Жас тоғызқұмалақшылар спартакиадасы бастау алды

Жас тоғызқұмалақшылар спартакиадасы бастау алды
жеке
блог

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тоғызқұмалақтан V желілік спартакиада басталды.
Биыл дәстүрлі спартакиада Халықаралық бакалавриат мектебінің базасында өтіп жатыр, сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде NIS IB оқушылары Нұрсая Үмбетәлі мен Ерасыл Жағалбаев бірегей ойынның тарихы мен ережелеріне тоқталып өтті.


Төрешілер командасын дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт төрешісі Нұржан Қоңырбаев пен тоғызқұмалақтан Жетісу облысының аға жаттықтырушысы Бауыржан Шурин құраса, биыл олардың қатары тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Медет Құсайыновпен толықты.


– Қазақ халқының қайталанбас мұрасына айналып, зият пен дәстүрді тоғыстыратын тоғызқұмалақ ойынына қатысатын оқушылармыздың саны артқаны – біз үшін командалық жеңіс, – деп атап өтті NIS-ті дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.


Биыл NIS халықаралық бакалавриат мектебінің намысын Мәнсия Сыздық, Нұрхан Төлеев және Мұқаш Мұратхан қорғайды. Жалпы алғанда спартакиадаға Зияткерлік мектептердің жүзге жуық оқушысы қатысады, байқау аясында #Тоғызқұмалақта тапқырлық бар челленджі де бастау алды.


2020 жылдың соңында тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандарының тізіміне енгізілді.
Тоғызқұмалақтан V онлайн спартакиада PlayOk платформасында 2022 жылдың 10-13 қазан аралығында қашықтан өтеді.