Эстафета: ДЕМАЛЫС

Эстафета: ДЕМАЛЫС
жеке
блог

Негізі биыл демалысқа жоспарлаған ойларым орындалған жоқ. Биылғы жаздың жоспарында Түркістан,Астана,сұлу Көкше бар еді. Алла сатін салса келесі жылдың еншісіне қалдырдым.Негізі Түркістанға талай барып жүрген жерім ғой. Бірақ Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесіне бірде-бір ат басын тіремеппін. Бұным енді ұяттау болды.Астанаға да талай сәті түсті шақырудың. Бірақ үнемі қыс мезгіліне тап келеді. Мен де өлетін жерімді білемін ғой. Қыста өлсем де бармаспын деп жазды күтіп келемін. Ал жазда сәті түспей қойды бір.

    Мен үшін демалыстың ең есте қалғаны Стамбулда өткен күндерім болды.Алла нәсіп етіп, сәуір айы тәуір айы деп ғылыми тағылымдама бойынша жолға шықтық. "Басы қатты болса, аяғы тәтті болады".Эйр Астанамен ұштық. Ұшуға дайындық кезінде ұшақтан орнымды тауып отырғаным сол, көршіміз түрік кәсіпкері екен. араққа сылқия тойып алған. Қалай өткізіп жібергеніне таңым бар.Тиісіп, әбден мазамды алды. Ләм демей отыра бердім. Ақыры болмаған соң стюардер жігіттерді көмекке шақырып, орнымызды ауыстырып беруін сұрадым.Анау түрік ағай сөзге түсінбейді, қоқан-лоққы көрсете бастады жігіттерге.Шаңыраққа қарасын да! ))Содан стюардерлер полиция қызметкерлерін шақырды. Әйтеуір не керек,абырой болғанда күшпен алып кетті. Ашуланған түрік газетпен салып, салып қалмасы бар ма құйрығымна. Қатты қорықтым. Ұрып жібермегеніне шүкір.Сол адамның кесірінен бүкіл жолаушыларды ұшақтан шығарып, қайта тексеруден өткізді.Ұшақтың ішіне жарылғыш зат қойылған жоқ па деп тексеріп, залалсыздандырды. Не керек,бір сағат кешігіп ұштық.

     Стамбул. Ұшақ қонғалы жатыр. Терезеден үңіліп қарсам, Фатмагүл деген сериалдың басында Береен Сат деп басталатын кезде желкенді қайыққа толы көк теңізді көрсетеді ғой. Дала дәл сондай. Әуежайдан шыққан бойда желмен ұшып кете жаздадық. Жаңбыр жауған екен.Күн өте суық болды басында.Эльви сияқты қонақ үйде жатпадым. Бақандай бір ай тұратын болғандықтан пәтер жалдадық. қымбат екен.Үш жүз мың теңгеден алты жүз мың теңгеге екі пәтер жалдап тұрдық. Бірақ сервисі қонақ үйден еш кем емес. бар жағдайы жасалған.Ет пен қазымызды ас-е-е-еп, бауырсақтың иісін бұрқыратып тұрып, үйге еркін қонақ шақыра бересің.

      Шақырту бойынша Босфор жағалауында орналасқан Мимар Синан көркемөнер университетіне бардық. Университеттің тыныс-тіршілігімен танысып,дәрістеріне қатыстық.

Белгілі  шоқайтанушы ғалым, Мимар Синан университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор  Әбдуақап Қара ағамыздың дәрісіне қатыстық.

Маған әсіресе Мармара университетінің түрік тілі мен әдебиет кафедрасының меңгеруші профессор Гөксел Өзтүрікпен кездесу есте қалды. Халық ауыз әдебиетінің фольклор саласы мен қазіргі түрік тілінің өзекті мәселелері бойынша оның айтқан пікірлері мен көзқарастары маған ұмытылмас әсер қалдырды. Және бір қуантарлығы көптеген еңбектердің электронды нұсқасына қол жеткізе алдым.

XIII ғасырда жазылған «Кодекс куманикус» сөздігінің түп-нұсқасымен танысып, электронды нұсқасын алдым. 1972 жылы  АҚШ-ғы атақты Оксфорд университетінен шыққан түркі халықтарының этимологиялық сөздігін,  2007 жылы Анкара түрік тілі қоғамынан шыққан Реджеп Топалының «Қыпшақ  түркі сөздігін», қазіргі түркі тілінің өзекті мәселелері бойынша 430 ғылыми еңбек, ескі түрік тілі және түркология саласы бойынша 69 еңбек. Ескі түрік тілі және түркология саласы бойынша модерндік түркілік зерттеу бағыты бойынша  29 еңбек, Ататүрік кезінде зерттелген тіл саласына байланысты 12 еңбекпен танысып, барлығын да электронды нұсқасын түсіріп алып келдім. «Фольклор және қазіргі түрік әдебиетінің өзекті мәселелері» атты конференцияға қатысып, баяндама оқып сертификат алып келдім. Опшым, олжалы оралдым. ))

миын ашытқан проф Гөксел Өзтүрік

 

