Білімге жол бастаушы басылым

Білімге жол бастаушы басылым
жеке
блог

                                            Білімге жол бастаушы басылым

       Кеудесінде жаны бар әрбір  тіршілік иесі  мына өмірді сүрген соң еркіндікті қалайды. Еркіндік айдынында жүзіп, өз арман мақсатын іске асырсам деген ниетпен тырмысып тіршілік етеді. Сол секілді жаратылысынан әрбір халықта тәуелсіздік пен азаттықтың ақ таңында өмір сүргенді ең биік бақыт деп көреді. Бұл әрине рас. Бүгінде біз ең бақытты халықпыз. Себебі, іргесі берік, еңсесі биік, тәуелсіз ел аспанының астында тіршілік етеміз. Бар мақсатымызбен арман-тілегіміз орындалуда.

        Ал тарихқа үңілсек, бұл күндердің бізге оңай келмегеніне көзіміз жетеді. Бүгінгі күніміз, қайратты бабалар мен бірлігі жарасқан халқымыздың еңбегімен келді. Дейтұрғанмен, ХХ ғасырда жылдар бойы бодандық бұғауында болған қазақ халқын бір ортаға біріктіру оңайға тимегені рас. Бұл тұста ел қамы, сауат ашу, ел бірілгін сақтау мен басын қосу мақсатында күш біріктірген ұлт зиялыларының еңбегі зор. Патша цензурасымен ізіне түскен қырағы көзден именбей, зиялыларымыз ана тілінде халық сауатын ашу үшін, алғашқы газет-журналдарын жарыққа шығарған болатын.

    Сол бір қазақ газеттерінің бастамасы, 1913 жылдан бастап, белгілі ғалым, жазушы-Ахмет Байтұрсынов пен қоғам қайраткері-Міржақып Дулатовтың бастамасымен негізі қаланған-«Қазақ» газеті. Газет ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің, шаруа мен жер, әдебиет пен мәдениет сынды мәселелерін ортаға салды. Бұған дейін тап осы басылымның  саяси немесе жер тұрғысында жарияланған мақалаларының жай жапсарымен таныспыз. Ал ендігі кезекте « Басылымның қазақ халқының оқу мен ағарту ісіне сіңірген еңбегі қандай болды?», деген сұрақ тұрғысында қарастырсақ.

   Елдің саяси сауатымен қоса, әдеби сауатын жетілдіріп, ағартушылармен таныс еткен алғашқы басылым-«Қазақ» газеті. Мәселен, 1913 жылғы 62-нөмірінде «Оқу мезгілі», «Мектеп керектері», «Шәкірттер жайынан», «Қазақтың бас ақыны» сынды мақалалар негізінен оқу ағарту істері аясында шығарылды. «Қазақ бастауыш мектебі қандай болу керек?», «Мектеп не үшін керек?»  деген сауалдарға ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынов өз мақалаларымен-ақ жауап берген. Мәселен баслымдардың бірінде, правила бойынша балалар қазақ тілінде оқу керек болғанымен, бұл кейбіреулерге ұнамай, соның кесірінен мұғалімдерде сабақты ана тілінде бере алмайтынын баса айтқан. Ал, «Шәкірттер жайынан» мақаласында қазақ баласының сапалы білімі үшін молда емес, нағыз мұғалім керектігін, Орынбор,Уфа,Троицк сынды қалаларда білім алған шәкірттер балаларға білім берсе нәтиже боларын айтып өткен. Ондай білімі бар шәкірттер келу үшін еңбегіне лайық ақыныда айта өткен. «Бір айға бала басы екі сомнан берсе, 10 бала оқытатын мұғалім 20 сом, 15 бала оқытатын мұғалім 30 сом алады. Қалтасына қол салған кісіден садақа үміт етіп телмірмейді. Қазақтың қолында малы болса, шәкірттердің  айырбасқа білімі бар, білімнен мал қымбат емес», деген бөлімі оқудың маңызын халыққа барынша ұғындыруды қалағандығының дәлелі.  Келесі бір «Қазақтың бас ақыны» басылымында, Абайды қазақ баласы тегіс тануы керегін, ол үшін қазақ балалары оның туындыларымен тегіс танысу үшін, шығармаларының таралуына мүмкіндік керегін жеткізген.

   Қорыта келе айтарымыз, «Қазақ» газеті , халықтың ағартушылар мен танысуына, бодандық бұғауында болған жандардың саяси әрі мәдени сауатын ашуға түрткі болған алғашқы басылым. Сол үшінде қазақ баспасөзі тарихынан алар орны айырықша болмақ. «Қазақ» газетін білімге жол бастаушы басылым десек болады.

 

 

 

Мади Анеля

ҚазҰУ журналистика

факультетінің

1-курс студенті