Ерекше есімдер

Ерекше есімдер
жеке
блог

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «адамның аты иттің кличкасы емес, сондықтан есімді абайлап қою керек».

Бүгінгі бүлдіршіннің болашақ болмысын қалыптастыруда, енші етіп берілген есімінің алар орны ерекше екенін айтқан болатын. Тылсымға толы, әрі жауабы жете табылмаған жұмбақтарға қарамастан адам атының, адам өмірі үшін маңызы жоғары екені сөзсіз. 
Атам заманнан бері, Алтайдан Атырауға, Ертістен Жетісуға дейінгі аумақтың бәрінде атаусыз дүние болмаған. Шөбі шүйгін жер де, онда тұрған ел де, аққу қаз қонған көл де өзіне тиесілі атауды иеленген. Жанды мен жансызға, елді мен елсізге ұтымды да ұтқыр ат қоя білген ата бабаларымыз бауыр еті, көзінің нұры, қолқа жүрегі баласына болмайтын есімді қыймағаны анық. Ырымдап, жақсының аты ұмыт болмасын я сол жанға ұқсасын деп ел бастаған хандардың, қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, қара қылды қақ жарған әділ билердің, дәулескер күйшілердің, күміс көмей әншілердің, сал сері мен шашасына шаң жұқпаған ақын-жыраулардың атын қойған. 
Ескере кететін тағы бір жайт, қазақ балаға әулие-пірлердің атын қоймаған. Буынып қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген бүлдіршінге бұл ауыр болады, киесін көтере алмайды деп, аталмыш есімдерді қоюдан аулақ болыпты.
Айтпақ ойымның кіріспесін келістірген секілдімін, енді тақырыбымның төркініне тоқталсам. Есімім Назерке. Қарапайым есім, естігенде ешкім таңқалмайды, қайталап сұрамайды, мәніне қызықпайды да. Жүрген жерімде кемінде тағы екі Назерке деген қыз кездестіретінмін. Бұл, әрине маған аса қатты жақпайтын. Содан ес білгелі қыз баласындағы ерекше есімдерге қызыға бастадым. Есімінің мәнін сұрап, кім қойғанын, не үшін қойғанын білмекке ұмтыламын. 
Арман қуып Алматыға келіп, жаңа жандармен таныстым. Сол кезде есімі ерекше естіліп, елегізе қалған арулардың аттарын өздеріңізге ұсынбақпын. Болашақ ханшайымдарыңызға лайықты санағандарыңызды түртіп алам десеңіздер, мархабат. 
Інжу деген, Маржан деген де есімдерді жиі кездестіреміз. Ал, Інжу-Маржан есімін естуіңіз бар ма?  Бұрымдының бұл есімі алғашқы оқуға түсу үшін тапсырып жатқан шығармашылық емтиханда бірден санамды селт еткізе жатталып қалды. Қандай әсем есім, иә? Маңғыстаулық аруымнан, есімінің мәнін сұрағанда, теңіздің түбіндегі асылға теңеп қойғанын айтты.
- Есімімді, жаманның көзі, оңайдың қолы жетпейтін, бағалы болсын деп, Інжу-Маржан қойыпты. Үлкендердің теңіздің түбіндегі асылға теңеп қойғаны,- дейді қарт Каспийдің жағасынан келген Інжу Маржан.
Келесі, ерекше есім- Аққу. Тобымыздың басшысы Аққудың есімі мені бірден баурап алды. Талай Қарлығаш, Сұңқар, Бүркіт есмдерін кездестіріп жүрміз ғой, бірақ, осы адалдық пен махаббаттың символына айналған Аққу есімі өзгелерден бәсі биік болып көрінді. 
Аққу есімінің қойылуының өзіндік тарихы да бар екен. Аққудың айтуынша, нағашы әжесі түс көріп, түсінде қос аққудың жүзіп жүргенін көреді. Солай жиенінің атын Аққу қоюды тапсырып, бұны бақытқа балайды.
Артынша, үлкендер ақылдаса келіп, Аққудың әпкесінің есімін арайлап атқан таңда дүниемен дидарласты деп Арайлым қояды. Анасы болса, нағашы әжесіне Алла жазса келесі қыз баланың есімін «Аққу» қоямын деп уәде берген.
Дегенмен қызық бұнымен таусылмайды, екінші қыз өмір есігін ашқанда есімі құжатқа Аяулым болып түседі. Әрине, бұған нағашы әжесі ренжіп, аруымыздың есімін Аққу қойғызыпты.
-Мен дүниеге келгенде үйдегілер құжатқа Аяулым деп жазғызып, өткізіп тастайды. Бұны естіген нағашы әжем ренжіп, Аққу деп қоюларын сұраған. Кейін, құжаттарды кері жөндеп, есімімді Аққу деп өзгерткен екен, дейді Аққу
Ендігі есімді, мүмкін естіген шығарсыз, дейтұрғанмен бұл ат мен үшін ерекше есімдердің қатарында. Ол есім- Қырмызы. Қарапайым емес бұл есім құнды көрінді маған. Қырмызы атына лайықты аруымның да өз хикаясы бар екен. 
Қырмызының сөзінше, анасы қағазға Томирис, Алуа, Қырмызы есімдерін жазған. Солай үш есімнің ішінен болашақ бөбегіне лайықты деп әкесі Қырмызы есімін таңдапты.
- Қырмызы таудың ең ұшар басындағы емдік гүл. Оған оңайлықпен ешкімнің қолы жетпейді. Гүлдің өзі де ерекше емдік қасиетке ие. Жанындағыларға қорған болсын, абыройы биік, дәрежесі жоғары қыз болсын деп ата анамның қойған есімі, деді Қырмызы.
Мінеки сіздерге ұсынған ерекше есімдер осы. Тізім алдағы уақытта әлі толықтырылып отырмақ

Назерке Альбертқызы
Әл-Фараби атындағы 
Қазақ Ұлттық Университетінің
студенті