• 451.15
  • 503.11
  • 4.94

Қазақстан аумағындағы сенімдер, діни сана ерекшеліктері

Қазақстан аумағындағы сенімдер, діни сана ерекшеліктері
жеке
блог

Діни философ Шәкәрім түркілердің наным-сенімі жайында: «Түріктер ескі заманда будда, христиан, зәрдәшт діні сықылды әртүрлі дінге кірсе де, онан да бұрын өздерінің бір түрлі діні болған, оның анығы білінбесе де, ескі замандағы қытайлар сықылданып, жер, ағаш, темір, от, су сол бес нәрсені құрметтеген... және түрік жұрты бұрынғы ескі ғұрыптарын осы уақытқа шейін қоймаған. Бір түрік қатын алғанда қазақша қалыңмал, түрікше – ағырлық деп мал беретұғыны, және қазақша көрімдік, түрікше иу көрмек деп және қазақша қол ұстамақ, түрікше – ал өпмек деп сый беретұғыны сол ескі заманнан қалған және осы күнгі қазақтың әрбір аумағы он-жүз жылдан бұрынғы ұнғұнамаларын, яғни таңба белгілерін қалдырған жоқ. Қыпшақтар 600 жылдардағы қытай жазушылары жазатұғын найза сықылды таңбаларын қол қойған орнына салады. Және 600 жылдан бері мұсылман жұртына кірген керейіт, яғни керейлер тіпті ескі замандағы крешт таңбаларын салады», – деп халықта ескі салттық ғұрыптардың ғасырлар бойғы сабақтастығын растайды. [1]. Ислам дінің тұрғылықты қарапайым адамдар психикасының тылсым қабаттарына тереңдеп бойлай алмағаны көрінеді. Тәңірілік дін мен ислам тек дүниетанымдық жүйелер ғана емес, олар – өмірлік бағдарлар. Міне сондықтан өзара кірігу мен келісім, симбиоз болғанға дейін алдымен қақтығыстар туындайды [2]. Өмір бар жерде өлім бар деген халық даналығы. Қазақтарда өлген адамды құрметпен шығарып салу рәсімдері сақталған. Қазақ ғұрпы бойынша өлген адамды бірден үйдің оң жағына салатын, тіпті жеке үй тіксе де соның оң жағында ұстайтын [3]. Қайтыс болған адамды сол түні туыстары, ауыл ақсақалдары күзетеді. Кешке қонақасы беріледі. Қазақ өлімді естіртеді және жоқтайды. Естірту де, жоқтау да қазақтар арасында жалғасып келе жатқан салт. М. Әуезов оларды ел салтындағы шер өлеңдеріне жатқызады. «Ескі қазақ салтында көп елді күйзелтетін қайғыны арнаулы өлең, толғау арқылы естіртетін әдет болған. Хан өлгенде естірту, ардақты азамат өлгенде жан күйлеріне естірту өлең ескі қазақтың өмірінде қуанышын ұлғайтып, қайғысын кемітетін жұбанышты белгісі болған. Дүниеге келгенде өлеңмен қарсы алып, дүниеден көшкенде өлеңмен жөнелтетін. Жалпақ қазақ тіршілігінде сұлу сөз кімнің де болса сүйеуі болатын», – деп жазды [4] . Жоқтауды әдетте әйел адамдар мен қыздар айтқан. Осындай салттармен қатар мұсылмандық ғұрыптар да «жаназа шығару» – қайтыс болған адамды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі орындалған. Шариғат заңы бойынша жиналған жамағаттан «Бұл кісі жақсы адам ба?», «Марқұмнан ешкімнің алашағы, берешегі жоқ па?» – деп сұрайды. Алашағы бар адам сұрауға да, алуға да, кешіруге де хақысы бар. Осы салттар қазіргі кездері де өлік жөнелтуде қазақтар арасында сақталған. Ислам діні қағидаттары мен халықтың салттары қатар өріліп үйлесім тапқан. Қазақ даласына жаулап алушылармен қоса ислам дінін таратушы миссионерлер де ағыла бастады. Ш. Уәлиханов бұл үдерісті «Сахарадағы мұсылмандық туралы» еңбегінде мұсылмандық әлі де қазақтардың «сүйегі мен қанына» сіңіп болған жоқ деп бағалаған болатын. Ислам қырда татар молдасы мен Орта Азиялық ишандардың өздерінің жаңа діни ілімін таратуы арқылы жүзеге асты. Халықтың ежелден қалыптасқан өзіндік сән-салтанатты өмір салтының кейбір элементтерінің ығыстырылуына Шоқан өзінің наразылығын білдіреді. Мысалы халық арасындағы ойын-сауық, той-томалақтарды сайтандық деп тану, халықтық аңыз, ертегі, заң және сот әдет-ғұрыптарына ислам қағидаларын жөнсіз енгізуді де қаламағаны байқалады. Сондықтан да өз ұлтын өркениетті ұлттар қатарына қосуды көксеген ағартушы-ғалым үкіметтен кезкелген білімге қастандықпен қарайтын дінге қамқорлық жасамауын, сондай-ақ құдайға сыйынуды үрей мен таяққа негізделген заңдарды сахараға енгізбеуін талап еткен [5]. Бұл пікірлер діни сенім бостандығына деген көзқарастардан туындаған еді. Қазіргі әлемде мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын дәстүрлі ханафи мазхабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Құран үкімдерінде, хадистерде, ислам ғұламаларының пәтуасында қарастырылмаған қандай да бір жағдайға қатысты жергілікті халықтың әдетғұрпы арқылы шешім берілген болса, сол әдет пәтуа ретінде қабылданады. Ежелгі діндер мен мәдениеттің алып құрылысы Могау үңгірлері жайында Қытайдағы түркітанушы ғалымдар мен деректанушы ғалымның топшылаулары бойынша ол үңгірлерді ең алғашқыда буддаға сенетін түріктер жасаған. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Могау үңгірлері ішіндегі ном кітаптар жасырылған үңгірден табылған ежелгі заманның қолжазбалары. Олардың маңыздыларын өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында еуропалықтар, солардың ішінде венгриялық Стеин бастаған мәдениетті ұрылар тонап кеткен. Аталмыш қолжазбалар қытай иероглифтерінен тыс соғды, көне түркі, ежелгі ұйғыр, көне сирия, тибет, таңғұт, қидан жазуларында жазылған. Сол замандардағы түркілердің киім үлгілері, ғұрыптары бейнеленген 158 үлгінің бар екендігіне куәландырады [6]. Ежелгі түркілердің кісі өлгенде әйелдері беттерін тіліп, шашын жұлып қан шығаратын салттары болғандығын [7 ] және дәл осы жағдайды бейнелейтін суреттер салынған үңгір деректерін алға тартады. Түркілік мәдениеттің даму эволюциясында талай-талай өзгерістер болды. Руникалық жазулар деп аталған түркі жазуы түрік қағандығын құрған Құтлуғ, Тоныкөк, Күлтегін және Иолығтегін 552-744 жылдардағы кең қолданған 64 жазу. Қазіргі кезеңде Қазақстан аумағынан этнографиялық зерттеулер жүргізу барысында руникалық жазулары бар ескерткіштер табылып жатыр. Бұл жазулардан түркілер мәдениетінен көптеген мәліметтер алуға болады. Түріктердің тарихы, мақсаттары, мұраттары, сыйынатын діні туралы суреттемелерді табасыз [8]. Исламға дейінгі халықтың тұтынған діни көзқарастарының қатал қуғындалуы жайында А. Х. Қасымжанов: «Ислам діннің таралу дәуірінде оған дейінгі діни сенімдер қатал қуғындауға ұшырап, жойыла жаздады. Өте ертедегі түркі жазбасының, «руна» жазуының жойылып кетуін мүмкін сол қатал қуғындалумен түсіндіруге болар», – деп жазды [9] . Өкінішке орай түркі жазулары қолдану аясынан шығып, түркілердің өздеріне жаттанды. Түріктердің өздері оқи алмайтын «өлі жазуға айналды». XVIII ғасырда Еуропа ғалымдары Д. Мессершмидт пен И. Стреленберг Орхон мен Енисей өзендері бойынан көне жазуларды кездестіреді. Ғылымда «ОрхонЕнисей жазбалары» деген ұғым қалыптастырды. Күлтегін ескерткішінің қираған орнын Орхон өзенінің бойынан үлкен тас ескерткішке қашалып жазылған жазуды 1889 жылы Н. М. Ядринцев ашқан болатын. Ал В. Томсен және В. В. Радлов сынды зерттеуші-ғалымдар тасқа қашалған ежелгі бабалар тілінің сырын ашып сөйлетті. Бірінші мыңжылдықтың аяғында руникалық жазулар қолданудан ығыстырыла бастайды. Оның орнын ұйғыр курсив жазуы алды. Ол да түркі жазуы, бірақ руникалық емес. Бұл кезеңдерде Қазақстанда ислам діні қабылданғандықтан, көне түркі жазуларының орнын араб жазулары басты. Ислам діні тарала бастаған кездері қазақ жерінде бірнеше жазу үлгілері қатар қызмет көрсеткен уақыттар болатын. Руникалық және курсивтік – ежелгі түркі жазуларымен қоса ирандық (соғдылық) жазулар болды. Бұл байырғы қазақ жері тұрғындарының сауаттылығының айғағы.