Стамбул университетінің Түркология ғылыми зерттеу институты және совет ғалымы Николай Катановтың кітапханасына бардым. 1922 жылы совет ғалымы Николай Катановтың Османлы империясы кезінде 3000 алтын лираға алған 7325 кітабы сақталып, институт кітапханасының қорына тапсырылған. 1931 жылдан бастап сатып алған 10.000 мыңнан астам кітап қоры бүгінде 55000 мыңнан асып жығылады. Кітапхана қорымен танысып, түркология саласы бойынша білім алып жатқан магистранттармен әңгімелестік. Болашақта бізді де өз институттарына Phd оқуға шақырды. Тәжірибеден өту барысында  Стамбул университетінің Түркология ғылыми зерттеу институты мен Катановтың атақты кең кітапханасының библиографиялық базаларымен, электрондық және каталогтық қорларымен таныстым.

Өкінішке орай, кітапхана ішін суретке түсіруге рұқсат жоқ екен. ((

Одан кейін Иылдыз техник университетіне бардық. Ескі түрік тілінің маманы профессор-оқытушы Зүхал Өлмез ханымның түркология саласы бойынша ескі шағатай пәнінен  Phd докторанттарымен өткен дәрісіне қатыстым. Осы аспектіде Зүхал Өлмез ханым көп көмектесті. Шынында түркология аймағындағы үздік маман. Оның көмегінің арқасында мен тек түрік тілінде ғана емес, сонымен қатар шет тілдеріндегі ғылыми басылымдарға да қол жеткіздім.  Университет ауласында жургенде студенттер раушан гүл мен рахат лукум, пайғамбарымыз  Мұхаммедтің (ғ.с.) кішкене хадис кітапшасын сыйға тартты. Себебін сұрасам, пайғамбардың сол күні туған күні екен. Аңыз бойынша пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ғ.с.) иісі раушан гүлдің иісі сияқты болған екен.

Негізі 1883 жылы қаланған Решит паша атындағы бастауыш мектепке бардық. Әңгіме барысында мектеп ұстаздарының жалақы мөлшері 2 мың АҚШ долларын құрайтынын жасырмады. Келешекте де біздің елде білім жүйесіне осындай қамқорлық көрсетеді деген үміттеміз.

ҚАЗАҚ деп соқса ЖҮРЕГІҢ,

ЕЛ үшін болса ТІЛЕГІҢ,

САНАңды сергіт, кел бізге,

КЕШ қалыппын демегің! –деп, бізді белгілі  шоқайтанушы ғалым, Мимар Синан университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор  Әбдуақап Қара ағаның қолдауымен әрі шақыруымен Станбулдағы қазақ жастарының «Сана» интелектуалды пікір-сайыс клубына бардық. Айына екі мәрте жиналып тұратын «Сана» клубы тағы да студенттердің басын қосты. 15-ші сәуір «Қозы Көрпеш Баян сұлу» ғашықтар күнін атап өтті. Жарыс екенін білмей, дайындықсыз барсақ та біздің универдің қыздары бірінші орынды жеңіп алды. Кеш соңында әдеттегідей  бауырсақ және кофе брэйк. Дастарханның ең негізгі астары-қазақы қою күрең шәй мен ыстық бауырсақ жат жердегі біз сияқты қазақтарды жатсындырмады. Айтпақшы, бұл отырыс Топкапы жақтағы мәдени орталықта Ботиктің ақ патшасы сыйлаған алты қанат ақ ордада болды.

Сонымен бірге, сабақтың арасында қаланың әсем жерлерін аралап қыдырдым.

Төрт жыл бірге Қазақстанда оқыған жан құрбым Сельманың отбасында, ата-енесінің, туыстарының, көршілерінің үйінде  қонақ болдым. Құрбым бөлек бір күн қасымдағы құрбыларым  мен апайларымды да алдымен спа салонға, одан шыққан соң үйіне дәи татуға шақырған. Сауықтыру кешенінде ыстық шығыстық монша мен, хауызға шомылдық. Моншасы Сүлеймен патша деген кинодағыдай әппақ мәрмардан жасалған. Суретке түсіруге тиым салынған. Бір қызығы, барлығы суға киіммен түседі екен. Таң қалдық. Бір апайымыз жалаңаш кіріп кеткен ғой, «мұның не, ұят қайда» деп қуып шықты ішіндегі түрік әйелдері. )))

Құрбым Сельма және оның құдай қосқан қосағы Иасин

Елге келген соң жаз бойы кітапханада, ауылда, қалада болдым. Жаза беруге болатын еді пост тым ұзақ болып кетті. Сонымен, конец фильм

Қалған суреттерді менің әлемімнен көріп аларсыздар.

Осы эстафетаны жазу жыр болды. Суреттерді қоя алмай біраз әбіржідім. Іздесем, массагеттіктердің біреуін таба алмай қойдым ғой онлайннан. Сонымен не керек, логин мен парольді Жакоға басыбайлы ұстаттым. Осы жазбамның өмірге келуіне тікелей мұрындық болған Жакоға Алла разы болсын.

Эстафетаны менің мәңгілік махаббатыма ұсынамын.