Қазақ қамын ойлаған “Қазақ”
жеке
блог

Қазақ қамын ойлаған “Қазақ”

Баспасөз дегенде ең алдымен еркіндікті көргіміз келетіні анық. Еркіндіктің түрі де, сипаты да көп: сөз еркіндігі, ой еркіндігі, әрекет еркіндігі… Осының бәрі де қазіргі газет-журнал бетіне орнығар болса, онда халық та, билік те, бай да, қара да бақытты болар ма еді?!
            Қазіргі жаһандану кезеңінде БАҚ-тың, әсіресе баспа ісінің нағыз оқырмандары азайып келе жатқан сияқты. Мұнысы, “Интернет бар заманда газет-журналды не қылайық?” дегеннен болар бәлкім. Оның себебі маңызды емес, маңыздысы – сол адамның күннің бір күнінде фейк ақпаратқа ұрынып қалу ықтималдылығында. Не дегенмен, біз қолданып жүрген Интернетті күнделікті қаншама адам қолданып, неше түрлі ақпарат таратады. Тіпті, бір жаңалықты бірнеше портал әртүрліше жеткізіп “өзім би, өзім қожа” деп отыратындары қаншама?!
Ал баспа жайлы олай дей алмаспыз. Ондағы жұмыс өте тыңғылықты әрі тиянақты атқарылады. Ең алдымен, тақырыптар мұқият таңдалынып, оны жаза алатын, ол тақырыпты аша алатын мамандар іріктеледі. Кейіннен, дайын материал редактурадан өтіп қана барып, газет беттеріне бастырылады.
Қазірде газет-журналдар жоқ емес, бар. Олардың санға емес, сапаға жұмыс істейтіндігі мені қатты қуантады. Саны бар сапасы жоқ дүниеден гөрі, сапалы азғантай нәрсе шықса жақсы емес пе?! Солардың ішіндегі негізгілері “Егемен Қазақстан”, “Алматы ақшамы”, “Жас қазақ” , т.с.с. Олардың өзіндік айтары бар, өз аудиториясы бар, өз тарихы бар. Тарих демекші, қазақ баспасөзі тарихындағы ерекше орынды иеленген аты да, заты да “ұлтым” деп ұлт тағдырын тереңінен ойлаған “Қазақ” газетінің тарихына шолу жасап өтсек.
«Қазақ» атты қоғамдық және әдеби газет 1913 жылғы 2-ші ақпаннан бастап Орынбор қаласында аптасына бір рет, 1915 жылдан аптасына екі рет шығып тұрды. Таралымы 3 мың, кей жылдары 8 мыңға жеткен. Газеттің бірінші редакторы ірі ғалым, ұстаз, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы болған, екінші редакторы жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов, бастырушы «Азамат» серіктестігі, Хұсайын Кәрімовтың баспаханасында басылып тұрған. 
Ол кездегі халықтың газеттен алары да, оған берері де мол болды. Осы кезде ұлт көсемі А. Байтұрсынұлының “Газет – халықтың көзі һәм тілі” деген ғибратын еске алсақ, сол кездегі билік пенелдегі жағдайдың нағыз куәгері дәл осы газет болған еді. Халықтың көзі де, тілі де бола білген бұл басылым жайлы оның 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков газеттің №1 санында оқырмандарға арналған мынадай ғибратты үндеу жолдады: «Жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газеттің керегі қандай екенін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас. Әуелі газет – халықтың көзі, кұлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет – халыққа білім таратушы.Олай дейтініміз газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші. Төртіншісі, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады.Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі.Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газет-журналдары көп».
…Қазақ халқы сол кезден бері талай қиын қыстау кезеңін басынан өткізіп, “қазақ” деген ұлт, “Қазақстан” деген ел өз атауын әлем сахналарында талай шырқатты. Тура сол сияқты “Қазақ” газеті де жаңа деммен жаңа дәуірге аяқ басты. Ол әлі сол Алаш кезеңіндегі қалпын бұзбай, өзү халқы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Қазақтың қамын ойлаған “Қазақ”,міне, осындай.

                                                 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің 1-курс студенті Телибаева Алтынай