Бірлігі бекем Қазақстан

Бірлігі бекем Қазақстан
жеке
блог

Қазақстан – ұлт пен ұлысты ұйыстыра білген егеменді ел. Ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ еліміздің маңғаз даласында талай халық тату-тәтті өмір кешті. Тарихтың қатпар-қатпар беттеріне үңілер болсақ, бұл жазиралы өлкеде адуынды сақтар, жауынгер ғұндар, айбарлы үйсіндер мекендеді. Қанша қан төгілгенімен, қанша қанқұйлы ұрыстар болғанымен, атақты Асан Қайғы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жерді осы қазақ өлкесінен тапты ғой. Тіпті, қызыл империяның саясаты жүріп тұрған кезде бұл қасиетті өлкеге біршама ұлттың өкілдері жер аударылып келді емес пе? ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ жерін жайлаған ашаршылық кезеңінде қазақ ешбір ұлт өкілдерін бөтен демеді. Өзекке теппеді. Жарты нанын бөліп беруге дайын болды. Осы бір қиын да қытымыр кезеңдерді бірге өткерді.

​ Осы тұрғыда, әр ұрпақтың дәстүрлі және уақыт өте қалыптасқан материалдық мәдениеті мен рухани-мәдени құндылықтары бар. Бұлай болмаған жағдайда біз бүгінгі қоғамды көз алдымызда мүлдем басқаша елестетер едік. Ұлттық құндылықтарды қадірлеу – барша адамзаттың биік мұраты. Бұл үрдіс тек бір халыққа ғана тән емес. Сол себепті әр этнос өз тарихын дәріптеп, дәстүр сабақтастығын сақтауға ұмтылады. Ұлы Даланы мекен еткен сан алуан этнос өкілдерін қуантатын да – осы. Өткеннің өшпейтінін біліп, салт-санасы ұмыт болмайтынына көз жеткізгеннен артық ұлт үшін қандай тілек болар дейсіз. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда айқындалғандай, Қазақстан – өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған ел. Мемлекетімізде барлық этнос өкілдерінің құқығы сақталған.

​Бүгінде Қазақстан аумағында жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері ғұмыр кешуде. Тағы айта кетерлігі, елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстаным ұстанады. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады.

​Қорытындылай келе, біздің әрдайым жадымызда болуы тиіс құндылық: Қазақстан-біздің ортақ шаңырағымыз, біз ата-бабаларымыздың қасиетті жерінде өмір сүріп жатырмыз және біздің ортақ парызымыз- рухани және мәдени мұраларымызды сақтау, халықтың бірлігі мен еліміздің тұрақтылығын нығайту.