Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ағымдардың бастапқы көрінісі

Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ағымдардың бастапқы көрінісі
жеке
блог

  Еліміздің тарихында бұрын-соңды ешқашан дінге негізделген қақтығыстар болмаған. Еліміздің аумағында ертеден әр түрлі діндер таралып, олар ынтымақтастықта өмір сүрген. КСРО-ның басты дүниетанымы атеизм болғаны белгілі. Сол себептен КСРО құлағаннан кейін нәтижесінде халықтың көп бөлігінің діни сауаты төмен болатын. Тоқсаныншы жылдары атеизмнің шырмауынан шыққан адамдар «дін», «діндарлық», «рухани өмір» дегеннің мағынасын дұрыс қабылдай алмады. Ресейлік зерттеуші Константин Иванович Поляков «Орталық Азиядағы исламдық экстремизм» кітабында Қазақстандағы радикалды исламның пайда болуы мен дамуының үш кезеңін көрсетеді. Олар: 1991-1998, 1999-2010 және 2011 жылдан қазірге уақытқа дейінгі аралық. Автор бірінші кезеңде ҚР радикалды исламның таралуының себептерін көрсетеді. Олар:

1. Әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелер. 1991  жылы экономикалық және идеологиялық дағдарыс жағдайында елде кедейшілік, жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, білім беру мен медицинаның қолжетімсіздігі адамдардың өмірде өз орнын таппауына, бөлектік сезіміне және әлеуметтік тығырыққа әкеп соқты. Осындай адамдар шетелдік миссионерлердің бақытты іздеу және барлық рухани мәселерді шешу туралы ұсынысының басты олжасы болды.

2. Исламдық экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттау мен таратушы ұйымдардың қызметін қадағалайтын нормативті-құқықтық реттеудің болмауы. Дін саласындағы заңнама 1999 жылға дейін тек ҚР «Діни сенім бостандығы және діни ұйымдар туралы» заңымен ғана шектелді. Заңнама діни экстремизмді насихаттауды тыйым салғанымен, алайда экстремисттік сипаттағы қызмет еткен ұйымдар мен адамдарға қарсы ешқандай санкция ескерілмеді. Көп уақыт діни экстремизм мен терроризм жазасыз қалып жатты. Практика көрсеткендей, мұндай жағдай ислам ұйымдарының радикалды бағыттарының өсуінің нәтижесі болды.

3. Алғашқы білімнің төмен деңгейі мен жоғары білімнің қолжетімсіздігі. Әсіресе бұл көрініс ауылдарда белең алған еді. Кеңес үкіметі құлаған сәтте елдің экономикасы төмен жағдайда болатын, сондықтан жергілікті билік білім беру жүйесімен қатар, көптеген әлеуметтік шығындарды қысқарту үшін қатал шараларды қабылдауға мәжбүр болды. Сол себепті білім беру сапасы құлдырады. Көптеген жастар сол уақытта Сауд Арабиясы, Түркия, Иран, Мысыр елдерінде білім алуға кеткен болатын.

4. Парсы бұғазы мұсылман елдерінің қолдауы мен қаржыландыруының есебінен шетелдік ислам ұстаздардың миссионерлік және насихаттау қызметінің ішкі әсері. Көптеген діни ұйымдардың қызметі шет елдер есебінен қаржыландырып отырылды. Жас қазақстандықтар «дәстүрлі шығыс» исламға табиғи қызығушылық білдірді. Олар дінге әлдебір бірбеткейлікпен қарап, барлық жораларды қатаң түрде сақтады. Кейбір жастар Таяу және Орта Шығыстың оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алды. Бірнеше жылдар бойы Қазақстан территориясына діни әдебиеттерді әкеліп, халық арасына белсенді тарату жағдайы қадағаланбаған болатын. Жалпы алғанда, 1990 жылдың басы шетелдік исламдық миссионерлерінің таралуына қолайлы орта болды. Бұған бірнеше фактор әсер етті:

- Үгіттеушілердің қызметіне қарсы мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір бақылаудың болмауы;

- Дінге деген қызығушылықтың өсуі;

- Халықтың діни сауатының төмен деңейде болуы;

Осының бәрі соңында халықтың, соның ішінде көбінесе жастардың радикалды исламның идеясының ықпалында болуға әсер етті [27, 21].

