Астана аудандарын абаттандыру қаншаға соқпақ?

Астана аудандарын абаттандыру қаншаға соқпақ?
жеке
блог

Биыл бүкіләлемдік пандемияға қарамастан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің аулаларды абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық орындарды қайта жаңарту бойынша жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңестің 2021 жылғы 20 тамыздағы онлайн отырысы аясында елорда бюджетін арттыру мәселесі көтерілді.  

Мұхтар Еркетаевтың төрағалығымен өткен отырыста Кеңес мүшелері Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №553/77-VI «Қаланың бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселені талқылады».

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бұл шешіміне сәйкес 2021 жылға арналған астанадағы 4 ауданның бюджеттік бағдарламасында «Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру» бағытына бөлінген қаражат көлемі төмендегідей еді:

Алматы ауданы – 3 057 443 теңге;

Байқоңыр ауданы – 2 360 793 теңге;

Есіл ауданы – 3 698 090 теңге;

Сарыарқа ауданы – 2 487 296 теңге                           

Алайда Нұр-Сұлтан қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қайсар Манқараев:

«Меншікті кірістердің нақты жиналуын талдай келе, 2021 жылға арналған қала бюджетінің жоспарын 45,7 млрд теңгеге арттыруды ұсынып, 434 млрд теңгені игеру мәселесі қарастырылды. Бюджетке қосымша құйылған бұл қаражаттың 40 млрд теңгесі салықтық түсімдер болса, 3,11 млрд теңгесі – салықтық емес түсімдер, ал негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша – 2,6 млрд теңгені құрайды», – деп, бюджеттің тағы да артатына туралы мәлімдеме жасады. Сондай-ақ алдағы уақытта астанадағы әлеуметтік саланы қаржыландыру көлемін 14,4 млрд теңгеге арттыру ұсынылды, ал жалпы елорданың әлеуметтік саласына жұмсалатын шығын сомасы 207,5 млрд теңгені құрайтынын атап өтті.

Иә, бұл цифрлар бір қарағанда астананың барлық аудандарының дамуына, біркелкі абаттандырылуына жұмсалатын сияқты. Дегенмен мәселе де осы тұста пайда болады. Себебі бұл қаражат кездесу барысында бағдарлама әкімшілері арасында басқаша бөлінген.

Мысалы, жоспардың 1-бабы «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бойынша Есіл ауданына 1 млрд 800 млн теңге, Алматы ауданына 351 миллион сомасында қосымша қаражат бөлінді. Ал қалған Сарыарқа және Байқоңыр аудандарына қосымша ақша қарастырылмаған.

Екінші бап – «Елді мекендерді санитарлық тазалықпен қамтамасыз ету». Бұл бағыт бойынша:

Есіл ауданына – 700 млн;

Алматы ауданына – 550 млн;

Байқоңыр ауданына – 410 млн;

Сарыарқа ауданына 550 млн теңге бөлінген.

Осы ретте Есіл ауданына екі бағдарлама бойынша бөлінетін қаражаттың 2,5 миллиард теңгені құрайтынын аңғаруға болады. Ал бұл қалған үш ауданға ортақ түрде 1 миллиард 860 миллион теңге көлемінде ғана қаражат бөлінеді деген сөз. Иә, сол жағалау елорданың беделді, бетке ұстар аймағы екені анық. Бірақ тек сол жағалаудағы адамдар ғана емес, қаланың әрбір тұрғыны таза және жайлы ауданда өмір сүруге лайықты екенін естен шығармағанымыз абзал.