Дін мен дәстүр сабақтастығы

Дін мен дәстүр сабақтастығы
жеке
блог

Қай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне қарай қалыптасып келеді. Бүгінгі таңдағы басты мәселе халықтың асыл қазынасын жастардың бойына сіңіре білу, рухани байлығынан сусындату, салт-дәстүрін, тілін, діні мен ділін үйрету.

Дін адамның рухани қажеттіліктерін өтейді. Адамзат баласын ізгілікке, адамгершілікке бағыттай отырып, оны теріс қылықтардан сақтандырады. Әрдайым Құдайдың бар екенін еске салып отырады.

Ал дәстүр – ұлттың қағаз бетіне түспеген заңдары десек те болады. Адамдардың қатынастарын жазбаша заңдарға дейін ғасырлар бойы салт-дәстүр қамтамасыз етіп келген дейді тарихшыларымыз. Осы ретте елімізде әлі күнге дейін халық арасындағы кейбір мәселелер салт-дәстүр арқылы реттеліп келе жатқанына куә болып жүрміз.

Дәстүр – қоғамда немесе жекелеген топтарда тарихи дәуірлерде қалыптасқан, ұзақ уақыт аралығында сақталған және ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрыптар, мінез-құлық нормалары.

Әрдайым ұрпаққа салтымыз бен дәстүрлі дінімізді ұштастыра отырып, тура жолымызды жеткізе білсек, онда ортақ міндетіміздің орындалғаны.

Ежелден халқымыз; адал, арам, обал, сауап деген төрт тағанды тұғыр етіп келеді. Бұл төрт таған – дініміздің талабына ұйып, тыйғандардан тыйылу дейтін тақуалыққа тәрбиелейді.  Ұлтымыз сан ғасырлық салт-дәстүрін сақтай отырып, тәлімі мен тәрбиесін өскелең ұрпақтың санасына жеткізе айтуымыз керек.

Дәстүр  мен  діннің  ұқсастығы  туралы бір  ауыз  сөзбен  айту мүмкін емес. Сондықтан біз дін мен дәстүрді ешуақытта бір-біріне қарсы қоюымызға болмайды. Дін мен дәстүрді ұштастыра білген талай ақындарымыз, жыршыларымыз, қара қылды қақ жарған билеріміз бен қазыларымыз ұрпақты ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелей білген. Осылайша исламның құндылықтары халқымыздың тілі мен тіршілігінде көрініс тауып, салтымен сабақтасып үйлесім тапқан. Ұлттық құндылықтардың, рухани-мәдени өміріміздің қалыптасу барысында дін мен қазақы салт-дәстүрдің өзара сабақтастығы маңызды рөл атқарады.

Халқымыз дәстүрді ерекше қадірлеген, қастерлеген, сақтай білген. Дәстүрдің түрі көп. Соның ішінде, «Сөздің көркі – мақал» дегендей, дін мен салт-дәстүрдің сабақтастығы халық ауыз әдебиеті – мақал-мәтелдерінде де керемет көрініс тапқан. Ар-ұят, иман, көркем мінез турасында «Ұят – иманнан», «Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны» деген хадистерге қатысты – «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ары таза нар жүгін көтереді», «Өлімнен ұят күшті», «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің», «Жақсы ниет – жарым ырыс» деген ниеттегі мақал-мәтелдері айтылған.

Қазақта ата-ананың мәртебесін айқындайтын «Алланың разылығы – ата-ананың разылығы», «Жұмақ – ананың аяғының астында» дегендей хадистер мен үндес келген «Бала жетесіз болса, ата-анасын жерге қаратады. Бала жетелі болса, Ата-анасын елге қаратады», «Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар» деген мақал-мәтелдер де баршылық.

Алла Тағала бір аятта: «Раббың Өзіңнен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік жасауларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «уф» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле», – деп бұйырған.

Халқымыздағы әдептіліктің, сыпайылықтың бір көрінісі – үлкенге «Сіз» деп сөйлеу, әйелдердің де күйеулерінің аттарын атамай «отағасы», «әкесі» деп тіл қатуы. Жастар жағы үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеуі нағыз дәстүрлі ұстанымыз болған.

Сонымен қатар қонақжайлылық дәстүрі – халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі. Қонаққа деген құрметтің бір негізі ислам дінінде жатыр. «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтіретін болса, қонағын құрметтесін, жақсылық күтсін» деген екен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Халқымызда «Үй баласымен ажарлы, қонағымен базарлы», «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал», «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген ғибратты мақал-мәтелдері – дін мен дәстүр сабақтастығының дәлелі болып табылады.

Ендеше, халқымызға ежелден-ақ етене мұсылмандық дүниетанымын өскелең ұрпаққа паш етіп, елдігіміздің кепілі сонда жатқанын насихаттау һәм жеткізу – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі ұрпақ та дәстүрлі дінімізді қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.