Шәкәрім шығармаларындағы рухани-адамгершілік құндылықтар
жеке
блог

Шәкәрім шығармаларындағы рухани-адамгершілік құндылықтар

 

 

           Қазақ әдебиеттану ғылымының ұзақ жылдар бойындағы тынымсыз талпыныстарының нәтижесінде «коммунистік идеология» атты «қара теңіздің» қыспақты құрсауынан босап, әділеттіктің ақ айдынына шыққан, ақиқатын айғақтаған асыл қазыналардың бірі он тоғызыншы ғасырдың соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың басында қалам тербеген талант иесі, суреткер жазушы, көрнекті ақын - Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Шәкәрім өзінің көркемдік ой танымын арғы-бергідегі әдеби дәстүрлермен сабақтастырып, кешегіні бүгінгімен және ертеңгімен жалғастырып өткен талантты перзент.

Шәкәрім талантының түп негізінде сан алуан сарқылмас қайнар бастаулар жатыр.Ойшыл суреткер сол бастаулардың кәусардай таза, кіршіксіз мөлдір шырынын тауып, талғаммен талғай отырып табиғатына дарытты, асылдың шипасын ақындық жүрегіне сіңірді.

Шығыстың классикалық поэзиясының жауһарлары, одан беріректегі халық поэзиясы, жыраулар жырлары, ұлы Абайдың әдеби дәстүрі, өзі өмір сүрген дәуірдегі түрлі үрдістер, бәрі-бәрі Шәкәрім үшін өнегесі өлшеусіз тағылымды мектеп болды.

Халқының мұңын жырлап, адам бойындағы игі қасиеттерді қастерлеп, өлеңдерінің өзегі ету- Шәкәрім шығармашылығының басты мұраты. Ақын айналасындағы барлық нәрсеге терең бойлап, жамандығынан жирене біліп, жақсылыққа ұмтыла білді.

Әдеби туындының көркемдік әлемі қаламгердің ой-қиялы және дүниетанымы мен сөз саптасына келіп тіреледі десек, қазақ өлеңінің кеңістігінде Абайдан соңғы ойлы  өлеңнің өрнегін салған суреткер – Шәкәрім шығармашылығының поэтикалық жүйесіндегі өзіне тән ерекшеліктерді былайша сипаттауға болады:

 Біріншіден, ақын өлеңге өнер ретінде қарап, оны өрелі ой айтудың құралына айналдырған. Сондықтан да өлең жолдарында философиялық таным мен поэзиялық көркемдіктің тұтастықта жарасым тауып, нәтижесінде қазақ поэзиясында жаңа мазмұндағы өлеңдік өрнектер мен келісті суреттеулер, тың түр мен мазмұн пайда болып ұлттың рухани әлемін жаңа бір сатыға көтерген.

Екіншіден, Шәкәрімнің лирикалық кейіпкерлерді сомдаудағы өзіндік қолтаңбасы шағын лирикалық өлеңдері мен көлемді туындыларында да сабақтастық тауып, ой мен сөздің мән мағынасын, әсерін арттыра түсетін: «шын нұр», «шын асық», «таза ой», «от жүрек», «тәтті тіл», «таза жан» т.б. көптеген эпитеттік қолданыстарды түрлендіре қолдануы ұлттық поэзиямыздағы көркемдік құралдарды тыңнан түлетіп қана қоймай, ақынның қаламгерлік қолтаңбасын айқындайтын айрықша белгіге айналған. Тек бейнелілік қана емес оның терең мазмұнымен өрілген өзгеше бітімі руханиятымыздағы жаңа бір көркемдік дүниені қалыптастырды.

