Тарихы терең "Торғай газеті" жайында

Тарихы терең "Торғай газеті" жайында
жеке
блог

«Бұл Торғай кезінде – «Дуан» болған ауыл,
Қазақ тарихында өз орыны бар ауыл.
Алатайлы батыр - Шақшақ туған ауыл
Жәнібек пен Ахмет дана болған ауыл.
Ғұлама дін қайраткерлері шыққан ауыл
Ұлы Ыбырай алғаш мектеп ашқан ауыл.
Арғын Шеген би қапаста отырған ауыл
Хан Кенеге ұлықтардан пана болған ауыл.
От ауызды, орақ тілді ақын-тұлпарлар-
Жұмабай, Күдері, Әбіқай мен Қашқынбай,
Құбашаның өлең-жырына арқау болған ауыл
«Қазақтың Ленинграды» болған ауыл» - деп Хамзин Сейітжан ауыздыға сөз бермейтін Ахаң және Ғұбайдолламен Торғайдың тарихы туралы әңгіме қозғай келе, шабыттана осылай өлең шығарыпты. Бұл Торғай – бір облыстың ғана емес, бүкіл Қазақстанға аты аңызға айналған Торғай. Сондықтан да, ақиық ақын Ғафу Қайырбеков Торғайды «Қазақтың Ленинграды» деп атаған. Сонау тарихи заманда-ақ Торғайдың өзінен ғана 50 ақын-жазушы, 50 ғылым кандидаты, доктор, академиктер, 5 Еңбек Ері шыққан. Осынау тарихы терең Торғайда ертеден газет шығып отыратын болған. Патшалы Ресей қазақ даласын отарлауды мақсат етіп екі жүз жылдай қалмақтар мен қазақтарды соғыстырғаны рас. Ал осы тұста саясат үшін газеттің атқарар қызметі орасан. «Тургайская газетаның» 1895 жылы жарыққа шығуы соның дәлелі.
Торғай газеті 1895 жылдан бастап шығып, 15 жылдай өмір сүрді. Торғай газетінің редакторы БАЛҒЫМБАЕВ Әбдіғали (1866, бұрынғы Торғай облысы Қостанай уезі – 1942) – ағартушы педагог, қазақтың алғашқы өлкетанушысы әрі журналисі. Торғай училищесін, Орскідегі қазақтарға арналған мұғалімдік мектепті бітірген. ­Ы.Алтын­сарин­нің ұйғаруымен Қостанай қаласы мен Ақтөбе уездерінде училищелерді басқарды, Торғай және Ырғыз уездерінде 22 бірдей орыс-қазақ училищесінің ашылуына мұрындық болды. 1902 жылы екі тілді «Торғай облыстық ведомостарының» редакторы болды. Көптеген өлкетанушылық және этнографиялық мақа­лалардың авторы. Кезінде «А.Б.» әдеби бүркеншік есімін пайдаланғандықтан, 1911 жылға дейінгі баспа бетін көрген мақалалары Ахмет Байтұрсынұлына телініп жүр. Осы тұрғыдан да оның есімі мен еңбегін толық «ақтау» қажетті-ақ. Мол әдеби-педагогикалық мұрасы жинақталған емес. Өмірінің соңғы жылдарында музейлерде, Қазақ ССР Ғылым академиясында жұмыс істеді Патшалы Ресей қазақ жерін жаппай отарлауды жүргізгендіктен газеттің негізгі мақсаты аз-кем жақсылықтарды насихаттай отырып, отарлау саясатын тереңнен жазу болған. Барлық уездерде басшылық жұмысы, тәртіп, тәрбие, заңдылық шаруалары «көп қорқытады, терең батырады» дегенге сәйкестеніп, мыңдаған орыстардың қазақ жеріне қоныстануы, оларға жасалатын жағдайды баяндау баршылық.
Орынбор мұрағатынан алынған: ХVІІ ғасырдың 50-60 жылдарындағы орыс, қалмақ тарихы туралы кітапшаның 147 бетінен: «1747-1748 жылы Әбілқайыр хан ұлы Ералы екеуі Торғай өңірі «Борсық» құмын қыстаған» деген жолдардан аңғарғанымыз «Қазақ елінің қалың халқымен байланысын Ресейдің отарлау саясатының жымысқы тұсынан сақтануды хандар, билер болып ақылдасты ма екен?» деген ой келеді. Десек те, «Торғай» газетінде бұрынғы хандар мен билер туралы деректер жоқтың қасы. Басты бағыты да, тақырыбы да болыстар мен уездерде, облыс, губернияда. Ресей патшалығының заңдары негізінде ғана мақала, хабарлар жазылыпты. Бір айта кетерлігі, газеттің кейбір сандарында фельетон айдарымен сыни мақала көрініп қалады және оны бірінші бетке орналастырған екен. Сондай-ақ газет жазбаларында халыққа білім беру мәселесі де қозғалған. 1901-1905 жылдары губерния бойынша 161 мектепте 7143 оқушы білім алған. Төрт ер балалар интернаты, 3 қыздар интернаты жұмыс атқарып, 2883 ер бала, 356 қыздар оқыған деп жазылған газеттің 54 санында.
Сонымен, «Торғай газеті» - қазақ даласындағы алғашқы газеттердің бірі. Торғайдай тарихи мекеннен шығып отырған «Торғай газетінің» де тарихы терең. Тарихты жалғастыру мақсатында, «Торғай газетінің» жалғасы ретінде Торғай облысында «Торғай таңы» атты газет шығып отырады.
Торғай туралы әлі де біраз жазуға болар еді. Бірақ, Торғай жайлы бар мәлімет осы ғана. Айтылмаған, баспасөз бетіне жарияланбаған деректер қаншама. Дегенмен де қазақ баспасөзінде «Торғай газетінің» алар орны ерекше.