Венгрияға сапар. Мадиярлар жайлы

Венгрияға сапар. Мадиярлар жайлы
жеке
блог

Әуежайдан шыққан бойда мадиярлар елінің тыныс-тіршілігі мен бітім-болмысымен танысуға асықтым. Байқағаным, олардың қарапайымдылығы бірден көзге түседі. Өте салмақты, байсалды, қонақжай халық. Қазақ елі десе, ішкен асын жерге қоюға асық. Қазақтарды жандарындай жақсы көріп, қатты сыйлайды екен.

Аңғарғаным, олар адамның жан дүниесіне үңілуге құштар. Әр адамның, ең әуелі, адами қасиетін жоғары қояды. Оның мал-мүлкі, әлеуметтік жағдайы олар үшін аса маңызды рөлді атқармайды. Олар барлығына тең қарайды. Маған осы мінездері қатты ұнады.

Парламент алдында

Сапарымыздың үшінші күнінде құрылтайға келген делегация мүшелерін Венгрия Республикасының Парламентінің ғимаратына апарды. Бұл елде парламентке кез келген жан кіре алады. Тек тексеруден өтіп, құжатыңды көрсетсең болғаны. Барлығымыз жиылып, депутаттар бас қосатын мәжіліс залына ендік. Өзімізді бір сәт депутаттай сезіндік. Бәзбіреулер, тіпті, мінбеге шығып кетті. Суретке түсу үшін кезекке де тұрды. Пысықтары өлең оқып, микрофонға сөз сөйледі. «Бұл әкімшілік ғимарат. Мінбеге шығуға болмайды. Мәдениетсіздік пен әдепсіздіктің белгісі болып табылады» деген ескертуге ешкім құлақ та асқан жоқ. Жабайы сияқты мінбеге қарай ағыла берді, ағыла берді.

Мінбеге шығып, сөз сөйлеп кеткен пысықтар

Кезекке де тұрды

Фотограф қарақтар осылай жұмыс істеді

Суретке түсіп болғандар, фотоаппараттарына үңілумен болды

Аздан соң қатарымызға Венгрия Республикасының Сыртқы Істер жөніндегі министрі, Парламент вице-спикері (атақты «Аттила» операсының авторы), Құрылтай ұйымдастырушылары келіп, алдыңғы қатарда отырған жандардың қолын қысып, қошемет көрсетті. Кейін барлығымызбен сәлемдесіп, өткізіліп жатқан шараның маңыздылығын айтты. Әр делегацияны ерекше атап, қарсы алды. Бір қуантарлығы, бұл шара мемлекеттің тікелей қолдауымен өтуінде.

Мына суреттен мені тауып алыңыздар

Кейін барлығымыз ортақ суретке түсіп, түскі асқа қарай шықтық. Арадағы үзілісті пайдаланып, біз парламент ғимаратын араладық. Суретке түсіп, мәз-мейрам болып жаттық. Бізге ешкім қой демеді. Бізді ешкім қуған да жоқ. Өзімізді депутаттай сезініп, парламент ғимаратын ары да бері де аралап, мәз болдық.

Өзгелер сияқты мінбеге ағылмай, осыны да қанағат тұттым

Мадиярлардың туы

Талай заңды қабылдап, елді басқарып отырған жандар көппен бірге осылай түстенді

Түскі аста швед үстелін жайып қойыпты. Тамағымызды алып, биік үстелдердің біріне аяңдап едік, жанымызға бертінде ғана сөз сөйлеген вице-спикер ағай келіп, бізбен бірге тамақтанды. Қатты таңқалдық. Белді қызметтегі адам өзімен өзі жүр. Өте қарапайым жан. Біздің атқа мінер ағаларымыз сияқты бәлен оққағармен жүрген жоқ. Өзін жоғары қойып, кеудесін ұрған жоқ. Барлығымен дидарласып, жылы шырай білдіріп жатты. Қалған шенеуніктері де сондай екен.

Мадиярлар елін басқарып отырған жандармен

"Не деген аппақсың!" дегенде мәз болып қалдым))))

Келесі күні біз Бугац қаласына аялдадық. Кешкі уақытта барлығымызды саябаққа ақшам асына шақырды. Таза ауа аясында тамаққа отырдық. Бір кезде мен даяшылардан нан сұрадым. Өкінішке орай, мадиярлардың көбі ағылшын не орыс тілдерін біле бермейді. Орыс тілін біле тұра, түсінбеуге тырысады. Кеңес дәуіріне бір өш-өкпелері бар көрінеді. Содан не керек, даяшы қызға, әйтеуір, түсіндіріп, біздің дастарханға нан әкеп беруін өтіндім. Қыз түсінгендей болып, кеткен. Бір кезде ақ көйлек, қара костюм, көк галстук таққан бойы ұзын, сымбатты ер адам алдыма нан салынған ыдысты әкеліп берді. Оған біз де ризашылығымызды білдірдік. Бір кезде микрофондар қосылып, құрылтайдың ресми ашылуы туралы сөздер айтылды. Ортаға Бугац қаласының әкімі шақырылды. Сахнаға қарай басымды бұрып қалғаным мұң екен, жаңағы нан әкеп берген кісі сөз сөйлеп тұр. Сөйтсем, ол Бугац қаласының әкімі екен. Даяшылармен бірге нан тасып жүр сонда. Неткен қарапайым деп, іштей риза болып қалдым. Бізде қала түгілі, аудан, ауыл әкімі, тіпті, мектеп директоры өзінше болып жүреді. Жанына жолауға қорқасың, бұлар болса, қызмет-көкіректі итеріп қойған.

Сапар кезінде мұндай жағдайлар көптеп кездесті. Қара халық та, шенеунік те тым қарапайым. Бізге осыны үйрену керек екен олардан. Мен осыны түйдім.

Мадиярлар жайлы алда тағы айтармын. Бұл халық маған қатты ұнады.

Сөз соңында!!!


Кішкентай қыз балаға арналған үккілі бас киімді киген мына әпкені көргенде туған бауырымды көргендей ішім жылып кетті. Одан кейін бүкіл мәжіліс бойы, сол кісіге қараумен болдым. Басындағы бас киімін көрген сайын, күлкім келе берді, әрең шыдап отырдым. Құрылтайға мадиярлардың шақыруымен арнайы Лондоннан келген кісі екен. Профессор, Ұлыбританияның белді оқу орнында сабақ береді. Жыл сайын Қазақ еліне келіп, дәріс оқып кетеді екен. Өзімше сондай тәтеміз бар екеніне ерекше мәз болып, қасына барып, қазақша тілдесіп едім. Бетіме бадырая бір қарап: "Че?! Не поняла!" демей ме?! Кеудедегі қуаныш су сепкендей басылды да қалды.