«Сарыарқа» газетіндегі Жүсіпбек Аймауытовтың қолтаңбасы

«Сарыарқа» газетіндегі Жүсіпбек Аймауытовтың қолтаңбасы
жеке
блог

«Сарыарқа» газетіндегі Жүсіпбек Аймауытовтың қолтаңбасы

Ұлттың  мүддесін,  елдің  қамын  ойлаған,  Алаш  Орда өкіметінің  «Қазақтан»  кейінгі  екінші  тынысы  болған, шығып  тұрған  уақытында  қалың қазақ  ел  арасына кеңінен  тараған  басылымның  бірі  –  «Сарыарқа»  газеті. «Сарыарқада»  Алаш  партиясының  саяси  бағдарламасы, Алаш Орда өкіметінің қаулы-қарарлары, саяси мәні бар жеделхаттары,  қазақ тарихы үшін құнды дүниелер саналатын құжаттар жарық көрген. Жас Жүсіпбекте алғашқы туындыларын «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газетінің беттерінде жариялап, осы басылымдарды шығарысуға қатысты. Жүсіпбек Аймауытов — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Жүсіпбек  Аймауытұлының  «Сарыарқа»  газетінде жарыққа  шыққан  бірнеше  мақаласы  бар.  Солардың алғашқысы «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл, жастар!» деп  аталады.  Империяда  монархия  құлап,  келмеске кеткен соң «бостандық» және «теңдік» ұраны көтеріліп, ел  арасына  демократия,  теңдік  идеясы  тарай  бастайды. Жүсіпбек бостандық ұғымының тарихи мәнін, саяси астарын,  қоғамдық  маңызын  қазағына  ашып, толығымен  жеткізіп беруге  ұмтылады.  Ол  «біздің  қара  халық  бұл  теңдік,  бұл бостандық  кімге  келген  теңдік,  бостандық,  неменеге болған бостандық екенін әлі білген жоқ сияқты» деп жаза келіп, «әуелі сөзге бостандық беріледі» деген түйінін айтады. Бостандық ұғымының негізгі принциптеріне кеңінен тоқталған  көсемсөзші  оның  қоғамдық-саяси  маңызын ашып көрсетуге тырысады. Алаш  жұрты  еріксіз  Ресей  империясының  босқынына түскен  соң  1822  және  1824  жылдары  патша  өкіметінің көшпелі  елге  арнап  заң  шығарып,  қазақтың  саяси атқару билігін түбімен өзгертетін құқықтық ережені  бекіткені  белгілі.  Осы  жылдардан  бастап қазақтың  басынан  бақ  тайып, тыныштығы мен мемлекеттік  құрылысы бұзылып, отарлы бір аймаққа айналғаны мәлім. Мұнан былайғы уақытта алты алаштың баласы, Ахмет  Байтұрсыновша  айтқанда,  «біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың би болатын  заманға,  ...білімі  көптер  жұрт  билемей,  малы көптер  жұрт  билейтін  заманға» Жүсіпбектің  өз сөзімен  айтқанда,  «кемеңгер  билердің  заманы  құрып, адамды  мал  мен пұлға  сатып  алатын  заманға  килікті». Губернияға, уезге, болысқа бөлінген қайран қазақ ғасырлар бойы келе жатқан ел билеу ерекшелігінен айырылып, империялық отарлау жүйесіне бағындырылады. Патша әкімдерін паралауға, олардың үлгісімен қиянатқа, зорлыққа, өтірікке, қызмет құмарлыққа үйренеді ел алқалылары. Қазақтың  Дулат,  Мұрат,  Шортанбай  сынаған,  ұлы Абай жиренген жаңа бір дәуірі дүниеге келеді. Жүсіпбек  өз  мақаласында  төңкеріс  бостандығы  әуелі қалың бұқараға керек деп шешім жасайды. Сөз бостандығы келді, қара халық, сөзіңді тыңдайтын жаңашылдар бар деген насихат  айтады.  Елдің  игі  жақсыларына  да  арнап:  «Кел, мырзалар! Заман ыңғайы шалғырт, шенқұмарлық көксеп, бұзықтық  шығара  бермей,  өткенге  қанағат  қылып,  кешу алып, келешекте түзеліп, жанды олжа көріп, тек жүрсек, тоқ жүреміз» деп жазады. Жоқ-жітікті тонағанды қойып, мемлекет болу ұранын қолдайық, іргелі ел болуға әрекет етіп,  жұмылайық деген тілегін білдіреді. «Екінші бостандық – бас қосып, қаулы қылып, ұйым жасап, бірлесіп іс қылуға берілген бостандық» деп көрсетеді  мақаласында.  Орыс  елінің  ісмерлері,  іскерлері ұйым  құрып  әлеуметтік  және  құқықтық  теңдік  алып жатқандығын  баян  етеді.  «Жалғыз-ақ  бостандық  туғалы көріп отырған жақсылығымыз мынау: Зайсан уезінің жас жігіттері, қара бұқарасы «Теңдік заманы» деген  ұйым  жасап,  теңдік  ала  бастады.  Көзге  көрінген  бір ісі: Зайсан уезіне хан сияқты әмірі жүрген, орыс, қазағына бірдей  билеген,  атақты  кемеңгері  Ахметжан  Шідерин  деген қара жүректі ел жұмысына кірістірмей ұстап, жаптырып  отыр.  Шідерин  нөкерлерімен  қазір  Семейде»  деп  ел ішіндегі алғашқы бастамаға қуанып, оны үлгі етеді. Алаш мүддесі деп іске кіріскен Жүсіпбек бірігіңдер, ұйым құрып, қаулы шығарыңдар деп бос ғана айтып қоймай, нақты жоспарын да анықтап берген. «Сарыарқа»  газетінде  жарық  көрген  осындай мақалаларынан  Жүсіпбек  Аймауытұлының  ел болашағына қажетті әлеумет істеріне араласқанын аңғарамыз, баспасөзде заман  ағымына  сай  қоғамдық  жөне  әлеуметтік  мәні  зор мәселелерді қозғағанын көреміз. Ж.Аймауытұлы шағын жанр арқылы қоғамның әр кезең көріністерін, өмірлік тұрмыс сырларын, адам мен оның еңбегін қарапайым оқиғаға, шындық суреттеріне сыйымды, сенімді, қалыпты етіп жеткізеді. Образдар жүйесі-бейнелі, тіл тұғыры- өте құнарлы, сюжеті жинақты, шебер өрнекті өріс алады. Жалпы, осы жайттарды назарда ұстап, Ж.Аймауытұлының шығармалары қандай тақырып, оқиға желісі бойынша болса да өмірдің өзінен алынғандығын, ал туынды тұлғалары болса-халық арасынан шыққанын аңғару да, тану да қиын емес. Бұл ерекшеліктер үлкен проза жолындағы жазушы ізденісін, өзіндік қолтаңбасын әрі шеберлік сырларынан да мол мағлұмат беріп, келешекке қалдырған өшпес ізі.