Үшіншіден, ақын поэзиясындағы адам мәселесі өзгеше өрнекпен, бөлекше талап – тілекпен сомдалып, алдымен адам жан дүниесінің сапалы жақтарын дамыту баса көрсетіліп, адам табиғи жаратылыстың күрделі нәтижесі ғана емес рухани жан әлемі ерекше қасиетке ие. Дәстүрлі адам мен табиғат бірлігін психологиялық тұрғыдан сипаттаудың тың үлгісін танытқан сөз шебері шынайы болмыс суретінен асып, адам мен тылсым арасындағы нәзік қарым-қатынастың сипатын танытудың жаңа жолын қалыптастырады.

Төртіншіден, ақын поэтикасы қазақ поэзиясында бұрын соңды қолданылмаған фразеологиялық оралымдармен бейнелі суретті сөздермен дараланады. Мысалы, «сұм жүректің оянбауы», «жебір ұлық қылған іс», «өлі жүрек», «көңілдің қабағы салбырады», «залым ғалым», «сұм ақын», «тозған ой», «азат ақыл», «күңшіл мұңдар» сияқты алуан сипатты адам психологиясының суреттерін ашатын сөз образдарымен халқымыздың өлең өрісінде ерекше стиль, мәнер және өлең құрау машығын алып келді. Осындай психологиялық оралымдар ақын кейіпкерінің көңіл күйімен қоса оның рухани ой- дүниесінің терең қалтарыстарын тануға да мүмкіндік береді.  Мұндай тың талаптарға өлең ұйқасындағы жаңа түр мен ырғақ та сәйкес келеді.

         Бесіншіден, ойшыл ақынның шығармашылық поэтикасындағы Алла, жар, жаратушыны жырлау үлгілері дәстүрден ерекше сипатта көрінеді. Алланы дәріптеу, оны әділет пен тазалықтың қайнар көзі ретінде таныту үрдісі арқылы Шәкәрім жалпы адамзатқа ортақ  қоғамдық мәні күшті мәселелерді көтереді. Дүниенің құпия сырларын танып білудің жолын жар, жаратушымен байланыста қарастыру арқылы «түзу адам» қалыптастырудың жаңа жолдарын ұсынады. Бұл тарапта да жаңа ұғымдар қалыптастырады.

Осы үш құндылық арқылы адам түзу жолға түседi. Адам жөнделсе - қоғам мен өмiр жөнделедi, жаратушыны шын сүю басталады деп тұжырымдайды. Мына бiр өлеңiнде ақын:

Ескiден қалған сөз терiп,

Өз ойымнан өң берiп,

Үйретудi жөн көрiп,

Түзетпек едiм адамды

деп өзiнiң iзгiлiктi мақсатын ашып айтады.

 

 

Айла күш – айуандықтың ең жаманы,

Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес

Ар түзейтiн бiр ғылым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әдiл жеңбес

Мұнда ақын адамның бойында әдiлет, мейiрiм, ынсап, ақ жүрек, таза ақыл болмайынша, зұлымдық, әдiлетсiздiктер, соғыстар, зиянды қару-жарақтар, мейiрімсiздiктер, озбырлықтың жойылмайтынын дәлелдеп көрсетедi.

     Адам болмысы, адамның жан дүниесіндегі түрлі сапалық өзгерістерді поэзия тілімен өрнектеудің өзгеше әдіс-тәсілін тапқан ақын қазақтың төл әдебиетімен ғана шектелмей түбі бір түркі руханиятының мазмұнды туындыларынан сусындап, әрі әлемдік ақыл-ой жетістіктерінен үйренген. Шәкәрім мұрасының құндылығы – оның рухани бастау көздерінің күрделілігінде. Ең алдымен ол өзі өсіп өнген қазақ жұртының халықтық мұрасын терең меңгеріп, асылын бойына жинақтаған. Сондықтан да рухани жетілу жолындағы алған өзге әсер ықпалдарының ізгі үрдісін халқының қажетіне жарата алған. Шәкәрім адамның ізгі қасиеттерін дамыту жолдарын айқындап, бұл тұрғыда адамзаттық игі дәстүрлерге сүйенеді.