Венгрияға сапар. Аман жүрсін достарым менің

Венгрияға сапар. Аман жүрсін достарым менің
жеке
блог

Құрылтайға 22 елден келді деп айтып едім бір сөзімде. Ең көп қазақ делегациясы болды. Бас-аяғы 47 адам болыппыз. Өзгелерде аздау. Ең аз Кипр мен Дағыстан елдерінен келді. Үш адам ғана.

Сапар кезінде барлығымыз бір-бірімізбен тілдесіп, танысып жаттық. Бір-біріміздің тілімізді білмесек те, жылы шырай білдіріп жаттық. Көп елмен орыс тілінде тілдестік. Өзгелермен ағылшын я түрік тілінде сөйлесуге тура келді. Тіл білгенім қандай жақсы, еш қиналған жоқпын. Бұл жазбамда сапар кезінде танысқан достарым туралы кеңінен айтуды жөн санадым.

Әзірбайжан

Қарт Каспийдің арғы жағындағы елден келген делегация мүшелерінің ішіндегі ең бірінше Сабир Паша беймен таныстым. Алпысты алқымдап қалған қарт атай сондай мейірімді. Қыз балаларға деген құрметі ерекше. «Қыз – ана, ел тірегі, ошақ иесі, ұлт болашағы» деп жиі-жиі айтып жүрді. Немересімен жасты маған бірден игі тілектерін айтып жатты. Ол кісі тарихшы екен. Зейнетке шықса да, жұмысын тастамаған. «Шамам барда, бойдағы күш-қуат барда неліктен жұмыс істемей отыруым керек?!» деп ағынан жарылды.


Төрт ұлы, бір қызы, тоғыз немересі бар екен. «Түйгенім, қыз бала ең оңды. Ұл да, жақсы. Тек қыздың орны бөлек» дегенде мен бір марқайып қалдым. Ақтөбеде екі мәрте болыпты-мыс. Тойға барған көрінеді. Енді қазақ елінің өзге қалаларын көруді жазсын деп өзі ниет етті.


Келесі танысқан әзірбайжандық достар Самир бей мен Айгюн ханым. Ерлі-зайыпты олар сондай керемет жандар. Ақ пейіл, жаны жайсаң, жүректері кең. Әзірбайжанда Қазақ деген өлке бар екен. Ескіде ол жақта қазақтар, оның ішінде қыпшақтар мекендеген екен. Қазір де бар, бірақ олар жергілікті халықпен сіңісіп кеткен. Айгюн ханым сол ауылдан екен. «Нағашыларым қыпшақтар, қазақ жиенімін» дегенде жаным жылып қалды. Сол өлкенің диалект сөздері қазақ тіліне ұқсас келеді екен. Айгюн ханым сөйлегенде байқалады. Екеуі де ғылыми қызметкерлер. Үйленгендеріне аса көп бола қоймаған. Сондай жарасымды жұп. Айгюн ханым бірнеше тіл біледі. Орыс тілінде аз-маз сөйлейді. Самир бей орыс тілін түсінгенменен, сөйлей алмайды. Сондықтан да біз түрікше сөйлестік. Самир бей маған тегін айтқанда таңқалдым. Тегі Тұран екен. Өз тегі емес екен. Лақап тек қойып алған. Өзіне Тұран деген сөз қатты ұнайды, өзін тұранның бірімін дейді. Сөзден сөз шығып ол «Тұран» этно-фольклорлық ансамблін сүйіп тыңдайтынын айтып қалды. Содан мен олар да осында жүр деп едім, қуаныштан жүрегі жарылып, жағы қарысып қала жаздады. Жедел жігіттермен танысуға, олармен дидарласуға асықты. Кейін танысып, альбомын алып, мәз-мейрам болып жатты. Жас жұбайлар құрылтайдың өзіне ұлттық киімімен келді. Сұрасам, бұл олардың тойда киген киімдері екен. Арнайы тіктірткен. Тапсырыс бермес бұрын олар ғаламтордан ежелгі тұран ою-өрнектерін зерттеп, ең, ең дегендерін киімге өрнектеген екен. Самир бей осы киімін кию үшін 1 апта бойы сақал өсірген. Құрылтайдан соң, қырынып қалғанда басқа адам болып шыққандай. Керемет жандармен таныстығым ұзағынан болатынына үлкен сенім артамын.