Көңіл күнделігі

Көңіл күнделігі
жеке
блог

Сарыарқаның бір тауы бар,

Бір тауы бар сымбатты.

Сол таудан сен сыр тауып ал

Сыр тауып ал, қымбаттым.

С. Сейфуллин.

 

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Алланың атымен бастаймын!

Сәлем, Әлем!

Ассалаумағалейкүм, қымбатты оқырман, қымбатты алаш жұрты, қымбатты қазақ баласы!

Міне, бүгін мен де Сіздердің қызық-думанды орталарыңызға жаңа блогшы ретінде тіркеліп, қосылуға ниет білдіріп отырмын. Мен тұтқан жол, мен ұстанған бағыт, мен кәсіп еткен іс қандай болмақ керек: ол менің өмірімнің сәулелі сәттерін қамтыған «Көңіл күнделігі» болмақ. Ашығын айтсам, бұрынырақ еш күнделік жазып көрмегеніммен осы іске тәуекел етіп отырмын. Бұған себеп, Massaget.kz порталына деген ерекше сүйіспеншілігім мен қасиетті елім мен жеріме деген шынайы махаббатым деп қабылдарсыздар. Massaget.kz порталына, ондағы қазақ жастары, қатар құрбы-құрдастарымның еңбектеріне деген қызығушылығым менің де осы ортадан табылып, жұмыла, бірлесе іс етуге, елімнің, жерімнің мәртебесін, мерейін көтеруге өз үлесімді қосуға жетелеп отырған тәрізді. Сондықтан, осы порталдың құрылтайшылары мен атқарушыларына, оқырмандары мен пайдаланушыларына шексіз алғыс ризашылығымды білдіремін. Еңбектеріңіз жанып, шығармашылық шыңының биік белесін бағындыра берулеріңізге тілектестігімді білдіргім келеді. Бақытты болыңыздар, бақыттарыңыз баянды болсын! 

Massaget.kz қазақ жастарының жаңа ойын-сауық порталы соңғы кездері менің жиі қатынайтын сайранды ортам болып қана қоймай, өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгерте білген мектеп те бола білді. Қарыз бен Парыз деген ұғымдар болады. Ал, ол тек таза ниет, адал еңбектің нәтижесінде ғана іске аспақ, өтелмек. Міне, осы ойлардың жетегінде жүргенде Ұшқын Мейіргүл құрбымның «Жұмыстан кейінгі уақытты қалай өткізесіз?» атты материалы, ондағы «Күнделік жазыңыз. ...Күнделік демекші, онлайн-күнделік болып саналатын блог та жазуыңызға болады» деген ойлары көптен күткен мәселенің шешімін тауып кетті. Рахмет, бауырым! Егер де үміттеріңізді ақтап, қазақ жастары сайтының көркеюіне қандай да бір үлесім тиіп жатса өзімді бақытты сезінер едім. Жас талап, бұрын кәсіп қылмаған іс болғандықтан артық-кемі байқалмай тұрмайды. Осы жолда барша қазақ жастарынан салиқалы да салмақты ойлар, данагөй ақыл-кеңес, шын сын-пікір күтемін. Бір бірімізді тыңдай, бірігіп іс қылайық, ынтымақшыл, ұйымшыл бола білейік дегім келеді.

Күнделік дегеніміз не, қандай жанр? Француз жазушысы Жюль Ренар: «Күнделік – адам жанының айнасы» деп жазған екен. Ал, surak-zhauap.kz сайтында Айдана есімді бойжеткен: «Күнделік-күнделікті өмірің! Әрбір адам өзіне күнде есеп беріп отырса, өмірде қателігі аз болады. Күнделік сенін сырласың, әрі досың. Досыңа айта алмағанды, оған жазуға болады! Күнделік деген жақсы нәрсе. Мен де жазамын. Бірақ күнде-күнде емес, көңіл-күйім толқу үстінде болғанда, ренжігенде, қуанғанда, бір нәрседен үлкен әсер алған кезде жазамын. Меніңше күнделік жазу Абай атамыздың 15 сөзіндегідей, өзіңнен өзің ең болмағанда жұмасына бір рет есеп алу болуы керек. Уақыт өте келе, керек болып жатса, нағыз, ащысы мен тұщысы қосылған, күлдіретін де жылататын да күнделікті жазуға шама келіп жатса, меніңше келер ұрпақтарға табылмас ескерткіш сияқты ғой» деп жазған екен. Осы айтылған ой-пікір, келтірілген үзінділерден-ақ күнделік деген ұымды, оның табиғатын, жалпы бағыт-бағдарын айқындап алуға болатын сыңайлы. Менің бұған алып қосарым аз.

