Күзде бүршік жарған қыз ғұмыры

Күзде бүршік жарған қыз ғұмыры
жеке
блог

— Айка, кеттік. 
— Қайда?
— Бүгін Темірдің туған күні, помнишь, диско клубта таныстырған едім ғой саған. Мә-ә жынды жігіт қой. Менің жігітімнің жолдасы.
— Жазок, ренжімеші, мен бара алмайтын шығармын. Мазам болмай отыр.
— Мяяяя Айка не болды саған? Өмірді саған екі рет бермейді. Қарап отырып осындай қызықтан қаласың ба енді. Ештеңе етпейді, қыдыр, ойна, күл жас кезіңде. Ертең кемпір болғанда отырасың мыжырайып, ешкім қарамайды да сосын. Темірді саған сындырып беремін, қара да тұр. Сенің ана сөйлесіп жүрген Қазыбегің маған ұнамайды ше, таза тормоз ба бірдеңе ғой. Оның қасында Темір міне во-о ғой,-деп Жазира бас бармағын көрсетті. – Жүр, жинал кеттік, тез.
Айым мен Жазира қаланың шетінде орналасқан Темірдің пәтеріне келді. Келсе Темірдің жолдастары жиналып қойған екен. Айымға барлығы бейтаныс, біраз үйрене алмай отырды. Жазира өзінің құрбысымен таныстырып отыр.
— Мынау менің жан подругам, Айым. Біз Айка дейміз.
— Хас сұлудың өзі екен,- деді Темір.
— Е-ее сен біздің Айканы кто деп тұрсың, бұл біздің аруымыз ғой,-деп жымиды.- Сен сияқты жігіттердің арманы. Қыздан құр қалып кетіп жүрме дегендей Темірге көзін қысып қойды, Жазира. «Олай болса, туған күніме жақсы бір сыйлық десейші, хммм...»
Айым біртоға, тұйық келген ауылдың қызы. Айым үшін қала өмірінің барлығы таңсық тұғын, құрбысы Жазираның арқасында бірте-бірте қала өміріне еніп барады. Екеуі бір жатақханада тұрады. Жазираның өмірден біраз көрген түйгені бар Айымға қарағанда. Екі жас үлкендігі де бар, сампылдап сөйлеп қалған пысық қыз. Оның түсінігінше өмірдің барлық қызығы күліп-ойнауда. Тұрмысқа шыққанша жүріп қалу керек деген түсінігі бар. Жігіттермен тез-ақ әңгімесі жарасып кетеді, қашан көрсең әр жігіттің қасында майысып тұрғанын байқайсың. 
— Айым сен неге сөйлемей отырсың, ауырып отқан жоқсың ба?- Темір Айымның бетіне сұраулы жүзбен қарады.
— Менде бәрі жақсы,-Айым жымиды.
— Қане онда жақсы көңіл-күйіңнің құрметіне мына «зәм-зәм» суынан алып қояйық.
— Негізі ішпейтін едім.
— Ішпейтін қыз болушы ма еді, ішкізе алмайтын мына біз ғой, — Темір қарқылдап күліп алды, — Қане енді тартып қой, өзіңді жақсы сезінесің. Айым сәл тартынып стаканды имене қолына алды. – Айка давай-давай зонтик болсын, түбіне дейін,- Жазира жағаласып қалды. Айым алдындағыны қысыла алып қойды. – Міне жарайсың,-деп Темір қолпаштап қойды да, жаймен қыздың жанына жайғасып отырып алды.
Бұл уақытта көңілді отырыс жалғасын тауып жатты. Жазираның да жағдайы біразға келіп қалған-тын. Жігіттермен қалыспай-ақ, бір кісідей тартып отыр. Жігіті Кәрібектің құшағына «жайғасып» алған. Айым үшін де отырыс көңілді өтіп жатты. Жылы жүзді Темірді ішінен ұнатып отыр. Темір қыздың жанына ығысып, бауырына тарта түскісі келеді. Айымның да құлай кеткісі келіп отыр. Содан не керек туған күн кеші таң атқанша жалғасты. Бойында қызуы бар Айым үшін өмірдің бар қызығы, Жазира айтпақшы, осылар болып көрініп тұрды. Өзін өте жеңіл сезініп, рахат күй кешті…