Әдебиеттер тізімі:

1.       Қасымжанов А. Х. Дала кеңістігі // «Әлемдік философиялық мұра». Жиырма томдық. 20-том. «Қазіргі түрік философиясы». – Алматы: Жазушы. 2009. – 512 б.

2.       Арғынбаев Х. А. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихиэтнографиялық шолу). – Алматы: Ғылым, 1973. – 328 б.

3.       Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 б

4.       Уәлиханов Ш.Ш. Сахарадағы мұсылмандық туралы. Таңдамалы. 2-бас. – Алматы: Жазушы, 1985. 560 б.

5.       Ынтықанұлы Қ. Могау үңгірінің құпиясы // «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы. № 2, 11. 2013. 32-35 бб.

6.       Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. – М. - Л.: Изд-во Акад. наук СССР, 1950. -471 с.

7.       Аманжолов А.С. История и теория древнетюркского письма. – Алматы:ЗАО Издательство «Мектеп», 2003. – 368 с

8.       Зиманов С., Өсеров Н. Қазақ әдет-ғұрып заңдарына шариаттың әсері (момнография). – Алматы: Жеті жарғы, 1998. – 128 б.

9.       Қазақ бақсы балгерлері. Құрастырған Ж. Дәуренбеков, Е. Тұрсынов. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 224 б.

 

 

 

Олжабай Н.,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің магистранты,

Мұқан Н.,ғылыми жетекшісі,м.а. доцент

https://www.kaznu.kz/