Ислам дінінің қазақ жерінде таралуы

Ислам дінінің қазақ жерінде таралуы
жеке
блог

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет

Философия және Саясаттану факультетінің Дінтану мамандығының 1 курс студенті

Арымбек Л.Қ

Жетекшісі аға оқытушы Тунгатова У. А.

www.kaznu.kz

Кең далада көшіп-қонып өмір өткізген көшпелі қазақ қауымына ислам дінінің таралуы талай ғасырға созылған күрделі тарихи барысты басынан кешірген. Көп жағдайларда, көшпелі қауымның салтына сіңген байырғы ғұрыптар мен мамлес болып, белгілі өзгешеліктерді бейнелеген. Атап айтқанда, ислам дінінің көшпелі қазақ қауымына таралуы отырықшы қала-қыстақтарға таралуынан әлде қайда өзгеше болған. Бұл өзгешеліктер кейінгі кездерге дейін келген. Алайда, ислам дінінің қазақ халқына таралу тарихи, оның қазақ қауымына жасаған тарихи, әлеуметтік әсер ықпалдары және көшпенді тұрмысқа тән өзгешеліктері, әлі жан-жақты зерттелмеген тың мәселе. Біз бұл зерттемеде осы мәселелерге аялдап өтпекпіз. Қазақстанның оңтүстігінде 714 жылы Араб қолбасшысы Кутейб ибн Мүслим шабуыл жасап басып кірді.

Қазақ халқы – ежелгі заманнан бері ұлан-байтақ Орта Азия мен Қазақ даласын қоныстанған Үйсін, Қаңлы, Алшын, Дулат, Түркеш, Қарлық, Қыпшақ, Оғыз, Қоңырат, Жалайыр, Арғын, Найман, Керей, Уақ, т.б. тайпалардан құралған. Ислам дініне енуден бұрын олардың діни сенімдері де сан алуан болған. Ерте заманда шетсіз-шексіз кең далада аң аулап, табиғи жайылымға сүйеніп мал баққан көшпелі қауым табиғатқа тәуелді болды. Сондықтан олар өздерін қоршаған табиғатты, оның сан алуан құбылыстарын құрметтеп кие тұтты: көк аспанға (көк тәңірге), айға, күнге, кейбір жұлдыздарға, отқа табынды, ата-бабаларының аруақтарына сиынды. Белгілі бір аң-құсты төтем тұтып қадырлейтін болды. «Қазақтар жер (жер ана) және су (су ана) рухына сиынды. Олардың құрметіне тауларды, керемет көріністі құздарды, үңгірлерді, тоғайларды, жалғыз ағаштарды, бұлақтарды атады. Бұл (қасиетті) орындарға құрбандыққа мал әкеліп сойды. Олардың құрметіне мейрамдар өткізді. Оларға мынәжат етіп отырды. Қойдың (Шопан ата), сиырдың (Зеңгі баба), жылқының (Қамбар ата), түйенің (Ойсыл қара)иесіне табынуы да сақталды»

Қазақтардың ислам дініне енуден бұрынғы таным-нанымдарына байланысты салт-саналары «ырым» деп аталған. Бұл салт-саналарға жөн сілтеп отыратын қазақ шамандары «бақсы» мен «абыз» еді. Бұрынғы қазақ қауымы «көкте деген ұлы тәңір иелерімен» және жердегі әр түрлі заттарды билейді деген «көп тәңір иелерімен» адам баласы тілдеседі деп таныған. «Тәңір иелерімен» тілдесуші, кей «иелерге» тілін алғызушы – бақсылар деп сенген. Қазақстан ғалымы Әлікей Марғұланның айтуынша, ежелгі қазақтың осы бақсы – абыздары өз кезінде, теріге, ағашқа, тасқа түрлі жазулар жазып қалдырып отырған.

Қазақ қауымы исламнан бұрынғы мифология түсініктер мен шамандық салт-сана, ырым-жырымдарды «киіз кітап» деп білді. «Бұл сөз сенің киіз кітабыңнан шықты ма?» дейді. Осы ел аңыздарында айтылатын «Киіз кітап» өз заманында қазақтың бақсы – абыздары тұтынған діни қолданба болуы да мүмкін. Әйгілі қазақ ғалымы Шоқан Уалиханов бұл жөнінде былай дейді: «Қазақтарда өзінше бір «апокриф» - немесе ала қойдың терісіне жазылған діни кітап («Киіз кітап») болғанын дәлелдейтін халық аңызы болды. Халық аңыздарына қарағанда, онда ата-бабалар құрметіне істетілетін ислам дінінен бұрынғы ғұрып-әдеттері суреттелген. Аңыз шамандардың (бақсылардың) ежелгі мифология элементтері бар сандарында ішнара бейнеленген» . Қазақ халқы мұсылман болғаннан кейін де бұрынғы «киіз кітаптың көне салтын түсініп намаз оқымай жүрген адамдар киіз кітаптан басқаны білмеген, маңдайы сәждеге тимеген» деп жазғырылатын болған. Бірақ, бұл «Киіз кітап» біздің заманымызға жеткен жоқ. Ислам дінінің қазақ қауымына жайылуына байланысты жойылған сияқты.