«Табысқа апарар жол» NIS-тен басталады
жеке
блог

«Табысқа апарар жол» NIS-тен басталады

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өз жұмысын тәмамдады.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова форум қатысушыларын өзінің табысты және шығармашыл әріптестері ретінде атай алатынын мақтанышпен жеткізді:

– Біз, ұстаздар, болашақ премьер-министрлер мен президенттерді, ұлт қаһармандары мен әлем жұлдыздарын, ең бастысы, нағыз патриоттар мен бақытты адамдарды кездестіріп, оқытамыз. Бүгінде еңбек жолын бастаған әрбір жас маман өз өмірін мектепке, балаларға арнайды.

Республикалық форум жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған NIS-тің  ауқымды жобасын жалғастырды. Идеяның өзі жас ұстаздардың «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесуден кейін туған.  Елордада, Өскеменде, Қарағандыда, Алматыда, Павлодарда, Қостанайда бірқатар кейс-сессиялар өтті.

– Технология мен экономиканың қарқынды дамуы білім саласына қуатты серпін береді.  Бүгінгі таңда мұғалімдердің заман талабына сай болуы бұрынғыдан да маңызды.  Мұғалім – қашанда сұранысқа ие мамандық, сондықтан оның даму траекториясы жеке, бірақ әрқашан әлемдік білім беру тенденцияларына сай болуы керек, – деп педагогтердің кәсіби дамуы мен мамандықтың логикалық эволюциясының ерекше маңыздылығын Күләш Шәмшидинова атап өтті.

TEDTalk-те форумға қатысушылар мотивациялық спикерлерді ыстық ықыласпен қарсы алды,  жас ұстаздар алдында өз кәсібінде табысқа жеткен беделді қазақстандықтар сөйледі.

Ұлыбританиядан NIS-пен ұзақ уақыттан бері табысты ынтымақтастық орнатқан Кембридж университетінің білім беру факультеті өкілі Элейн Уилсон жас оқытушылар қатарына қосылды.

– Қазақстанда Педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан әзірленген мұғалімдерді кәсіби даярлаудың көптеген жақсы бағдарламалары бар. Ұстаздар үнемі білімдерін жетілдіріп отырады, бұл сіздің елдің біліктілікті арттыруда жетекші екенін дәлелдеп отыр. Бәрін білемін деп ойламаңыз, оқи беріңіз, оқи беріңіз, – деген Элейн Уилсон форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

Екі күн шығармашылық талпынысқа, жаңа таныстықтарға, кәсіби жаңалықтарға, өршіл жобаларға, шабыттандыратын тренингтер мен шеберлік сағаттарына толы болды.

Форум қатысушыларымен «галстуксыз кездесуге» Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» Дамыту қорының директоры, «SHARE орта білім берудегі ғылым» жобасының жетекшісі Назипа Аюбаева, Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова келді.

Жаңа буын мұғалімдері Асхат Қанатұлына философиялық, мемлекеттік ауқымдағы және өзіне тән – жеке лайфхактардан бастап әдеби талғамға ұласқан сауалдар жолдады. Әсел Молдабекова көптеген ыңғайсыз сауалдарға жауап берді. Жас ұстаздар электронды білім беру жүйелеріндегі ақпараттық интеграцияға, ауылдық жерлердегі интернеттің төмен жылдамдығы мен тұрақсыздығына, мектептер үшін серверлер мен платформалардағы мәселелерге назар салды.

Жеке шеберлік сабақтар өткізген Дамир Сұлтанов, Гүлдана Бұхарбаева, Темірбек Сағындықов және өзге де жас мамандар форумның нағыз каһармандарына айналды. Олар өз әріптестерін сабақты ұйымдастырудағы және жеке кәсіби дамудағы атауының өзі маңыздылығын айқындайтын – цифрлы мұғалім, сабақ форсайты, педагогикалық ангажемент, дифференция және оқытудағы лайфхактар креативті кейстермен таң қалдырды.

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының ағылшын тілі мұғалімі Әділ Анарбеков бағалау кезінде баланың психологиялық жай-күйі шешуші мәнге ие екенін айтты:

– Шәкірт пен ұстаз арасындағы алтын көпір – сенім, ол адалдық, сүйіспеншілік және үміттен құралады.

Жабылу салтанатында қарағандылық Олег Те форумдағы уақыт басқаша сипат алғанын және жетістікке деген шынайы шабытты оятқанын мойындады.

Мексикадан жас педагогтер форумына қосылған Дэвид Марш арадағы мыңдаған шақырымға қарамастан қатысушылармен достасып үлгерді. Ол кез келген елінде мұғалімнің табысының басты критерийі оның мамандығына деген адалдығы деген жеке сенімімен бөлісті.

Семей қаласындағы Зияткерлік мектептің физика пәні мұғалімі, Қазақстаннан алғаш болып Global Teacher Prize жаһандық сыйлығының топ 50 иегері қатарына кіріп, амбассадоры атанған Асхат Жұмабеков жаңа буын ұстаздарының мерекелік көңіл күйіне ерекше үн қосты. Асхат өз мамандығын саналы түрде таңдағанын айтып, нағыз мұғалім ретінде форум қатысушыларына олардың әрқайсысы өзінің ең үздік нұсқасы бола алатынын нық сеніммен жеткізді.

Жаһандық білім беру комиссиясының Азия хаб комиссары, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова әрбір делегатқа үміт артатынын және отандық білімнің бәсекеге қабілетті және табысты болатынына сенімін білдірді, сондай-ақ барлық жас мұғалімге NIS-тің үлкен отбасына қабылданғанын ерекше атап өтті. Республикалық форумның негізін қалаушы ретінде Күләш Ноғатайқызы алдағы уақытта барлық облыста өңірлік кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Еліміздің әр өңірінде Педагогикалық шеберлік орталығы «Жасампаз жас ұстаз» жас мұғалімдер клубтарын құрып, кәсіби алаңға айналып үлгерді.  «Шамшырақ» онлайн-платформасы негізінен ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялай бастады.

Бүгінде «Табысқа апарар жол» бірінші форумы тарих бетіне жазылды, педагогтердің кәсіби дамуы мен байланысы үшін бірегей платформа құрылды және еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастырады.