Көңіл күнделігі

Көңіл күнделігі
жеке
блог

Армысыздар, қадірлі ағайын, қымбатты замандастар!

Ғазиза құрбым «кітап парақтағандай» деп айтқан «Көңіл күнделігінің» келесі беттерін жазуға кірісіп отырмын. Құдай қуат берсін! Алғашқы жазбамды жылы қабылдап, пікір-лебіздерін білдірген барша замандастарым, құрбы-құрдастарыма шексіз ризашылығымды, алғысымды білдіремін. Қазақ «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» дейді ғой, ең алғашқы болып лебізін білдірген оқырманым Ақерке құрбыма елден алабөтен ыстық ықылас, құрметімді осы сәтті пайдалана отырып жеткізгім келеді. РАХМЕТ! Еңбектеріңізге толағай табыстар тілей отырып, шығармашылық ізденістеріңіз шыңдала берсін дегім келеді. Осы орайда қызмет, шаруа барысы, жұмыс қауырттылығына орай уақыт аралатып білдірілген жауаптарға түсіністікпен қарарсыздар деген ойдамын.

«Ой» демекші күнделіктің алғашқы беттерін жарыққа шығарып, толқу үстінде отырсам қызметтес әріптестерім, көрші бөлімнің жігіттері келіп ойымды бөле бергені. Әлденеге мазасызданып, мені арағайындыққа тартпақшы, «сіз үйтсеңізші, сіз бүйтсеңізші» деген тәрізді. Сыйыса алмай жүргендері жақында ғана бөлім бастығы болып келген Ж. аға арасындағы өзара келіспеушілік. Ж. аға өте бір керемет, өнерлі адам, қолынан келмейтіні жоқ деуге болады, өте мәдениетті, кішіпейіл жан. Туып-өскен жері Талдықорған, руы – Жалайыр. Екеуміз бір кабинетте отырамыз, әңгімеміз, сыйластығымыз жарасымды. Ол кісі басқаратын бөлім «Ақпараттық технологиялар» деп аталады. Жаңағы келген жігіттердің ішіндегі С. бұған бақталас, кезінде осы бөлімді басқарған. С. ана жағынан маған туыс болып келеді, бөле. Өзі Алматы қаласының тумасы, руы - Албан. Бой десе бойы (183 см), түр десе түрі бар өте көрікті сұлу жігіт. О. Жәутіков атындағы физ-мат мектебін, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «қолданбалы математика» мамандығын бітірген. Білімі өте терең, ең қызығарлығы қолына ешқандай қағаз-қалам ұстамайды, бәрі басына жатталып қалған. Комьютер, ноутбуктарды түгел талқандап қайта жинақтап бергенде алдына қара салдыртпайды. Өте шапшаң, жедел, оперативті қимылдайды. Ағылшын тілінде дауласқанда Америка, Ұлыбританиядан келген сол тілдің өкілдеріне дес бермейді. Талай дауына куә болдым, өте бәлеқор. Қазақ: «Жүрген жеріне шөп шықпайды» дейді ғой. Сондай адам екеу болса сыңары, жалғыз болса нақ өзі! Құдай бір нәрсені артық, ал біреусін кем қылып қоятыны бар емес пе?. Сонша талант, сонша білім бергенде соны көтеріп жүрер тәрбие мен мінезден кем жаратыпты. Шындығы сол жүрген жері бір лаң. Кейде күйінесің, кейде сүйінесің. Осының таланты, білімі қор болмасын деп жұмыссыз жүрген жерінен әкеп беделді бір мекемеге орналастырсам үш айдан соң алдыма келіп тұр. Уәжі: кінәлі аналар! Сонымен қойшы, мамасының сөзін жықпай магистратураға түсуіне, қазіргі атқарып жүрген қызметіне орналасуына атсалысуға, ықпал етуге мәжбүр болдым. Сыйлас ағалардың тілін тауып, жалпаңдаған соң сөзімді жықпай жұмысқа алды, бөлім бастығы етіп қойды. Енді, өмір алма-кезек қой, «ер жігіт бірде жарлы, бірде бай» дегендей. Кім қызметке, креслоға жабысып қалған... Маған ұнамай, көңіліме жақпай отырғаны өзімен қоймай бөлім жігіттерін аздырып, көтеріп отырғаны. Турасы - қызғаныштың әсерінен ниеті, ниеттері бұзылып тұр. Жарықтық апам айтушы еді: «Жынды өзі жынды болмайды, елдің бәрін жынды қылады» деп. Рас. Тыныш жүріп, тыныш тұрса, алдындағы қызметін адал атқарып, сіз-біз дессе біреу қой деп па? Қайта қуанып, сүйсініп, елге үлгі етпей ме? Жоқ, жүрген бір әлек. Қарадан қарап тұрып қаның қайнайды... Сөзді ұғар жан табылса білгенімді айттым. Әй, қайдам?! Айтқан ақыл мен сөз бір бөлек те, ой мен ниет бір бөлек қой. Егер де ниеттерін жақсы іс, жақсы жаққа бағыттай алмаса айтқаным айтқан, көп ұзамай түгелге жуық жұмыстан босайды. Басқа жол жоқ. Басы ашық ақиқат, кім өз қол астындағылардың ашықтан-ашық қарсылық жасағанын қалаған дейсіз?. Исламда да айтады: «Ең алдымен Алланы, сонан соң ата-анаңды, сонан соң басшыңды сыйла» деп. Осы айтылған сөз, тәмсіл менің замандастарыма үлгі болса, ой салса дұрыс болар еді...

Күннің нүктесі: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», Әл-Фараби.