Бала тілі - бал

Бала тілі - бал
жеке
блог

«Бала тілі – бал» дейміз. Ал сол баласының тілі уақытында шықпай, қатарластарынан қалып бара жатса ата-ана алаң қылады. Расында да, қазір айналамыздан «балам дұрыс сөйлемейді», «тілі анық емес», «ойын дұрыс жеткізе алмайды», «мықты логопед іздеп жүрміз»  деген пікірлерді жиі естиміз. Логопед маманға деген сұраныстың артуына не себеп, ата-ана нені ескеру керек деген сұрақтарды саралау үшін қонаққа логопед дефектолог маман Шырайлым Ермұратқызы арнайы келіп отыр. 
 
-       Қош келдіңіз, Шырайлым ханым, логопедке көбінесе қандай мәселелермен келеді?
-       Қош көрдік, логопедке түрлі себептермен келеді. Мысалға, «л», «р», «з» әріптерін айта алмай қиналады.  Одан басқа ақыл есінде кемістігі және сөйлеу тілінде кемістігі бар, даунсиндромына, балалар церебральді сал ауруына, аутизмге шалдыққан балаларды әкеледі. Баланың миындағы қандай да бір ақау тіліне әсер етеді.
-       Ал сол балалардың тіліндегі кемістік неден пайда болады деп ойлайсыз?
-       - Кемістік әр түрлі себепке байланысты болады. Денсаулық тұрғысынан айтсақ, бала туылған кезде гипоксия немесе баланың басы қысылып туылуы  мүмкін. Келесі себеп – еркелік. Бірақ қанша ерке болса да бала уақыты келгенде сөйлеп кетеді. Ерке бала сөздерді анық дыбыстамай жатады. Сонымен қатар ата-ана тілі енді шығып келе жатқан балаға уақытында көңіл аудармағандықтан тілде кемістік пайда болуы мүмкін. Әсіресе, «балам басымды қатырмашы, бар мультфильміңді көр» деп балаға атүсті қарап, баламен сөйлеспегендіктен де баланың тілі кеш шығады. Кез келген ата-ана екі жастан бастап баланың тілінде ақаудың бар-жоқтығын анықтай алуы қажет немесе тілінің анық еместігін байқау керек.  Мысалы, дислалия деген ұғым бар, яғни есте сақтай алады, бірақ әріптерді айта алмайды. «Эхолалия» қайталап сөйлейді. Ал тұтығу - мидың кемістігі. Тұтығудың себебі баланың психологиялық жай-күйіне байланысты.
-       Баланың тілі тез шығуы үшін үлкендер нені білуі тиіс?
-       Бала бір жасқа толғанда сөздік қорының тым аз екенін байқасаңыз, бірінші невропатолог маманға жолығу қажет. Ал егер маманға жолығуға қаражатыңыз болмаса, интернеттен саусақтың көмегімен жасалатын артикуляциялық жаттығулардың видеосын тауып алып қарауға болады. Сондай-ақ, балаға айналасындағы кез келген заттың атын атауға тырысыңыз. "Қазір үстіңдегі сұр жемпірді кигізейін. Оның орнына қызылын кигізейін. Аюдың суреті қандай әдемі. Мынау су, оны ағызып, беті-қолыңды жуайық" дегендей. Сондай-ақ, анасы тілімен жаттығу жасап көрсетсе, бала оны міндетті түрде қайталайды.
-       Шырайлым ханым, жауаптарыңызға көп рақмет! Ал, Сіз құрметті оқырман, балаңыздың тілі кеш шыққан кезде не істедіңіз? Бірінші қай маманның көмегіне жүгіндіңіз?