Бүгіннен бастап блог жүргізбекпіз!

Бүгіннен бастап блог жүргізбекпіз!
жеке
блог

Сәлем бердік!

Біздер «БЛОГ» деген сөзді естіп жүргенімізбен, анықтамасына тереңірек үңілуге қадамды бүгін бірінші рет жасап отырмыз. Блогты жүргізудегі біздің қояр мақсатымыз – классикалық музыка мен академиялық ән айтуды дәріптеуді көздеген тобымыздың жаңалықтарымен, жасап жатқан жұмыстарымен, осы сайтта шығармашылығымызға қызығушылық танытқан тыңдармандармен ой бөлісу болмақ деп түйіндедік. Ол үшін бұл ең тиімді құрал екен. Бірақ, тек осы қорытындымен шектеліп қаламыз деп те кесіп айтпаймыз.

Жас топ болғандықтан енді өзімізді таныстыра кеткеніміз жөн болар. Төртеуміздің басымызды өткен жылдың қаңтар айында біріктіріп, «Парасат» деген атпен өнер әлеміне топ қылып жол аштырған продюсеріміз танымал «МузАРТ» тобының белді әншісі Сәкен Майғазиев.

Итальяндық А. Челентаноның репертуарынан алынып, академиялық мәнермен орындап шыққан  «Confessa» атты алғашқы әнімізге бейнебаян түсіріліп, күзде тыңдармандарға жол тартқан.

Ал, осы Массагет.кз сайтының еліміздің тәуелсіздігі қарсаңында ашылуына байланысты сайт ұжымының өтінішімен тобымыздың орындауындағы отанымыздың Әнұранына жасалған бейнеролик пен топ тарихындағы алғашқы сұхбатымыз 16 желтоқсан күні сайт төрінен орын алған болатын. Топ мүшелері жайлы толығырақ мәлімет осы сайтта жақын арада сол сұқбаттың жалғасы ретінде жарияланбақ.

Сонымен, тобымыздың бір жыл ғана бұрын бастаған күнделігінің бүгін жасаған жаңаша бір қадамымызбен тағы бір беті толды. Оны дәл осы жерде толықтырғанымызға қуаныштымыз!!!