Желтоқсан батырлары жас буынға батасын берді
блог
Қазақстанға елім, жерім деп келіп, шығыс жекпе-жегі таеквондо спортының негізін қалаған ардақты тұлға, асыл азамат Мұстафа Өзтүріктің атында көптеген жарыстар өтіп тұрады. Ұлтжанды бауырымыздың дүниеден озғанына да көптеген жылдың жүзі болғаны белгілі.
Бүгінде Мұстафа Өзтүріктің атында жарыстар жас буын арасында жиі өтеді. Ал, сол жарыстарды ұйымдастырушылардың көпшілгі Мұстафа марқұмның төл шәкірттері. Ұстаздарын жоғары құрметтейтін шәкірттерінің ішінде Байділдә қажы Жұмабектің орны ерек. Ұстазын ешқашан ұмытпай игілікті шараларға ұйытқы болған Бәйділдә қажы жасөспірімдер арасында таеквондодан егемендігіміздің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арнап тағы бір жарысқа мұрындық болған екен.
Жарыстың ашылу салтанаты алдында сол бір аязы бет қарыған алапат түнде егемен еліміздің ертеңі үшін шейіт болған батырларға құран оқылып, дұға бағышталды. Бұл да бір өскелең ұрпаққа ғибадат болар сәттің бірі болғаны анық. Сайысқа келген қонақтар мен ата-аналар мұндай имандылыққа бағыт берген игі істі үлкен ризашылықпен қабылдап, әумин десіп жатты. Сосын еліміздің әнұраны орындалып, татамиде жас шеберлердің жекпе-жектері басталып кетті.
Бұл жарысқа қаладағы барлық спорт мектептерінің жеткіншектері келіп, жеңіс үшін тартысты жекпе-жектер өткізді. Жас буын біздің болашағымыз. Сондықтан да жас таеквондошыларға спорт арқылы дұрыс бағыт бағдар берсек қана қазақ елінің шымыр да шыныққан жастары өсіп шығады. Баланы ұяда бауласа ғана қанаты қатайып, биікке самғары сөзсіз. Осы бағытта ұйымдастырылған дүбірлі жарысқа қолдау көрсеткен ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев, Нұрдәулет Жайнақов пен Бақытбек Кәрбозов секілді Желтоқсанның батыр ардагерлері жарыстың жоғары деңгейде өтуіне айырықша үлес қосқанын баса айтқан орынды. Сонымен қатар, Желтоқсанның батырлары спорт секторы Ермек Айтуаров, «Желтоқсан ақиқаты» Әуезов ауданының төрайымы Алмагүл Мұқаманова және Батыр, Ертай, Халел сынды Желтоқсанның батыр қаhармандары атсалысқан бұл турнир жоғары деңгейде болып өтті.
СТВ телеарнасы әр кезде Желтоқсан батырларына ерекше ілтипапен қарап, өз тараптарынан ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Жексенбі демалыс күні болса да бар шаруаларын ысырып тастап, шапқылап жетіп, репортаждарын түсірген айтулы телеарна ұжымының журналист, операторларына жарыс соңында, ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан Болат Құрымбаев мырза зор алғысын жеткізді. Жас таеквондошылардың өнерін тамашалуға келген құрметті қонақ, кезінде таеквондо спортынан ұлттық құраманың тізгінін ұстаған ардагер спортшы, ҚР еңбегі сіңген спорт қайраткері, М.Өзтүріктің бел шәкірттерінің бірі Қайрат Қырғызбаев тартысты өткен кездесулерді тамашалап, жоғары бағасын беріп кетті. Шығыс жекпе-жегінің майталмандары көз алмай қарап тұрғанда, жасөпірімдер қолдан келгенше бар өнерлерін ортаға салуға тырысты. Жарыс аяқталғаннан соң дүбірлі аламан жекпе-жекте жеңіске жеткен жеңімпаздар мен жүлдгерлерді жарыс ұйымдастырушылары мен Желтоқсан ардагерлері өз қолдарымен құттықтап, ақ баталарын берді. Жеңіске жеткен жас ұландардың жүзінде нұр ойнап, көңілді күймен тарқасты.
Иә, балалар қолдарына тиген жеңіс медальдары мен мақтау қағаздарына дән разы. Жарыстың мән-мағынасын түсінбегенде шығар. Бірақ олардың ойында Желтоқсан туралы ойып тұрып айтылған сөздер мен «Желтоқсан» деген сөз тіркесі естерінде мәңгі қалары сөзсіз деп ойлаймын.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