
блог
Оқушылар жазалағаннан гөрі мадақталған кезде жақсы оқиды
Оқушы мектепте екіге бөлінеді. Үлгерімі жақсы оқушы және нашар оқушы. Әрі оларға деген көзқараста екі бөлек. Оқушылардың шамамен жетпіс пайызы мектепте жақсы оқиды, ал отыз пайызы нашар үлгерімдегі оқушылар. Бұл статистиканы жоюға болады. Бірақ, мұғалімдер үлгерімі төмен оқушыларға жаза қолданып, істі ушықтыратын секілді. Ал оған себеп оқушы психологиясының мектепте ескерілмейтіндігі. Жалпы оқушы үлгеріміне бірнеше факт келтіре кетейік:
Біріншіден, оқушылардың арасында тең құқық болуы керек. Мұғалімдер үлгерімі жоғары және төмен оқушыларға бірдей мәміледе, бірдей қарым-қатынаста болуы тиіс. Бұл үлгерімнің жақсаруына деген алғашқы бастама.
Егер, оқушы үй тапсырмасын орындауды ұмытқан жағдайда мұғалім ескертулер жасаса немесе кешірімдік танытса, оқушының келесіде орындап келуіне жүз пайыз кепілдік беруге болады. Себебі, жақсылық жасаған, мейірімділік пен түсіністік танытқан мұғалімнің үмітін ақтауға оқушы жұмыстанады.
Екіншіден, мұғалім әрқашан сабырлылық танытқан жөн.Ашулы мұғалім оқушының психикасына өте қатты әсерін тигізеді. Оның оқуға, ізденуге деген жігерін құм қылады.
Үшіншіден, оқушыға жаза қолданылса, оқушының кері мінезін тудырады. Ол дегеніміз қарсыластық танытып, мұғалімді тыңдамауға әкеліп соғады. Өйткені, өзімен жасты, қатарлас сыныптастарының алдында абыройы төгіліп, сөз естіген оқушының одан әрі сабақ оқуға деген ынтасы мен зейіні жойылып, мұғалімге деген сыйластығы қоса жоқ болуы әбден мүмкін.
Есейген, 10-11 сынып оқушыларына жаза деген сөздің өзін айтудың мүлдем қажеті жоқ. Өйткені, олар өз алдарына жеке тұлға. Тұлға болып қалыптасып келе жатқан оқушыға мадақтаулар, қолдаулар ауадай қажет болады. Сондықтан мұғалім осы себепті ескерулері керек. Біз бұны оқушы үлгерімнің жақсаруына үшінші факт ретінде қарастырамыз.
Төртіншіден, мұғалім оқушыларға сенім артуы тиіс. Сенім бар жерде сыйластық та, түсінік те болады. Әр оқушының бойындағы талантты, икемділікті мұғалім аша білуі керек. Түрлі олимпиадаларға, түрлі сайыстарға тек бір ғана оқушыны емес барлық оқушыны да қатыстырып, сынға салуы қажет. Бұл үлкен нәтиженің басты себептері.
Қорытындылай келе, оқушы психологиясы мектептің басты мүддесі. Оқушы мектептің бір бөлшегі. Мұғалім оқушыға жаза қолданса, оқушының үлгерімі бір қалыпты немесе одан бетер төмендеп кетуі ғажап емес, ал мадақталған оқушының үлгерімі де, белсенділігі де, тіпті көңіл – күйі де екі еселенеді. Бала психологиясына бастауыш сыныптан бастап көңіл бөлінгені дұрыс, оқушының сауатты, білімді болуына да барлық жағдай әсер етеді.
Еліміздің жарқын болашағы алтын ұя – мектептен бастау алады. Болашаққа нық қадаммен басайық.
Ақбота Бертілеуқызы
Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті