Ыстықкөл - Қаскелең - Кемер

Ыстықкөл - Қаскелең - Кемер
жеке
блог

Жаз мен үшін жақсы көңіл-күймен және үлкен жоспарлармен басталған еді. Үш айға басқа елге (приоритетте АҚШ) ағылшын курстарын оқуға кеткім келіп жүрді. Алайда бір ай созбалап жүрген жоспарымның соңында тек күлі қалды. Солай "пляж" маусымын мен тамызда ғана Ыстықкөл жағасында аштым. 

ҚазҰУ-лық пансионаттың "салтанаты" мен судың суығын жақсы компания жуып-шайып кетті. Қайда бармасаң да, ең бастысы кіммен барғаның. Біздің компаниямыз - ҚазҰУ-дың "мен, мен" деп тұрған ең белсенділердің белсенділері: әнші, биші, квнщиктер - бір сөзбен айтқанда мерекені өздерімен алып жүретін көңілді адамдар. 

Таңға дейінгі мафия, кеш сайын дискотека, нептун күні, гитарамен әндер - 2012-жылғы Ыстықкөл осындай ыстық та қызықты шақтармен бізді шығарып салды. 

Келесі бір жағымды естелікті Қаскелең жақтағы "Хоум Клаб" демалыс орнына барлық Ювижн ұжымымен барған кезіміз сыйлады. Өте әдемі жер. Әлі еш жерге шығармаған "эксклюзивті" суреттермен бөлісейін. 

Кешкілік "крокодил" ойыны, уно, түңгі сауна, тәтті қарбыз, адский стайл - ұжымдық демалыстың да өзіндік қызықтары көп болды:) 

Содан тек шілденің соңында шет елге шығуға мүмкіндік туды. Түркия еліне. Дәлірек айтсақ, Кемер, Чамюве ауылы. Алматыдағы "Дафне трэвел"-дегі Мақпалға арнайы алғыс: таңдап, кеңес берген қонақ үйі Баян екеуіміздің барлық талаптарымызды орындап, көңілімізден шықты. 

Әрине Ыстықкөлмен салыстыруға келмес, ең алдымен, суын алатын болсақ: Ыстықкөлде суға кіру үшін бес сағат үйренісіп кеткеніңше, дірілдеп тұрасың, ал Жерортаның суы -керемет, сәл тұздылығы болмаса, жып-жылы, шыққың келмейді. Ыстықкөл тау жақта орналасқандықтан, загары да қатты, тез күйдіріп жібереді. Ал Жерортаның жағымды климаты, загардың тегіс әрі әдемі түсуіне ықпал етеді. 

Түріктердің сервисі, тамағы әрдайым жақсы болған, сондықтан оған екпін қоймай-ақ қояйын. Баян түрікше жақсы сөйлейді, менің оған қарап жүріп үйренген біраз түрікшем бар, әйтеуір отельдегі жұлдыз болдық:) 

Әрине көбісі "түрік жігіттерінің" әңгімесін күтеді. Алматыға қайтар жолда Баян екеуіміз "дұрыс түрік жігітінің жабайы түріктен 10 айырмашылығы" деген мақала жазайық деп күліскен болатынбыз. Әрине барлық жердегідей, ол жақта да мәдениеттілер мен онша медениетті еместері болды. Алайда әңгіме оларда емес. Меніңше, өзіңнің күйің қандай болса, саяхат барысында сондай адамдарға кезігесің. Ал біз жалпы түріктерді ұнатамыз:)

7 күнгі демалысымыз 7 минуттай өтіп кетті. Сондықтан бірден 10 күнге алу дұрыс болар. 

Ол жақтағы түріктердің көбісі Стамбулдан, бәрі де бір ауыздан Стамбулдан гюзель қала жоқ дейді, оның үстіне Стамбулға деген қызығушылығымды өзіммен бірге алып кеткен Эльчин Сафарлидың "Сладкая соль Босфора" кітабы күшейтіп отырды. Сондықтан демалыстан жаңа жерге деген сүйіспеншілікпен қайттым. 

Жалпы әрбір "үйден шығу" мен үшін үлкен сый. Өйткені әрбір саяхат сайын өзіңді жақсырақ танып келетін сияқтысың. Жаңа әсер, жаңа адамдар мен жаңа сезімдер. Бұл саяхатқа мен шынайы, таза адамдар үшін, Алматыда мезі еткен жасандылықтан ада қарым-қатынас үшін, жалпы позитивке, махаббатқа толы энергия үшін алғыс айтам:)

Ақ теңіз, Алматының қоңыр күзінде сені сағынып отырмын. 

P.S

Түріктердің мерекесіне тап болдық: