Исламтану мамандығы не үшін керек?

Исламтану мамандығы не үшін керек?
жеке
блог

Осыдан санаулы жылдар бұрын Исламтану мамандығы туралы халықтың арасында жалпы түсінік жоқ болатын. Исламтанушы деген кім? Исламтану нені зерттейді? Исламтану мамандығы не үшін керек?- деген сұрақтарға кез келген адам жауап бере алмайтын еді. Ал қазір ше? Қазір исламтанушы мамандардың саны көбейіп келе жатыр. Қоғамдағы кейбір мәселелермен күресу үшін исламтанушылардың керек екенін де халық түсінуде. Көпшіліктің түсінігінде  “Исламтанушы” деген тек мешіт, медресселердегі имамдар деп қарайды. Ал шындығында исламтанушы тек діннің тарихын зерттемейді. Осыған сай университет қабырғасындағы оқыту жүйесі де тек құран жаттатумен шектелмек емес.

Тек Қазақстан емес әлемдік маңызы бар деп саналатын сұрақтардың жауабын исламтанушылардың қатысуынсыз шешу мүмкін емес. Қандай мәселе дейсіз ғой?!  Бір мысал болсын деп діни экстремизм мен терроризмді алсақ болады. Екі ақ ауыз сөз жазықсыздардың жанын қиғандарды сипаттауға жеткілікті. Оның салдарымен бүкіл әлем күресуде.

 


Қазақстан зайырлы мемлекет болғанымен қазіргі кезде ислам дінін ұстанушылардың саны көбеюде. Сонымен бірге діни білім алуға қызығушылар күн санап артып келеді. Бұл әрине қуантарлық. Бірақ... Ислам дінінің көптеген теріс бағыттарға бөлініп кеткен ұстанушылардан тұруы қауіптілік туындатуда. Бұл адамдар арасындағы  және мемлекет ішіндегі тұрақсыздыққа алып келеді. Дінге енді ғана бет бұрған адамның ненің дұрыс ненің бұрыс екенін білместен бір мәліметке сене салуы қалыпты нәрсе. Ал қазіргі интернет заманында мәлімет табу оңай болып кеткен. Бірақ оның бәрі сенімді, дұрыс деп айта алмаймыз. Әртүрлі тыйым салынған сайттардың бар екендігінен хабары жоқ адамдар қаншама. Осы мәселелердің шешімі ешқандай бұрмаланусыз діни білім алуда және саясатты оқуда болып тұр. Алайда бұл білім адамдардың бәріне бірдей қолжетімді болмағандықтан сол саладағы мамандардың сапалы білім алулары мен халықтың арасында сол білімдерімен жұмыс жасауы маңызды.

 


Біз оқып жатқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰу де исламтану мамандығының ашылғанына биыл 4 жыл болды. Оқыту жүйесі ғылыми жүйеге сүйеніп жасалынған. Яғни әртүрлі діни мәселелерге талдау жасау сабақтың негізі болып табылады.

Университет қабырғасынан сапалы білім алған мамандар қоғамдағы мәселелермен оңай күресіп алдын алу шараларын жасай алады. Сондықтан осы салада жұмыс жасаушылардың мойнына үлкен жауапкершілік артылмақ. Аталған мамандықтың маңыздылығы күннен күнге артпаса кемімейді.

 


Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 3 курс студенттері: 

Аякөз Әділхан, Тулегенова Арайлым 

Жетекшісі: Абдуллаев Нұржан Кыдыралиұлы