Қазақтың тойы- ысырапшылдық
жеке
блог

Қазақтың тойы- ысырапшылдық

Соңғы жылдары қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастық пен бәсекелестіктің ысырапшылдық пен астамшылдықтың ордасына айналды. Халқымыз "той- қазақтың қазынасы" деп ертеде ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесін тойлағанды, қыз алысып, қыз беріскенде дүркіретіп той жасайтын. Ал бүгінде тойдың алар орны айтарлықтай қуантпай отыр. Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың рухани жаңғыру бағдарламасында басты талап ысырапшылдыққа жол бермей, қолда барды қанағат тұтуға бағытталағанын еске түсірсек, "қолындағы соңғы тиынын"  аямай,  тіпті қарызға белшесінен батып той жасауға құмар болып отырғанын көргенде ҚР Парламенті Мәжілісінің III және IV шақырылым депутаты Бекболат Тілеухановтың "сырласу" бағдарламасына берген сұхбатындағы мына бір сөздерді естіп ішіміз ашығаны рас. Ол: " қазақтың тойы бітпесін, той тойға ұлассын"- деп той тойлап жүргенімізде бір шетінен қытай, біт шетінен басқа мемлекет пайдалы қазбаларымызды жаратып, еліне ықпалын тигізуде. Біз той жасап, еш алаңсыз жүргенде мына елді, ұлтты кім биіктетпек? Қашан дамыған елдің қатарында тұрып, қойнаудағы қазбаларды жаратып, бай мемлекеттің тізгінің ұстамақпыз?"- деген еді. Қазақтың тойындағы ысырапшылдық- қоғамдағы бұрыннан қызу талқыға түсіп жүрген өзекті әрі жауыр тақырып. Бүгінде шағын тойлардың өзі дүркіретіп өткізетін тойға айналғаны қашан...? Олай дейтініміз, тұсаукесер, үкі тағу, сырға салу, мерейлі 40 жас, зейнеткерлік жас, диплом алғандағы той, жас-жұбайлардың неке тойы мен  қыз ұзатуы сынды тойларын тойханаға жасап, туған-туыстан бөлек, дос-жаран, әріптестердің де басын қосып, дүркіретіп той жасауда. Шариғат шеңберінде: «қыз баласы өсіп-өнген қара шаңырағынан ұзатылғаны абзал. Тіпті некесін де қыздың шаңырағында қиғаны дұрыс» - деген. Тойхана мен үйде ұзатудың айтарлықтай айырмашылығы болмаса да, бүгінде бұл дәстүрімізге, ата-ананын міндетіндегі той санына кірігіп кеткені өтірік емес. Әуелі ұзатудағы түпкі мақсат не? Соңы тарқатсақ...

Біріншіден: қазыналы қарттардың ақ батасын алып, ұясына ұшу.

Екіншіден: бақытқа бөлеп, тастай батып судай сіңу.

Бұл тойды үйде, тойханада жасаса да түпкі мақсат жалғыз. Ол- қыздың бағы ашылып, бақытты болуында дер едім. Бұрын ұзатқан қыз үйінде енді болмайтынын, ата-анасын жылына 1 көретінін, өткен сәтті сағынып еске алатынын, еркелігін тастайтыны үшін қимай сыңсуын айтып, артына қарамай, ұзатылып кете баратын еді... Ал, бүгінде ең қызығы қыздар нені, кімді қимай жылайды деген ойға келемін? Себебі: қыздар үйіне қонаққа келіп, 1 айлап демалытыны, жиі әлеуметтік желілер арқылы сөйлесіп тұратыны бәрі-бәрі оңайлап кеткендей...

Ұзату тойының тағы бір ысырапшылдылығы: тұрмыс құрмаған қыз сынсу айтып, қызды ұзатуында және Алматы,Астана қалаларынан әзілкештерді, әншілерді шақырып, шығынға белшеден батып, қарыздан шыға алмауы. Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы бірнеше тұрмыс құрмаған блогер мен әншілердің ұзату әнін жаздырып, бизнеске айналдырғанын көргенде таңғалдым. Бұл әуелі- әдепсіздік, әрі тәртіптің кеткені. Тұрмыс құрмаған, тұрмыстық өмірдің ащысы мен тәттісін көрмеген қыз неден, қандай мақсатпен қызды ұзатады? Ертеректе қазақ көпті көрген, білікті де білімді, көп балалы аналардың жолын берсін деп ұзатқанды құп көретін еді... Ал, бүгінше, бүгінде құндылыққа аса мән берілмей, ажысуда, тіл табыса алмауда осы тамырынан жайылған секілді.

