ЖАҢА МАУСЫМ, ЖАҢА ЛЕП – ЖАҢА ОЙЫН

ЖАҢА МАУСЫМ, ЖАҢА ЛЕП – ЖАҢА ОЙЫН
жеке
блог

Күлкі – өмірдің ажарын кіргізетін керемет күш. Шынайы күлкі сыйлаған жан – күлген жанның ықыласына бөленетіні де хақ. «Күлкі – өмірді ұзартады» деген сөзге сенер болсақ, бүгінгі «Сұңқар кубогы» КВН ойындарының қатысушылары қаншама адам өмірінің ұзаруына септігін тигізейін деп тұр емес пе?! «Сұңқар кубогы» КВН ойындары – ҚазҰУ-да жыл сайын өткізілетін ерекше әрі керемет жобалардың бірі әрі бірегейі. Осы жылы тіпті ерекше өтті десек те болады. Себебі, бұл ойынды жылдағыдан қарағанда ұзақтау күткеніміз. Иә, былтырғы жылы пандемияның кесірінен ойынымыз, өкінішке қарай, болмады. Оның алдыңғы жылы да мәресіне карантинге байланысты жетпеп еді. Ұзақ күттірген сағыныш ойыны – бүгінгі әзіл сүйер қауымның мауқын басты, әзіл-қалжыңға шөліркеген халықтың шөлін басты.

 

Бүгін әл-Фараби атынағы ҚазҰУ-дың «Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында» «СҰҢҚАР» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен «Сұңқар кубогы» КВН ойындарының маусымашар кезеңі болып өтті. Жоба өз деңгейінен де асып өтті десек артық айтпаймыз. Себебі, осы жыл да, маусым да ерекшелікке толы. Ерекшелігі – Егеменді Ел болғанымызға биыл – 30   жыл толса, сағынып көріскен сүйікті КВН ойынымызға – 60  жыл. Бүгін – жаңа маусым, жаңа леп. «Сұңқар кубогы» КВН ойындары – «Өзгеріс маусымы». Ойынның негізгі тақырыбы – «Алматы – жастар қаласы» деп аталды. Бүгінгі ойынның көркін қыздырған, жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан кеш жүргізушісі – Әбділда Дәмір. Ал КВН ойындарына төрелік еткен әділ-қазылар құрамында: тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры – Есімова Жұлдыз Дапенқызы,  бүгінгі ойынның бас демеушісі, «Bugin Holding» компаниясының директоры – Айбек Қуатбаев, театр және кино актеры – Бақыт Тұшаев, жайдарманшы, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық Жастар Қоғамдық Бірлестігі Алматы КВН филиалының директоры – Оңдасын Құлымбетов, жайдарманшы, керемет актер – Нұрсұлтан Жақсыген және «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы – Нуридин Бақдәулет Баймаханұлы. Маусымашар кезеңіне барлығы 9 команда қатысты. Олар:

1.   «Миллиард» - География және табиғатты пайдалану факультеті;

2.    «Эйфория» - Еркін құрама;

3.    «Физтех жастары құрамасы» - Физика-техникалық факультеті;

4.    « Проспект Аль-Фараби» - «Көмек» Қоғамдық Қоры;

5.    «Айжан Бердіқұлова»– Механика-математика факультеті;

6.    «Қызық» - География және табиғатты пайдалану факультеті;

7.    «IT құрамасы» - Ақпараттық технологиялар факультеті ;

8.    «Штат 71/14» - Экономика және Бизнес Жоғары мектебі факультеті;

9.    «Мех-мат құрамасы» - Механика- математика факультеті.

Ойынның шымылдығы – «Бахыт» би ансамблінің биімен ашылды. Ашылуының өзі ерекше болған кештің жалғасы да керемет болды деп айтуға әбден болады. Барлық командалар да, команда құрамындағы ойыншылар да бір-бірінен өтетін үздіктердің үздігі. Ойын – қызықты әрі тартысты өтті. Студенттік әзілдер, қағытпа қалжыңдар – бәрі-бәрі болашақ жұлдыздардың, болашақ Жоғарғы КВН-де көре алатын ойыншылардың деңгейін көрсете алды.

 

Алайда бұл – ойын. Сол себепті, кейбір командалармен маусымашар кезеңінен қоштасу керек болды. Маусымашар кезеңін қорытындылайтын сәт те келді. Командардың қобалжуы, келесі кезеңге өту-өтпеу мүмкіншілігі – әділ-қазы алқаларының қолында. Шешім де шықты. Сыйлықтар табысталды. «Үздік жанкүйер» номинациясын механика-математика факультеті алды. Залды өте жоғары деңгейде көтерген, қолдаушы саны жағынан басым болған командаға – «Сұқар кубогы» атты торт берілді. «Маусым жаңалығын» –  «Миллиард» командасы алды. Сыйлыққа «skillsacademy.kz»-тың  1 айлық тегін курсы табысталды және Қазақстан әйелдер одағы атынан 20000тг сертификатына ие болды. «Креативті шақырту видеосы» – «Штат 71/14». Өте креативті шақырту жасаған команда –  «zheka’s doner house» тегін жолдамасына ие болды. Маусымашар үздігі –  «Қызық» құрамасының ойыншысы Усенова Аяжанға «ILIYAS TRAVEL» компаниясынан 150000тг сертификат табысталды. Ал маусымашар кезеңімен қоштасатын командалар: «Проспект Аль-Фараби» және «Физтех жастары». Белсенді қатысқандары үшін – «Проспект Аль-Фарабиге» skadi.kz жолдама,  «Физтех жастарына» - basilic 10000тг сертификат және kitapal.kz дүкенінен тегін кітаптар берілді. Келесі кезеңге жолдама алған 7 командаға сәттілік тілейміз!

 

Сағындыра күткен «Сұңқар кубогы» КВН ойындары да өз мәресіне жетті. Келесі жартылай финал ойынын асыға күтеміз. Командаларға тағы да сәттілік! Күліп жүрейік, күлкі сыйлай білейік!

 

 

Авторы: әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың,

«Филология» факультетінің 2 курс студенті

ТИМУРОВА Адина