынған жолдары айрықша болды, дәл осы "тіл" бізге жеткен асыл мұра іспеттес. Егер де осы асыл мұраны аяқ асты етер болсақ, біздің, "қазақ" атымызға үлкен сын. Көлденең келген көк аттыға өз елімізде жүріп, оның тілінде сөйлесек біздің ұлттың, тілдің қандай қадір-қасиеті қалды. Қандай жағдайда болмасын "тіл"-ді сақтау, ұлттық құндылықты құрметтеу басты мақсат. Тілді құрметтейтін ел ретінде алдымен, қазақ тілін біліп, орыс және ағылшын тілдерін белгілі бір мақсаттар үшін меңгеруіміз керек. Оны күнделікті пайдалану қажет емес деп санаймын.

Еліміздің бәсекеге қабілеттілігі үшін елбасымыз «Үштұғырлы тіл» саясатын енгізген болатын. Ондағы мақсат елімізге ағылшын, орыс тілдерін үйретіп, қазақ тілін жерге көму емес. Тек заманның талабына сай халық болу, бір тілмен ғана шектелмей өзге тілді белгілі бір мақсатта пайдалану болатын.

Дана халқымыздың «өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген нақылы қазақ тілінің маңызын нақтылай түсті. Біздің халыққа орыс тілінің басымдығын сөз етсек болғаны, «қаншама жыл орыс құрсауында болдық» деген сылтаулар айтылады. Бұл артық әңгіме деп санаймын, себебі біз қазір жеке дара "Қазақстан" деген мемлекетпіз өзіміздің жеке тіліміз, дініміз, ұлттық құндылықтарымыз бар соны ескере отырып, өзге ұлттың тілін араластырып ұлттық тілді шұбарландыру қажет емес деп санаймын!

Қорыта келсек, қазір қазақ тілінің жағдайы аса күрделі жағдайда! Өз ана тіліміздің мәртебесін арттыру өз қолымызда екенін айта отырып, төл тілімізді жоғалтпай, оны тек төрге сүйрейік! Тіл мәртебесі - ел мәртебесі!

Қазақ Ұлттық университеті
Журналистика факультеті Кино&Медиа мамандығының 1 курс студенті Игілікова Ақнұр
Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б.Рушанова