  Екінші кезеңде, яғни 1999-2010 жылдар аралығында республика басқаруымен деструктивті идеологияға қарсы және оның алдын алу шаралары қолға алына бастады. Діни білім мекемелері және бірлестіктерін бақылау күшейтілді. Атап айтқанда 1999 жылдың 13 шілдесінде «Терроризммен күрес туралы» және 2005 жылы 18 ақпанда республика аумағында лаңкестік ұйымдардың тізімі жинақталған «Экстремизмнің алдын алу туралы» заңдар қабылданды.

  Үшінші кезеңде, елде бірқатар теракттер топтамасы орын алды. Олардың ең үлкені Ақтөбе, Атырау, Тараз және Алматы облыстарында орын алды. Осы уақыт аралығында Қазақстанда жалпы саны 14 теракт ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде 70 адам қаза тапты. Оның 51-і террористтер,  13-і қарулы күштер өкілдері және 6 әскери емес адамдар еді. 17 адамның өмірін алған шабуылдар 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбе және 18 шілдеде Алматы қалаларында орын алды. Бұл егемен Қазақстан тарихындағы ең ірі көлемді террорлық әрекет болды. 2011 жылдағы террорлық әрекеттердің нәтижесінде құқық қорғау органдарының дайындықсыз және әрекеттерінің келісімделмегендігі, лаңкестерге тиімді қарсы тұру механизмнің жоқтығы мемлекеттің жаңа қауіп-қатердің алдында дәрменсіздігін көрсетті.  

  Қазақстан териториясында радикалды исламның таралуы елімізге араб қорларының белсенді түрде мешіттер тұрғызуымен келді. Қорытындысында көптеген ислам мекемелері – мешіт, медресе, мәдени және білім беру орталықтарын ашты. Алғашқы кезде олар дербес мәртебеге ие болды және ҚМДБ бақылауына көнбеді. Алғаш рет ҚМДБ 1990 жылы құрылды. Бұдан басқа, жоғарыда аталған қорлардың демеушілігімен еліміздің оңтүстігінде дербес діни мекемелер тізбегі пайда болды. «Мысалы, 1992 жылы Шымкентте Қазақстан-Кувейт университеті ашылды. Кейіннен ол Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық академиясы болып өзгертілді. Алматыда Қазақстан-Араб университеті ашылды. Бұл діни мекемелер 1990 жылдың соңына дейін жұмыс атқарып, оларды ұлттық қауіпсіздікке қатер тудырады деген айыппен қаржыландырған қормен бірге жабылды. Сол уақытқа дейін діни мекемелер белсенді жұмыс атқарып келді. Саясаткер Григорий Лукьянов атап өткендей, барлық зайырлы пәндерді жергілікті педагог мамандар жүргізсе, дін және тарих пәндерінен Сирия, Йемен, Сауд Арабия және Мысырдан келген арабтар сабақ берген. Оқу ісінде ешқандай лицензиядан және діни сараптамадан өтпеген материалдар қолданылған» [29]. Жұмыс істеп тұрған 2550 мешіт «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық діни бірлестігінің (бұдан әрі-ҚМДБ) меншігіне кіреді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Ғылыми жетекші: филос.ғ.д., профессор Байтенова Нагима Жаулыбайкызы

Философия және саясаттану факультеті,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы,

«Конфликтологиядағы діни бірегейлік» мамандығының  1-курс магистранты

Қақан Жансая Сәуірбайқызы;

https://www.kaznu.kz/ru