Дивидендтер: оңай табыс көзі ме әлде ол туралы тағы не білу керек

Дивидендтер: оңай табыс көзі ме әлде ол туралы тағы не білу керек
жеке
блог

 

Дивиденд (лат. dіvіdendum – бөліске түсемін) – акционерлерге акциясының құны мен мөлшеріне сәйкес акционерлік қоғам пайдасынан жыл сайын төленетін табыс. Дивиденд құнын ационерлер жиналысы шешеді. Дивидендтер көбінесе жылына бір рет беріледі. Дивиденд төленуі жобаның капитализациясын азайтады. Қаржылық жылдың аяғына дейін төленетін аралық дивиденд деп аталады. Жыл соңындағы дивидендтер финалдық дивидендтер деп аталады. Көбінесе дивидендтер ақшалай төленеді. Маңызды даталар: а) Жариялау датасы- директорлар кеңесі дивидендтер көлемін жариялайтын күн. б) Реестр жабылу күні - Дивидендтерді алуға мүмкіндігі бар адамдар тізімін жасау күні. с) Эксдевидендттік күн - белгілі бір күннен кейін дивидендедтерді алуға мүмкіндік жоқ дата. д) Төлеу датасы - бұл күні дивидендтер төленеді.

Дивиденд туралы жалпы ақпаратпен танысып шыққан соң келесі мәселелерді қарастырайық: 

1)     Дивиденд арқылы байып кетуге бола ма? 

2)     Қазақстанда қандай компаниялар дивиденд төлейді? 

3)     Дивидендтен түскен табыстан салық төлей ме? 

Дивиденд арқылы байып кетуге бола ма? 

Көпшіліктің көкейінде жүрген сауал ретінде алдымен осыны қозғайық. Иә деп те жауап беруге болады, жоқ деп те жауап беруге болады. Себебі ол сіздің қай компаниядан қанша акция алғаныңызға байланысты мәселе. Мысалы, сіз Apple (AAPL) компаниясының өнімін емес, акциясын алған болсаңыз (қазақстандықтардың біразын керісінше, яғни оның акциясын емес, өнімдерін тұтунуға әуес. Ал негізінде акциясын алсаңыз, сізде күшті селфи болмауы мүмкін, бірақ шотыңызға тоқсан сайын түсіп тұратын ақша көңіл күйіңізді көтеріп отырады), сізге бір акция үшін тоқсан сайын 0,22 доллар түсіп тұрады. Ал қазақстандық ҚазТрансОйл (KZTO) 2020 жылы 50 770 909 068

теңге көлемінде дивиденд төлеген еді. Егер сіздің ҚазТрансОйлдан алған акцияңыз (осы пост жазылған 2022 жылдың 1 сәуірінде бір акция бағасы 1003 теңгеге бағаланып отыр) болғанда сізге бір акцияңыз үшін картаңызға 132 теңге «ауадан» келіп түсетін еді. Бірақ тағы бір ескеретін жағдай бар. Барлық компаниялар дивиденд төлемейді. Мысалы, сіз акциясын сатып алған компания сол жылды шығынмен аяқтаса, жыл соңында акционер ретінде ақша аламын деген арманыңыз жүзеге аспай қалуы мүмкін. Сол үшін компания таңдаған кезде өзіңізге болашақ жар таңдағандай мұкият болу қажет. Әйтпесе, шығыннан көз ашпай, ақырында ақшасыз қаласыз. Сол үшін алдымен мамандармен ақылдасып, олардың пікірімен бір танысу артық етпейді. Өз басым Jusan Invest-тегі сарапшылардың пікірін ескеруге тырысамын. Осыған дейін инвестицияға салған қаржымды солардың кеңесіне сүйеніп жұмсадым. 

 

Қазақстанда қандай компаниялар дивиденд төлейді? 


IPO-ға шыққан барлық дерлік компаниялардан дивиденд алуға болады. Бірақ, олардың қаржылай жағдайына қарап, жұмыс істейтін экономикалық секторына назар аударып көру қажет. Өйткені, кейбір компаниялар жылды шығынмен аяқтадық деп акционерлерге төлем жасаудан бас тартуы мүмкін. Мысалы, Қазатомөнеркәсіп (​​KZAP), KEGOC (KEGC), ҚазТрансОйл (KZTO) сияқты компаниялар акционерлерін жыл сайын қуантудан шаршамайды. 


Дивидендтен салық төлеу керек пе?

 

Егер сіз қазақстандық биржада акция сатып алған болсаңыз, одан түскен табыстан салық төлемейсіз. Бірақ салық есебін тапсыруыңыз керек. Ал халықаралық нарықтарда жасаған мәмілелер үшін салық төлеу міндетті. 

 

Құрметті достар! Келесі постта акциялар мен дивиденд-табыстарға арналған салық есебі туралы пост жазамын. Пост ұнаса, лайк басып, коммент жазыңыз.