Мұстафа көтерген “Бірлік туы”

Мұстафа көтерген “Бірлік туы”
жеке
блог

 

        Тарих бірден кесіп-пішіп, толық тұжырым жасайтын ғылым емес. Онда үнемі бұқпантай сырлар, екіжақты көзқарастар мен даулы мәселелер кездеседі. Қазақтың тарихы, соның ішінде, қазақ көсем-зиялыларының да арасында осындай тұлғалар аз емес. Солардың бірі- көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқай. Ол жөніндегі пікірталас көбінесе оның қайраткерлігі немесе сатқын ретінде айыпталуына байланысты болып келеді. Алайда, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған мырза бұл пікірдің тіптен негізсіздігін алға тартады: “Ол Совет үкіметіне адалдық антын берген емес, ССРО-ның азаматы деп атанған да жоқ. Большевиктер партиясының, тіпті Ресей социал-демократиялық партиясының да мүшесі емес. Мұстафа Шоқай қысқа өмірінде өзінің көзқарастарына адалдығын сақтап қалған.” Мұнда айтылған “көзқарастың” қазақты жеке ел қылып, мүддесін қорғау үшінгі оның саяси ұстазы Әлихан Бөкей бастаған Алаш көсемдерінің ұстанымы екені айтпаса да белгілі.

        Алашорданың осы ел үшінгі күресі қажырлы түрде әрі жан-жақты бағытта жүргізіліп отырды. Соның бірі, ағартушылық, үгіт-насихат жұмыстары үшін газеттер, кітаптар шығару ісі еді.  ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелерін қозғаған “Қазақ” газетінің өкшесін басып,  1917 жылы 24 маусымда Мұстафа Шоқай басқарған “Бірлік туы” газетінің дүниеге келуі де міне осы сарындағы қызметтің жалғасы болды. 1996 жылғы “Қазақ журналистикасының тарихы” еңбегінде Бірлік туының негізгі бес бағыты атап, көрсетіледі. Оның біріншісі, газеттің автономияны жақтап, Мәметұлының “Бостандық хәм автономия”, С.Қожанұлының “Түркістаннан”, М.Дулатұлының “Россия қара бұқарасының кеңесі” мақалаларын жариялау арқылы Қоқанды қолдап,  Түркістанға тараптар болғандығын көрсетеді. Онымен қоса, Түркістан мұсылмандарын жақтау, саясаттағы әпербақандық, Алаш идеясы, жалпы қазақ съезінің шешімдері мен саяси сауатсыздықпен күрестегі оқу-ағарту мәселелері көтерілді.

        Газеттің негізін салған Мұстафа Шоқай оның тек 2 санына ғана редакторлық еткенімен, баспа жабылғанға дейін оның азаттық идеясы мен бетбұрыс бағдарламасы басты негіз болып келді. 1917 жылы тамызда өткен Түркістан өлкесіндегі қазақ-қырғыз съезі осы басылым туралы «Жаңадан шыға бастаған “Бірлік туы” барша қазақ-қырғызға ортақ болсын» – деген қаулы қабылдады. Осыдан кейін газет қазақтардан басқа, қырғыз, өзбек, татар т.б. түркі халықтың арасына кеңінен тарай бастады. Сөйтіп, шынымен де бірліктің туы көкке көтерілгендей болған. Бұл уақыттардағы ел басындағы қасірет те осы “Бірліктің” жоқтығы еді.

        Ал қазақ басына ашаршылықтың қара бұлты қылаңдай бастаған кезде газеттің атқарған міндетін ерекше атап өту қажет. Мәселен “Ауыл хабарлары” деген айдарында басылып шыққан ашаршылық туралы М.Күзембаев, Д.Пұсырманов, Ш.Сариевтердің мақалалары аш қазақтардың бейнесін айқара жайып салып, жұртты жұмылуға шақырады. Одан бөлек, “Аш қазақтарға жәрдем коммитетінен” мақаласында газет атынан құрылған коммитеттің асхана ашып, өз беттерінше жәрдем беріп жатқанын айта келіп, халықты  тағы да бауырмалдыққа бастайды. Дүниеде “Бірліктің туы” қашанда сатқындықтан құлайды. М.Дулатұлының(Арғын баласы) “Қазақ халқының дұшпандары” мақаласында осындай екіжүзді сатқындар Жангелдин мен Тұнғаншин есімдері аталады.

      1918 жылдың сәуіріне газет жұмысын тоқтатты. Бірақ бұл Мұстафа қайраткерлігінің бір парасы ғана еді. Қилы замандарда “Қазақты” “Бірлік” жалғағаны секілді, Мұстафа Шоқай да Алаштың келте тағдарына жалғау болды. Асыл мұраттың ақ таңын әркім көре бермейді, кейде ол үшін біреудің құрбан болуы керек. Заңдылық солай... Осы тұста тарихшы,  ғалым  Қ.Атабаев, “Ел  тарихының  жазба  деректер  тобына  жататын бірі  қысқа, бірі  ұзақ өмір кешкен  бейресми, ұлттық бағыттағы демократиялық мерзімді  басылымдардың ұлт  тарихына байланысты берер мәліметтері, жеткізер  деректері  мол,-дегені орынды.