Сонымен, «Сәрсенбінің сәті» деп, «Бір Аллаға сыйына отырып» осы ІСті қолға алдым. Туындым: «Көңіл күнделігі» деп аталады. Сынаптай сырғып өтіп бара жатқан бұл күн әдеттегі күндерден көп даралана қоймағанмен сүйінішімен қатар көңілге кірбің ұялатар елеулі оқиғаларымен де айырым, ерекшелік таныта алатынына да көз жеткізіп, аңғарып, байқап отырмын. Күнтізбе бойынша Қыркүйектің 12-ші жұлдызы болып келетін осынау күн – менің әкемнің туған күні. Иә, дәл осы күні біздің асқар таудай әкеміз дүниеге келген екен. Ол кісінің дүниеге келуінің өзі жатқан бір шежіре, тарих. Бұл туралы кейінірек «Әке» тақырыбында жеке тоқталмақпын. Таңғы 8-ден аса қарындасым Г. екеуміз әкемізді телефон арқылы құттықтадық. « - ӘКЕ, ТУЫЛҒАН КҮНІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!». Сағат 900 – де жұмыста болдым. Мемлекеттік маңызды мекеме болғандықтан тәртібі қатал, еркелікті көтере қоймайды. Түскі асты орталықтың асханасынан іштік. Әдетте, көрші ғимараттағы арнайы жасақталған «Асханадан» тамақтанатынбыз. Бұрындары ішіміз сезсе де үндей қоймайтынбыз, бірақ кешегі әрекеттері шектен шықты. Кассир жанымдағы Ж. деген ағадан +500 теңге, ал менен +200 теңгеден артық ақшаға есептеді. Ол кісі әдеттегідей кетейін деп тұрды да «Жоқ, сіздікі дұрыс емес?!» деп қайта есептетіп үстіндегі 500 теңгесін қайтарып алды. Ал, мен қатты ыңғайсызданғаным сонша, ішімнен: «Алғаныңыз бойыңызға жұқсын!» деуден арыға аса алмадым. Адамда ұят, иман деген болушы еді, заманның азып, пейілдің бұзылғаны ма? Дүние не болып бара жатыр?. Сонымен қойшы, бүгінгі астың берекесін берсін деп тамақтанып отырғанда Б. хабарласты. Б. маған күйеу болып келеді, кіші жүз таманың жігіті. Нар тұлғалы, епті, пысық. Жыл он екі ай, 24 сағат болсын «қайнаға» деп жаны қалмайды. Мен де Б.-ны аса қадір, құрмет тұтамын. Б.-ның басты ерекшелік, басты қасиеті заманға сай бейімділігі. Жан баласына көзін телміртіп, ісін салмай өз еңбегі, өз харекетімен көтерілген. Отбасын, ағайын-туыс, бауырларын түгелге жуық жұмыспен, дүниемен қамтамасыз етіп отыр. Міне, жақында ғана жалпы ауданы 90 шаршы метр болатын 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Әлі айға да толған жоқ. Енді көшіп, мәре-сәре боламыз ба деп отырғанда шаңырақтары шайқалып отыр. Оған себеп, ойлау өресі тар, ақылы саяз менің аталас, жамағайын болып келетін қарындасым Н.-ның әрекеті. Өзі ұстаздық етеді, мұғалім. Б. оны үлде мен бүлдеге орап, қос-қостан машина да алып берді. Не ішем, не жеймін демеді. Дүниеден тарлық көрмеді. Өзі тауып, өзі харекет қылмаған соң дүниенің, жардың қадірін қайтіп ұқсын. Оны ұқпағанға ел, жер, отбасы, бала-шаға туралы сөз шығындаудың да қажеті шамалы. Б.-ның айтуынша оқиға болған 1-қыркүйек күні Н. еш телефонға жауап бермеген. Кейіннен тұтқаны алғанымен қаланың сыртында екенін, бірақ дәл қай жерде екенін жасырып қалған. «Түннің бір уағында ішімдікке бөккені сонша тәлтіректеп, тілі күрметіліп келіп тұр», - дейді. Ал, енді осы әрекет қыз балаға, әйел затына, ұстаздар қауымына лайық па еді? Қыздың әкесі, Б.-ның қайынатасы ешнәрседен беймахұрым, қайта олардың қуанышына ортақ, қарайласқаным болсын деп қолындағы жылқысын сатып менің шотыма салған екен. Мен оны Б.-ның қолына ұстаттым. Тамақтандырып, шығарып салдым...

Жұмыс аяғында апыл-ғұпыл жиналып, универге асықтым. Өйткені, магистратурадағы сабақтарым басталып кеткен еді. Декан қатал...

Бір күннің оқиғасы осылай өрбіді.

Күннің нүктесі: «Қарындасы адал ер бақытты, келіні адал ел бақытты».