Әлеуметтік желі

Әлеуметтік желі
жеке
блог

Әлеуметтік желі — ақпарат алмасу, қарым-қатынас жасау және уақыт үнемдеу құралы. Әлеуметтік желі мәдениеті — әлеуметтік желіні қолдану, кез келген әлеуметтік желі қолданушысы қандай әрекетті істеуге болатындығын немесе болмайтындығын айқындайтын, жасағалы отырған жұмыстың шегін белгілейтін жалпы қағидаттарының жиынтығы.

Қазіргі таңда әлеуметтік желінің жастар өмірінің күн тәртібінде алар орны орасан зор. Бұл бүгінде  қауіп боп тұр.

«Адамның күні адаммен» деп те жатамыз. Шамасы, адам баласының табиғатында бар қасиет болса керек, біз өзгелермен сөйлесуді, бейтаныс адаммен танысқанды, белгілі бір тақырыпта пікір алмасуды, өз ойымызды айтуды, басымызға түскен қуаныш пен қайғыны хабарлағанды, үйге қонақ келгенде фото-альбомдарымызды көрсеткенді жақсы көреміз. Шынайы өмірде біз мұндай әрекетті тек реті келгенде ғана жасасақ, қазіргі ақпараттық технология, әсіресе интернеттің қарыштап дамыған заманында бұл оңайлана түсті. Өйткені, біздің ұғымымызда «әлеуметтік желі», яғни «адамдардың бір-бірімен виртуалды байланысы» деген түсінік пайда болды. Демек, сіз өзіңіздің дәл қазіргі көңіл-күйіңіз қандай екенін жұртқа айту үшін немесе кешегі түнде болған досыңыздың тойындағы суреттерді өзгелерге көрсету үшін һәм өзіңіз сүйіп тыңдайтын әншінің шығармашылығы туралы достарыңызбен, не өзіңіз секілді фанатпен сөйлесу үшін, тіпті қалаға көшіп кеткен сыныптасыңызбен сырласып-сөйлесу үшін келесі бір туған күн кешін не басқа бір жиынды күтіп отырмайсыз. Осылайша, сіз әлеуметтік желінің мызғымас бір бөлігіне айналасыз. Тоқетері, әлеуметтік желі адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы үшін керек.

Әлеуметтік желілердің пайдасы неде?

Ең алдымен, бұрын танымайтын, білмейтін адамдармен араласып танысуға, пікір алмасуға және өз пікірлестеріңді табуға жәрдемдеседі. Кез-келген сәтте танысыңмен байланысқа шығып, тегін пікір алмасып, хал-жағдай сұрасуыңа, соңғы жаңалықтармен бөлісуіңе мүмкіндік бар.

Әлеуметтік желі арқылы соңғы жаңалықтар мен оқиғалардан әрдайым хабардар болып отырасың. Жәй хабардар болып қоймай, сол оқиғаға қатысты адамдардың пікірлерімен де танысуға мүмкіндік болады. Үшіншіден, әлеуметтік желіден түрлі көңіл көтеретін музыкалар мен әндер, фильмдер, суреттер, мақалалар табасың және бәрі тегін. Оған қоса, білім беретін деректі фильмдер мен кітаптар, лекциялар мен мақалаларды да қалағаныңша тауып оқуға болады.

Қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңін оқып отырып, еріксіз таңданасың.

Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды, – деп келетін жолдары бар. Өлеңін нақ бір қазіргі технологияның мүмкіндігіне тамсанып жазып отырғандай.

Рас, қазір үйде отырып-ақ әлемнің кез келген түкпіріндегі адаммен әп-сәтте хабарласа аласыз. Байланыстың түрі де көп. Телефонмен, интернет арқылы, тіпті бейнебайланыс арқылы өзімен тікелей сөйлесе бересіз. Бұл бүгінгі технологияның адамзатқа сыйлап отырған мүмкіндігі. «Бұрын ұялы телефон, интернет болмаған кезде адамдар қалай өмір сүрген а?!» деп таңданып қоятынымыз бар. Иә, жұмысымызды жеңілдеткен технологияның мүмкіндіктері мол.

Сонымен бірге, өз бизнесіңді дамытуға, сатып алушы клиенттерді тартуға да мүмкіндік жасалған. Егер сіз шығармашылықпен айналысатын болсаңыз, кітаптарыңызды әлеуметтік желіні пайдаланушыларға ұсынып, сатып алушы оқырмандар табуыңызға болады.

Қазіргі таңда ақпарат тарату мүмкіншілігі бойынша Интернет торабы алдыңғы қатарға шығып отыр. Газет, теледидар, радионың түгелге жуығы Интернет торабында сайт немесе өз парақшаларын ашып, электронды ақпарат құралдарының саны күннен-күнге өсуде. Ал Интернеттегі әлеуметтік желілердің қолданушыларының орта жасы 7-ден 48-ге дейін болып отыр. Қазір кез-келген ұялы телефонда әлеуметтік желілерге қосылу үшін қосымша бағдарламалар орнатылатын болды. Кез-келген компанияның өз тауарларын жарнамалау мақсатында әлеуметтік желіде парақшалары бар. Тіпті Үкімет мүшелері, көптеген лауазымды тұлғалар Интернетте өз парақшалары, блогтарын ашып, сол арқылы өздерінің қызметіне байланысты ақпарат беріп отырады.

Әлеуметтік желілердің жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға пайдасы зор. Интернеттен музыка, фильм, ойындардан басқа ғылыми мақалалар, аудиокітаптар, тіл үйрену курстарын, тамақ істеу, би үйрену, дене шынықтыру тәсілдерін көшіріп алуға, қарауға болады. Көптеген оқулықтар мен рефераттар, түрлі суреттер де Интернетте жетерлік. Кез-келген мемлекеттік органдар, түрлі компаниялар мен дүкендер, кафе, мейрамханалар туралы ақпарат алу, олардан анықтама алу, тапсырыс беру сияқты көптеген жұмыстарды үйде отырып Интернет арқылы бітіре беруге болады.  Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы кез-келген адам өзінің пікір алмасатын, мүдделестер ортасын қалыптастыруға, жаңа таныс, дос табуға да мүмкіншілігі бар. Сол сияқты кез-келген фирма өзінің өнімдеріне қызығушылық танытқан клиенттерін топтастыра алады.

Әлеуметтік желілердің мүмкiндiгi шексiз. Талғамыңыз бен көңiл күйiңiзге қарай одан сiздi қызықтыратын көп нәрсе табуға болады. Yйден шықпай газет беттерін парақтағыңыз келеме, мейiлiңiз, тек WWW немесе Web деп аталатын әлемдiк шырмауықты қолдансаңыз жетедi. Шалғай елдерге сапар шексеңiз сiзге қажет елмен, қаламен және т.б. таныса аласыз. Әлеуметтік желілерден ғалым да, бизнесмен де, компьютерлiк ойын әуесқойы да, бәрi-бәрi қажет ақпарат таба алады. Әлеуметтік желілер күнделiктi тұрмыс пен жұмыстың айнымас құралына айналып келедi.

Ең маңызды және пайдалысы, алыс-жақыннан, ағайын-тума, таныс-білістен хат-хабару алмасу үшін қолданылады.

Тіпті қазір әлеуметтік желі қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес тұрақты түрде ақша тауып, жұмыс істейтін ортаға да айналды. Блогерлер, вайнерлер һәм түрлі курс ашып, оларды сатушылар көбеюде. Олардың халыққа берері неде? Жастарға қандай үлгі беріп жатыр?  Ол жағын да ойланып, саралау қажет...