… Таңертеңгісін мең-зеңі шығып, бүкіл денесі ауырсынып, көзін әрең тырнап ашып жан-жағына қараса… жанында Темір жатыр. Орнынан ұшып тұрғанымен, бәрі де кеш екенін түсініп, отыра қалып үнсіз егіле берді, егіле берді. Өзін-өзі тоқтата алмады. Бұрын соңды өзін бұлайша жек көрмеген екен. Темір де мұны жұбатып әлек болуда, «өзің ыңғай білдіргенге қайдан білейін» деп ақталған сыңай танытты. Темір өзін Айымға үйленетінін айтып, уәде беріп, қыздың өксігін әрең басты.
Осылай жүріп арада біраз уақыт өтті. Айымның өмірі күрт өзгерген. Бұрынғыдай емес. Томаға тұйық, өзімен өзі. Ешкімге ашылып сыр айтпайды. Жан құрбысы деген Жазираға өкпесі қара қазандай. Ал, Темір ертеңіне-ақ қарасын батырған болатын. Кімді кінәларын білмей дал болды. Өзіне-өзі лағнет айтты. «Өмірдің қызықтары осылар болса, түкірдім қызықтарына». Елге қарауға беті жоқ, іші де білініп келеді, күн өткен сайын. Айым мүлде тұйықталып кетті. Бұлай жүре бергенше тып-тыныш өле салғысы келді. Қанша рет өзіне қол жұмсауға оқталды да. Бірақ, жеме-жемге келгенде тосылып қалып жүрді.
Бір күні іші пысып бөлмесінде жатқан болатын. Қарап жатқанша уақыт өлтіру үшін сөредегі кітаптарды аударыстап жатқан еді. Қызықты кітаптар оқып көңілі серпіліп қалды, кітаптың қызығына беріліп кетіп, бір-екі кітапты аяқтап та тастады. Оны бітіргесін, тағы да жаңасын алып оқып көрді. Онысының іші тек дін жайлы екен. Қызығушылығы оянып оны да бастап кетті. Арасынан«...өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» («Ниса» сүресі, 29, 30-аяттар). "Өзіне өзі қол жұмсау өте ауыр күнә. Кім өз жанын қандай затпен қиса, тозақта сол затпен азапталады" деген Құран сүресі мен хадис жолдарын байқап қалды. Бойын бірден қорқыныш билеп кетті. Өзін жайсыз сезініп, денесі қалтырап кеткендей болды. Ертең ол күннің анық келетініне сенгендей болды. Өзіне өзі қол жұмсамағанына қуанды, білместіктің соңы неге апара жаздағанын түсінді. Сол күннен бастап Айым Ислам дініне қызығушылық білдіре бастады. Өзіне керекті барлық деректі сұрақты Ислам дінінен тапты, жанын жегідей жеген сұрақтарға жауаптар алдынан шықты. Көп ойланбастан намазға жығылды. Өмірдің қу қызығына алданып келгенін түсінді, өмірдің нағыз бақытын енді тапқандай сеззінді өзін. Көрген күніне шүкір айтуды үйренді. Сабырдың не екенін түсінді, Жаратушысын таныды. Тәубе деді. Ештен кеш жақсы. Ислам діні кез-келген уақытта құшағын кең жайып тұр барлық адамға. Сен күнәһар екенсің деп оны өзектен теппейді. Мейірімділіктің қайнар бұлағы Ислам дінінде жатқанын кеш те болса Айым түсінді. Қазір Айымнан бақытты жан жоқ…

Постскриптум: Әңгіме ойдан шығарылды