Ұлттық құндылықты ұмыт қалдырып, тойда бейәдеп көріністерге жол беру өз алдына, бей-берекет шашылып-төгіліп, ысырапшылдыққа жол беріп жүрген жоқпыз ба? Той мәдениетін жаңғыртудың жолы қайсы? Дәстүрді заманауи тұрғыда қалай жаңарта аламыз? Осы сынды сұрақтарға мамандардың пікірін ортаға салуды жөн көрдік...

Раушан

«Нұрлы жол» баспасының  бас редакторы:

«Күйбелең тіршіліктен, бір сарынды өмірден шаршаған да көңілін көтеріп, тойға барып, бір сергісек жақсы. Қазір арпалыс заман болғандықтан, ағайын- туыспен бас қосуда азаяды. Сондықтан бұрынғы таныстарды немесе жаңа таныстық орнатып, көңіл көтеруге таптырмас алаң. Бірақ, әр істің өз орны болады. Кейде тойлардың өзі шаршатып жіберуі мүмкін. Әсіресе, мынадай аумалы төкпелі уақытта той тойлап жүругеде жүрексіңіп қалдық. Әзірге тойды тоқтатқанымыз, осы сәтті пайдаланып, білімге, сауаттылыққа назар салуымыз керек»- десе,

Кенже Әкімбаева,
әнші:
– Қазақта «келіннің аяғынан» деген тәмсіл бар. Келін босағадан аттағаннан кейін, сол әулеттің түтінін түтетіп, береке бірліктің бастауы болуға талпынады. Міне,осы үрдіс бүгінде басқаша бағыт алып бара жатқандай. Енді ғана есіктен енген келін тойда флешмоб билеп, бөгде қимылға барып, ел алдында беті әбден ашылады. Жастарға бұл заманауи болып көрінгенімен, үлкендерге ерсі қылық секілді. Бүгін белін бұлғандатса, ертең басыңа шығып, билеп-төстемей ме? Одан кейін «тәтті торт кесу» рәсімі қазаққа қайдан енді? Жаңа түскен келін қайын атасы мен анасының аузына торт кесіп тықпалайды. Бұл не тәрбие? Бұның орнына «келін шәйі» немесе «ақ құю» рәсімін неге жаңғыртпасқа? Төгілдіріп киген қазақша көйлегімен, иіліп тұрып, ата-анасына ақ ұсынса қандай ғажап! Міне, салт-дәстүрдің озығы.
Той төңірегінде жүрген әнші болғандықтан, елдің қызықшылығындағыкелеңсіздіктерді көп байқаймын. Жуырда Түркістаннан үш қыздан құрылған трио келді. «Керемет, жанды дауыста айтады» деп мақтап жатқан. Жұртпен бірге мен де құлақ түрдім. Негізінде келбетінде, киім киісінде мін жоқ. Бірақ халықты көрер көзге алдап тұр. Музыкант болмаса, қарапайым ел біле бермейтін бір дауыста ғана ән салып тұр. «Триода үш түрлі дауыс болады емес пе? Неге бір ғана дауыс?». Аңдап қарасам, фонограмма екен. Халық олардың бұраңдап билегеніне мәз. Осылайша әжептәуір әмиянын қомпайтуда. Олардың бар мақсаты – ақша алудың жолы. Өнер мен мәдениетті осылайша аяқасты еткендерді көріп, қанымыз қараяды. Ал, біздің  жергілікті әншілердің олардың қасында шоқтығы биік дер едім.

Тойған ел тойшыл келеді. Тойлатып жүріп, ұлттық құндылықтардың қадірін қашырып, ысырапшылдыққа, көзбояушылдыққа, мәдениетсіздікке бой алдырмасақ екен деймін. Өнегемізбен, өсиетімізбен із қалдырсақ, келер ұрпаққа ұялмастай ұлағат қалдыра алсақ қадіріміздің артқаны болмақ...