Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен...
жеке
блог

Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен...

1865 жылдың 10-сәуірі қазақ халқы, өркениеті, ғылымы үшін қаралы күн еді. Бұл күні қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы сөнді. Ұлы ғалым теңдессіз тұлға Мұхаммедқанафия Уәлиханов өмірден өтті. Оның бір адамның бойына сыйғысыз дарыны мен бір адамның ғұмырына сыйдырғысыз ерен еңбегі жалғассыз, алдағы ұлы мақсаттардың жауапсыз қалғаны ойлы адамның қабырғасын қайыстырмауы мүмкін емес еді. Ақын Абай да осы тұста қапы қалмай, күйінішін өлеңмен жеткізген:

Құйрықты жұлдыз секілді,

Тұрды да көп тұрмады.

Көрген білген өкінді,

Мін тағар жан болмады.

         Егер Шоқанды алып бәйтерекке теңейтін болсақ, одан тарайтын ағартушылық, тарихшылық,  этнограф, географ, фольклоршы, демократ, (профессионалды) суретші сияқты жемістерін әр қырынан қарауға болады. Алайда мен сол мәуелі бәйтеректің тамыры қайдан нәр алатынын білгім келеді. Қазақтың «тектіден текті туады» дейтін сөзі де тектен-текке айтылмаса керек. Шоқанның өзі ел тарихындағы елеулі тұлға Абылай ханның ұрпағы, хан әулетінің бекзадасы болып келеді. Тағы да жастайынан әжесінің қолында өсіп, “Шоқаным” деп еркелетер әзіз ананың аузынан есіткен халық даналығы, ертегі-аңыздары оның ұлттық санамен сусындап, ғылым-білімге, сөз өнеріне, соның ішінде, халық ауыз әдебиетіне деген қызығушылығын оятуына ықпал еткен. Болмысынан зерек бала халық поэзиясына құмартып, оның классикалық үлгілерін жазып алып, жатқа айтады. Кейін ілім алып, ғалым атанған соң осы іспен ғылыми деңгейде айналысады. Оның толық аяқталмай қалған “Қазақ халқының поэзиясы жөнінде“ ғылыми мақаласында ауыз әдебиетіндегі жыр, жоқтау, өлең, аңыз сияқты басты үлгілерінің жанрлық ерекшелігін анықтауға бағытталады. Соның ішінде өлең мен жырды салыстыра келе жанрлық өзгешелігін ашып көрсетіп, «Ер Көкше-Ер Қосай», «Орақ батыр», «Едіге» сияқты батырлар жырларына түсінік беріп, құрылымын талдайды. Мәселен, батырдың басынан кешкен оқиғасы немесе ерлік істері қара сөзбен баяндалғанымен, батырдың өз сөзін өлеңдетіп жеткізілетінін айтады. Ал «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сияқты лиро-эпостық жырлардың моңғол және татар жырларымен үндестігіне ерекше мән береді. Одан бөлек зерттеу қазақтың ауыз әдебиетінде, тұрмыс-тіршілігінде көрініс табатын жоқтау, қайым өлең, қара өлеңдер туралы түсінік беріп, мысалдар келтіреді. Жырлар мен басқа да ауыз әдебиетінің мұраларын тұжырымдай отырып, оның Бұқар жырау, Тәтіқара жырау, Шал ақын, Шөже, Орымбай, Арыстанбай ақын, Нұрым жырау сияқты жекелеген өкілдеріне тоқталуының өзінен автордың мақсаты осындай құнды дүниенің ұрпақ сабақтастығында үзіліп кетпеуі үшін жүйелеу мен теориялық тұрғыда пайымдау болғанын білуге болады. “Қазақ халқының поэзиясы жөнінде“ мақаласы қазақ халқының ауыз әдебиеті туралы толық қамтымағанымен осы істің негізі болумен қатар, өз кезегінде бұл еңбектің маңыздылығы Шоқан үшін өз еңбектерінің ішінде Қашғария сапары немесе Манас жырынан еш кем түспейді. Себебі ол тарихын ұмытпаған, болмысын жоғалтпаған ұлттың ғана тәуелсіз өмір сүретінін білді.

     Ғалымның 1856 жылғы Ф.М.Достоевскийге жазған хаттарында оның Омбыдағы лауазымды қызметтен гөрі шығармашылық арқылы ұлтына қызмет еткісі келетіні оның көздегені атақ-шен, байлық емес, ғылымға қосқан үлесі мен еліне еткен еңбегі екені айтылады. Ақыры қалауы бойынша ғылымға ден қойып, елді дүр сілкіндірген ғылыми жаңалықтар ашады. 1858-1859 жылдары ІІ Александр патша оны өз қабылдауына шақырады. Осындай кездесу сәтінде азамат патшадан өз қажетін сұрайтын құқық көптен қалыптасқан үрдіс болатын. Қанымынан қажеті мол ғалым үшін бұл таптырмайтын мүмкіндік еді. Ал Шоқан патша ағзамның өзімен жүздесіп тұрып не сұрады деп ойлайсыз? Шен де байлық та сұраған жоқ, ол жай ғана өз елінің яғни қазақтың жағдайын жасауды, оған жақсы қарауды сұрады. Шоқанды ғалымның төресі еткен де, міне, осы мінезі. Биыл ғалымның туылғанына 187 жыл толады. Алайда Мүсірепов айтқандай, оның ұлылығы сол, біз оны енді ғана түсіне бастадық.