Студент жастардың қамқоршысы «Сұңқарға» 23 жыл

Студент жастардың қамқоршысы «Сұңқарға» 23 жыл
жеке
блог

           Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Еліміздің келешегі жастардың қолында» деген. Осы мақсатта жастардың сапалы білім алып, саналы тәрбие алуы үшін бар жағдай жасалынып, қолдау көрсетіліп келеді. Бұл тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы қасиетті қара шаңырақта ұйымдастырылатын кез-келген жобаның қолдаушысы әрі студент жастардың қамқоршысы. 1999 жылы 14 сәуірде Дәурен Әскербекұлы Абаевтың бастамасымен құрылған кәсіподақ бүгінде 23 жылдық мерейтойын тойлауда. «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы білім-ғылыммен ғана шектелмей, өнер байқаулары, қоғамдық шаралар мен университетішілік мега-жобалардың ұйымдастырушысы, студент жастардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетуде әрдайым қалыс қалмай, тек биікке самғап келе жатқан қоғамдық бірлестік.

             Күні кеше Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағына 23 жыл толуына орай жоғары деңгейде ІІІ кеңейтілген жиналыс өтті. Кеңейтілген жиналысқа – Әлеуметтік даму жөніндегі проректор, Жастармен жұмыс жөніндегі департамент директоры, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының директоры, Қазақстан салалық және университеттік «Парасат» кәсіподағы, Алматы қаласы «Жас Отан» жастар қанаты, Еріктілер лигасы, МУИТ белсенділері, 15 факультеттік кәсіптік бюро және жиынға шақырылған арнайы қонақтар мен студенттік ұйым басшылары қатысты. Жиын шымылдығын «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы Бақдаулет Баймаханұлы ашып берді. Аталған жиналыста кәсіподақтың негізгі мақсаты, жаңа өзгерістері, алдағы уақытта атқарылатын тың жобалар жайы сөз болды. Жиын барысында сөз алушы қонақтар кәсіподақтың осы уақытқа дейін атқарып келе жатқан игі істерін сөз етіп, ел мүддесі үшін жасалынып жатқан қызметтеріне ерекше тоқталды. Сонымен бірге кәсіподақтың 2010-2022  жылын саралайтын қорытынды видео жұрт назарына ұсынылып, «Әлеуметтік көмек», «Оңай» көліктік жол картасы, Мега жобалар жайында есеп берілді. Бұдан бөлек кәсіподақ атынан арнайы №128 хаттама бойынша ректордың бұйрығымен университеттің дамуына қосқан үлесі үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Ерен еңбегі үшін» медалі кәсіподақтың 2016-2020 жыл аралығындағы төрағасы Бүрлибаева Шұғыла Мейрамбекқызына, «Құрмет» медалі 2013-2016 жыл аралығындағы кәсіподақ төрағасы қызметін атқарған Сыдықова Айдана Дәуренқызы мен орынбасар қызметін атқарған Тіленчиева Шырын Мұратқызына табысталды. Бұдан бөлек №1 хаттама бойынша студенттер игілігі жолында атқарған жұмысы үшін «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағына 20 жыл атты мерекелік медалінің табысталуы елімізде орын алған карантиндік режимге байланысты табысталмағандықтан, бұл марапат дәл осы шарада арнайы Жастармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Есімова Жұлдыз Дәпенқызына, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының директоры Баяндинова Сайран Мухтаркановнаға, Қазақстан салалық «Парасат» кәсіптік одағының төрағасы Данат Жанатаевқа, Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрайым қызметін атқарған Сыдықова Айданаға және 2016-2020 жыл аралығында төраға орынбасары қызметін атқарған Қызайбай Әлібек Қайратұлына табысталды. Жиын соңында 2013-2016 жыл аралығындағы кәсіподақ төрағасы қызметін атқарған Сыдықова Айдана Дәуренқызы кәсіподақты мерекесімен құттықтап, қазақи дәстүрге сай ұстаз алдындағы парызын өтеуінің бір белгісі ретінде арнайылап білім берген ұстаздарына шапан жауып, сый-сияпатын жасады. Сондай-ақ, кәсіподақ кітапханасына да кітаптар табыс етілді.

             23 жылдық тарихы бар «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы бүгінде студенттер игілігі жолында толассыз жұмыстар атқарып келеді. Осы уақытқа дейін кәсіподақ мұқтаж студенттерге әлеуметтік көмек бойынша көмектесіп, биікке ұмтылатын өнерлі, дарынды, ізденімпаз жастарды қолдап, ауқымды жобалардың өтілуіне мұрындық болып келеді. Кәсіподақ абыройының асқақтап, берік болып келе жатқанының бір негізі оның жанынан құрылған «Жас Сұңқар» өзін-өзі басқару ұйымы. «Жас Сұңқар» филиалдарының ашылуы биылғы «Сұңқар» тарихындағы  жаңа, тың бастама болды.

              «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы басқа ұйымдардан ерекшеленетін ұйымның бірі емес бірегейі. Сұңқардың өз мүшелеріне берері мол, сілтер бағыты оң. Болашақта кәсіподақтың тарихы тереңге бойлайтынына сенімім мол! Сұңқар бұл – тек мықтылар түлейтін мектеп.

 

Динара Боранбай

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультеті

2 курс