ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ: ПАЙДАСЫЗ СПАРРИНГТЕР

ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ: ПАЙДАСЫЗ СПАРРИНГТЕР
жеке
блог

Төрткүл дүниенің назары Катарда басталғалы тұрған әлем чемпионатына ауып жатқанда, футболдан ұлттық құрамамыз екі бірдей жолдастық кездесу өткізді. Екеуі де сырт алаңда. Екеуі де азиялық құрамалармен. Атап айтсақ, 16 қарашада  Өзбекстанмен, 19 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерімен күш сынасты.

Жалпы, қараша айы ұлттық құрамамыз үшін көбіне ауыр соғады. Қараша айында футболшыларымыздың сәтті ойнап, жақсы нәтижеге жете қоюы қиын. Мұны ұзаққа созылған маусымда футболшыларымыздың шаршауымен түсіндіруге болады. Жоғарыда аталған екі ойында да құраманың ойындары тым сүреңсіз болды, құрамында түгел дерлік тәжірибелі ойыншылар болғанымен, көрсеткен шеберліктері нашар, тәжірибесіз футболшылар секілді болды да  қалды.

Түптеп келгенде, осы матчтардан алдын ғана құрама бапкерлігі міндетін тағы екі жылға ұзартқан Магомед Адиевтің позициясын түсіне алған жоқпыз. “Бұл жолдастық кездесу ғана ғой” деп жеңілістерін ақтағысы келген жаттықтырушы ойынға неге жастарды көбірек тартпаған? Алаңға шыққандардың дені 30-дан асқандар немесе сол “орда бұзар” жасты омыраулап қалғандар. Ары кетсе алдағы 1-2 жыл көлемінде ғана құрама ойындарына атсалысуы мүмкін “қарттарды” мұндай маусым соңындағы ойынға шығарудың себебі неде? Ойын барысында да футболшыларымыздың қатты қалжырағандағы экранның бергі жағындағы бізге де анық байқалып тұрды. Құрамаға екі жылдан соң оралған Бауыржан Исламхан да ештеңе көрсете алмады. Мұндай жасы ұлғайған, шаршаған ойыншыларды қысқы демалысқа жіберіп, маусым бойына қосалқы құрамда отырып, күшін қайда жұмсарын білмей жүрген жастарды ойынға қосқаны пайдалырақ еді. “Әуе падищасы” саналатын Сергей Малыйдың кесірінен қақпамызға үш доп еніп кетті. Осымен украин қорғаушының құрамадағы карьерасы да мәресіне жететін сияқты. Екі ойында қарсы қақпаға қанша соққы бағыттадық дейсіз ғой? Алты-ақ соққы.

Мақтаулы Адиевтің соңғы үш ойындағы көрсеткіші — үш жеңіліс, доп айырмасы — 1:7. Қарсыластарымыз өзіміз деңгейлес құрамалар. Сонда мына спаррингтерден не ұттық? Не жастарды сынамадық, не қанағаттанарлық нәтижеге жетпедік. Бәрінен де кезінде өзіміз менсінбей тастап кеткен Азия құрамаларынан тізе бүккеніміз қынжылтады. Азияда жүріп  те футбол ойнай беруге болатынын Өзбекстан мен БАӘ құрамалары көзімізді бақырайтып қойып дәлелдеп берді. Құраманың ілбіген ойынын көріп отырып, “мына шіркіндер шынымен өткенде ғана Словакия мен Беларусьті ұтты ма?” деп таң қаласың. “Ресми ойындарда барымызды саламыз” деген Адиевтің кереметін көктемде Дания мен Словенияға қарсы ойындарда көреміз. Өйткені ЕУРО-2024 іріктеуін құрамамыз осы командалармен бастайды.

Комментаторлар да, Адиев те, жоғарыда айтқанымыздай, “маусым соңы ғой, жігіттер шаршады” деп ақтағысы келді. Өзбектерде де маусымның соңы ғой. Олар шаршамаған ба сонда? Бірақ өзбектер басқаша ойнады, оның үстіне жастарға жол берді (айта кетейік, олардың негізгі құрамда ойнаған 11 футболшысының да ұлты — өзбек).

Соңғы екі ойында Қазақстан сапында алаңға шыққан жастары отыздан асқан футболшылар: Игорь Шатских, Сергей Малый, Асқат Тағыберген, Михаил Габышев, Тимур Досмағамбетов, Аслан Дарабаев, Дмитрий Шомко. Жеті футболшы. Бұл дегенің жарты команда емес пе? “Адиев мырза, жастарды шығарсайшы!” дегіміз келді. Мұны бізсіз де өзі түйсінуі қажет еді. Түйсінген де шығар. Бірақ олай жасамады...

Бір қызық факт: 1998 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде тап осы Өзбекстан және БАӘ құрамаларымен бір топқа түскен едік. Екі құрамадан да сырт алаңда ойсырай ұтылдық, екі ойында да есеп — 0:4... Бұл жолы ірі есеппен ұтылмадық. Бәлкім осыған да қуануымыз керек шығар...