Шыңғыстау

Шыңғыстау
жеке
блог

ШЫҢҒЫСТАУ

Армысың, карт Шыңғыс, қасиетті мекен! Армысың, Абай атам аулы? Армысың, Шәкәрімді өсірген қасиетті жер? Айналайын сенен, Мұхтар ағаның ата-мекені! Көкжиекті тұтас алып жатқан Шыңғыстаудың өзі де сізге құшағын кеңінен ашып, алдымыздан шығып келе жатқандай сезім тудырады. Орда мен Шыңғыстың екі ортасы шалқар дала. Жаратылыстың өзі де Шыңғыстың алдын қара-құрамен көбейтпей ашық тастаған. Құз қойнауларынан төгілген Шыңғыс желі де жазыққа түскенде рақат лебіндей майда жұмсақ тарта созылып көсіле түсіп жатқанды. Ұлан-ұзаққа Шыңғыстың заңғарлары аспанмен тілдесіп, көгілдір сағым толқынында діріл қағады. Кейде Шыңғыстың өзі теңізше толқыған далада жалғыз жүзіп бара жатқан алып кемедей-ау!

Шыңғыстан бергі жазықта кішірек жалғыз тау тұр. Оның бойы кішкене болғанмен, ойы биік, даңқы жер жарған. Осы өлкенің алтын діңгегі атанған – Қарауыл төбе. Шыңғыс алып тау болғанмен, осы кішкене ғана жалғыз төбе Қарауылды шырқ айналып, қимасындай ұзап кете алмайды. Шығысын Шет, батысын – Шаған өзендері кесіп ағатын Шыңғыстаудың ұзындығы екі жүз шақырымға жуық. Таудың өзі шығыстан-батысқа қарай керегедей тартылған Сарыарқаның дәл төсінде жатқан Шыңғыстың солтүстік-шығыс беттері тақтайдай жазық. Бауыр тұсында дөңкиіп-дөңкиіп, бөлек-бөлек жатқан Арқат, Орда, Доғалаң сияқты таулар қырық-отыз шақырым қашықтықта орналасқан. Арқат пен Орда, Доғалаң тауларының ұзындығы он бес-жиырма, көлденеңі бес-жеті шақырым аспайтын бастау бұлағы, өзен-өлкесі  көп, ағашқа бай, іші-сырты құйқалы өңір болып келеді.

 

Кәмен Оразалин

«Абай ауылына саяхат»  (Ұлы ақынның 150 жылдығына арналады), Алматы «Жалын» 1994ж, 150-178-беттер