Қош, жануарым, Құлақасқам!

Қош, жануарым, Құлақасқам!
жеке
блог

Телефоным түрулі еді... Ауыл жақтан соғылған қоңыраудан жағымсыз жаңалық естіп, жаным жабырқап қалды.

     Жоқ, бәрін басынан бастап тізбелейін асылы. Кішкетайымнан күрең белде күрең тайға мініп, жылқының құлағында ойнап өскен бала едім. Басқаларды білмеймін, жылқы атаулы – менің балалығымның бір бөлшегі. Қанымдағы қасиет шығар, әр күн сайын қоршаудағы қара тайды мінбей көңіл көншімейтін... Қыс түсе қар жамылған маң далада жайылымдағы жылқының арасынан жабағы  ұстап, мойынына құрық салып үйретер едік. Мама биелердің кесек құлындары кей кездері тақым шыдатпай тікке қарғып, жығып кететіні бар. Тағысын тағы...

     Әрлі-берлі созбақтамай енді сүрлеуіме түсейін. Екі аяқтының астына алғаш түскенде жаудай көретін жылқы малы кейін келе иесінің ең жақын досына айналады. Досы деймін-ау, сенің көңіл күйіңді қабағығыңнан танитынын қайтерсің.

     Бір күні атқұмар әкем үйге әлдекімнен құлын күнінде көрген жабағысын сатып әкелді. Қуанышымда шек жоқ. Әлгі тайды айналшықтап күні бойы жүремін. Әкем де, әрлі-берлі сипалап өзіне үйрете бастады. Сидаң келген құлақасқа тай. Аяғының аласы бар сүйкімді еді. Жабы атаулыда қалың болатын құйрық жал дегенің сұп-сұйық. Құлақасқа тай сол жылға көктемдегі наурыз бәйгесінде мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Алғаш рет бәсекеге түскені. Бұл менің де алғашқы бәйгем еді...Жануар тұрпаты бөлек жылқы болып өсті. Кейін келе бірқатар аламандарда жануар желдей жүйткіп, кең тыныстылығымен керіле шапқан шабысына көрген көзді сүйсіндіріп қара үзіп келіп жүрді. Сондай бір бәйгелерде жанарымнан жас шығып кеткенін балалығыма бағушы едім, ол қуаныштан шыққан жас екен ғой...Құлақасқамен бірге есейген балалығымды Барқытбелдің бауырына қалтырып, құба жон сары түске еніп көкжиектен күн құланиектене атып келе жатқан жаздың соңындағы күндердің бірінде мен Алматы тартып кете бардым. "Шын мықты далада өсіп, қалада өледі" деген сөз көкейімде жаттаулы. Со күні мен Құлақасқадан ажырап ктекен екенмін. Ара-тұра демалыстарда барғанда бір ретке желмен жарыса ағызып-ағызып алатыным құмарлықты жоя алсын ба?..Оқу соңында жүріп "Бәйгеторы", "Айқасқа", "Ақбозат","Қош бол, Гүлсарыны" оқығанда ауыл, бәйге, Құлақасқа ойға оралып жүректі сағыныш кернеуші еді...

     ...Ойым шашырап кетті ғой...Басына қайта барайын. Телефоным түрулі еді...Ауыл жақтан соғылған қоңыраудан жағымсыз жаңалық естіп, жаным жабырқап қалды...Құлақасқа ат Шығыстағы дүбірлі бір аламанда алдына алғашқы айналымдарда құланша ойнақтап келе жатып, аяғына зақым келгеніне қарамай ағыз шауып омақаса құлаған екен. Қасыңнан қатарлас аттың озып өткенін өлім көрдің бе екен? Жаның шыққанша шауыпсың...  Намыс жібермейді ғой...Беу, есті жануарым-ай!

       Жанарың мөлиіп аспанға қарап үлгердің бе екен сонда? Жалыңды тартып мініп, сары далада шабыңды қытықтап шауып есейген екіаяқты есіңе түсті ме екен сол шақта?

       ...Сенен ажырай сала,  қауқарсызы өзгенің бтақымында кететін "өмір-бәйгеге" кірдім кеттім. Жануарым, өзіңмен бірге түскен додаларда осынау нағыз жүйрік сыналатын "өмір бәйгесіне" дайындаған екенсің ғой мені.

       Қош, жануарым, Құлақасқам!!!